Облыс орталығы Көкшетау қаласында «Халық заңгері» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, іс-шара облыстың барлық аудандарында бірдей өтті. Тұрғындар көп шоғырланатын орындарда мемлекеттік органдар халықты қабылдап, оларға кәсіби мамандар тарапынан тегін құқықтық кеңес берілді.
Олардың қатарында прокурорлар, адвокаттар, нотариустар мен мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Тұрғындар еңбек, жер, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелер бойынша жүгінді.
– Бұл акцияның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және өзекті, проблемалық мәселелер бойынша құқықтық кеңес пен көмек көрсету. Біз мұнда құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін, адвокаттар мен нотариустарды да жинадық. Азаматтар кез келген сұрақтарын қоя алады, – деп атап өтті Ақмола облысының прокуроры Руфат Куттуков.
Әріптестеріміз іс-шараның мақсаты туралы сұрап, сұхбаттасып жатқанда, біз тек журналист ретінде емес, әрі қарапайым халық өкілі ретінде мемлекеттік орган өкілдеріне бірер сауалдарымызды жолдап, тұшымды жауап ала алдық. Мәселен, салық жүйесінде қандай өзгерістер бар екенін Айнұр есімді Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы түсіндіріп берді.
– Салық бойынша өзгерістер көп. Соның ішінде ең негізгілері ол қосылған құн салығының өсуі биыл 12 пайыз болса, келер жылы 16 пайыз болады. Жеке тұлғаларға келер болсақ, көлік салығы мен табыс салығы бойынша өзгерістер. Мәселен, көлік салығы қазіргі кезде көліктің аумағына қарай салынса, келесі жылы оның жылына байланысты болады. егер көлік он жылдан астам жұмыс жасаса, онда 30 пайызға салық кемиді, егер оның эксплуатациясы 10-20 жыл аралығында болса, онда 70 пайызға кемітіледі. Яғни, неғұрлым көлік ескі болса, соғұрлым салықты аз төлейді, – дейді Айнұр Елікбаева. – Бізден кеңес алу үшін 1414 жедел нөміріне тұрғылықты жеріне қарамастан хабарласу арқылы кез келген сұрақтарына жауап алуға болады.
Бұдан бөлек, тұрғындармен кездесу болған соң, сұрақтарына тұшымды жауап ала алған қарапайым халықтың да пікірін біліп қайттық.
– Мені қазір облыс прокуроры қабылдады. Әрине, оған көп рахмет. Мен 11 жыл бойы шешілмей келе жатқан мәселем, міне, мүмкін, енді шешілер деп үміттенемін. Ал, басқа өзге де директорлардың, әкімдердің, басшылардың барлығына қарапайым болыңыздар, халықпен жиі кездесіңіздер, осындай дөңгелек үстелдер ұйымдастырыңыздар дегім келеді, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Марал Каркенова.
– Адамдар көбінесе білместіктен мұраны қабылдау үшін берілген алты айлық мерзімді өткізіп алады. Яғни, заң бойынша мұрагерлік істі ашу үшін нотариусқа жүгінуге дәл алты ай беріледі. Көптеген адамдар осы алты айлық мерзімді өткізіп алып, кейін жүгінетіндіктен, оларда қиындық туындайды. Олар мұраны іс жүзінде қабылдағанын растау үшін қосымша анықтамалар жинай бастайды. Егер олар мұндай құжаттармен, анықтамалармен іс жүзінде қабылдағанын растай алмаса, нотариустан мерзімді өткізіп алуына байланысты нотариалдық әрекет жасаудан бас тарту туралы қаулы алады. Содан кейін сот тәртібімен мерзімді қалпына келтіру үшін сотқа жүгінеді. Қарапайым азаматтар не білуі керек ? Егер сіздің отбасыңызда адам немесе туысыңыз қайтыс болса, алты ай күтудің қажеті жоқ. Жақын арада бірден консультация алу үшін нотариусқа барып, жүгіну керек. Нотариус бәрін түсіндіріп, осы мерзімді өткізіп алмау үшін жинау керек құжаттар тізімін айтады. Дәл осы мерзім маңызды, – дейді нотариус қызметкері.
Мұндай форматтағы пайдалы іс-шаралар науқанын санын жылына бір рет қана емес бұдан да жиілету жоспарда бар, – дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова. Оның сөзінше, заңгерлердің, басқармалардың көмегіне жүгінушілердің барлығы дерлік тиісті мамандардан кәсіби кеңес алды.
Айта кетейік, биыл бұл акцияның негізгі үйлестірушісі ретінде алғаш рет облыс прокуратурасы танылды. Іс-шара адвокатура, нотариат палатасы және атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен өтті. Сондай-ақ, еріктілер қауымы ретінде заңгер мамандығында оқитын университет студенттері де белсенділік танытты. Олар заңгерлердің күнделікті өмірдегі тыныс-тіршілігін өз көздерімен көріп, алдағы жұмыстарымен алдын ала таныса бастайды.
– Волонтер болу арқылы осы саланы тереңірек білсін, көрсін, үйренсін деген мақсатта бізді осында шақырып отыр. Адамдардың заңгерлеге деген қаншалықты сұрақтары көп екенін білдік. Бұл бізге үлкен тәжірибе болды, – дейді Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің 3-курс студенті Нұрай Ризабек.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деген Бауыржан Момышұлы атамыздың қанатты сөзінің осы жерде қолданылуы орынды. Себебі, Заң тәртіп болған жерде тәртіп те орнайды, халықтың құқықтық сауаты да артуы тиіс. Ал, ол үшін мемлекеттік органдардың қарашаның алдына өздері келіп, сұрақтарына мардымды жауап беріп, құқықтық сауаттылықтарын арттыруы маңызды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген: Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

