Кәсіптік білім
Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің кәсіби бағдарлау үйірмесінің жетекшісі, педагогика магистрі Гүлжан Нұрғасымова «Оқушыларға кәсіби бағдар беру: тиімді жоспарлау және кешенді көзқарас» атты әдістемелік құралға авторлық құқыққа ие болды. Бұл кітап мектеп оқушыларына кәсіби таңдау жасауда саналы шешім қабылдауға көмектесетін құнды еңбек болып табылады.
NIS жүйесінде 15 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан Гүлжан кәсіби бағдарлауды білім саласындағы маңызды бағыт ретінде дамытуға ынталы болып келеді. Оның айтуынша, бұл жолы педагогтар үшін профильдік материалдардың аздығын және қажеттілігін түсінуден басталған. Бұл ретте:
– Кәсіби бағдарлау – жай жұмыс бағыты ғана емес. Бұл менің өмірлік ісім, – дейді ол.
АҚШ пен Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өтуі, республикалық және халықаралық конференцияларға жүйелі қатысуы арқылы ұстаз әлемдік үздік тәжірибелерді Қазақстан мектептеріне бейімдеуге мүмкіндік алды.
Жаңа әдістемелік құрал – уақытпен тексерілген заманауи құрал. Онда практикалық әдістер, ойын технологиялары және диагностикалық құралдар жинақталған, бұл мұғалімдерге оқушылармен тиімді жұмыс істеуге көмектеседі. Негізгі мақсат – оқушылардың бойында кәсіби таңдауға саналы әрі ынталы көзқарас қалыптастыру. Бұл, әсіресе, еңбек нарығының үнемі өзгеріп отыратын жағдайында өте маңызды.
Сараптамалық қауымдастық жаңа басылымды жоғары бағалады. Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарынан педагогика ғылымдарының докторлары мен магистрлері әдістемелік құралдың ғылыми негізділігі мен тәжірибелік маңыздылығын растады. Олардың пікірінше, құрал кәсіби бағдарлау саласында жаңадан келген мұғалімдерге де, тәжірибелі мамандарға да сенімді қолдау бола алады.
– Қазақстанда жүйелі кәсіби бағдарлау жұмыстары тек екі жыл бұрын қарқынды дами бастады. Біз мұғалімдер арасында сауалнама жүргіздік, сол арқылы әдістемелік материалдар мен қолдаудың жетіспейтінін анықтадық. Бұл әдістемелік құрал кәсіби бағдарлауда нақты қажеттіліктерді қанағаттандыруға және практикалық мәселелерді шешуге бағытталған еңбектің нәтижесі, – дейді әдістемелік құрал авторы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

