ƏКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ!
Кеше Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығы Көкшетау қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, аймақтың экономикалық-әлеуметтік даму қорытындыларын баяндап, осы тұрғыда атқарылған жұмыстардан халыққа есеп берді. Кездесу көпбалалы аналарға «Күміс алқа» алқасын және тұрғын үйге мұқтаж жандарға пәтер кілттерін табыс етумен жалғасып, облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін бірқатар көкшетаулықтар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында әрбір облыстың экономикалық дербестігін арттыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және адам капиталына басымдық беру – ел дамуының негізгі бағыттары ретінде айқындалған. Осы стратегиялық міндеттердің нақты орындалуы Ақмола облысы мен оның орталығы Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен айқын көрініс табуда. Оны біз осы жиында облыс әкімінің көпшілік алдында сөйлеген сөзінен де байқадық.
Аймақ басшысы өтіп бара жатқан жылдың қорытындысы көрсеткеніндей, облыстың субвенциялық өңір екеніне қарамастан, жүйелі жұмыс пен Мемлекет басшысының қолдауының арқасында бірқатар негізгі салаларда ауқымды жетістіктерге қол жеткізілгендігін атап өтті. Субвенциялық өңір дегеніміз – өз кірістері барлық шығындарды толық жаба алмайтын, сондықтан, жоғары тұрған бюджеттен субвенциялар мен мақсатты трансферттер алатын аймақ. Соған қарамастан, облыстың 2025 жылы мемлекеттік бюджетке түсетін салықтық түсімдер көлемі 660 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 160 миллиард теңгеге артық. Атап айтқанда, 2024 жылы 500 миллиард теңге болса, 2023 жылы 446 миллиард теңге, ал, 2022 жылы 329 миллиард теңге болған. Мұндай өсім өңір экономикасының, әсіресе, агроөнеркәсіп кешенінің қарқынды дамуының, инвестиция тартудың және жергілікті мердігерлер үлесінің артуының нәтижесі. Егер 2022 жылы жергілікті мердігерлермен жасалған келісім-шарттардың үлесі 18,5 пайызды ғана құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 87 пайызға жетті.
Кездесу барысында облыс әкімі Көкшетау қаласын облыстың қаржылық доноры деп атады. Ағымдағы жылы облыс орталығының меншікті кірістері 72 миллиард теңгені құрады. Оның 32 миллиард теңгесі облыстық бюджетке бағытталған, соның ішінде 86,5 пайызы Көкшетау қаласының үлесіне тиесілі. Қаланың кірістері жыл сайын тұрақты өсіп келе жатқанын да аңғару қиын емес. Мәселен, 2022 жылы 42 миллиард теңге, 2023 жылы 47 миллиард теңге, 2024 жылы 58,5 миллиард теңге болса, 2025 жылы 72 миллиард теңге болып отыр. Бұл көрсеткіштер облыс әкімінің өзі атап өткеніндей, Көкшетаудың облыс бюджетінің доноры екенін айқын дәлелдейді.
Сонымен қатар, жиында аймақ басшысы Көкшетау қаласының кірістері есебінен табысы төмен аудандардың базалық қажеттіліктері қамтамасыз етілетінін жеткізді. 2026 жылы корпоративтік табыс салығының берілуін ескере отырып қарастырғанда, қала кірістері 80,5 миллиард теңге деңгейінде болжанып отыр, ал, облыстық бюджетке бұл қаражаттан 55,5 миллиард теңге бағытталмақшы.
Агроөнеркәсіп облыс экономикасының негізгі тірегі екендігі даусыз. Президент Жолдауында аграрлық секторды жаңғырту мен өңдеуді дамытуға ерекше назар аударылған. Бұл ретте, Ақмола облысы тағы да өзінің елдегі басты астықты өңір екенін дәлелдеді. Биыл аграршылар 7,6 миллион тоннадан астам астық жинап, рекордтық нәтижеге қол жеткізгені белгілі. Орташа өнімділіктен жоғары көрсеткішке жеткен аудандар қатарында Бұланды ауданы гектарына 25 центнер, Бурабай ауданы гектарына 24 центнер, Зеренді ауданы гектарына 23 центнер және Сандықтау ауданы гектарына 22,4 центнер астық алды. Жиналған астықтың 75 пайыздан астамы 3-сыныпқа жатады, бұл дегеніміз астықтың ең жоғары сапасы деген сөз. Бұл жетістік Мемлекет басшысы тарапынан да жоғары бағаланып, Президент екінші Ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумында Ақмола өңірінің нәтижесін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, жиында облыс әкімі аймақта қайта өңдеуге басымдық беріліп жатқанын айтып өтті. Майлы дақылдар егістігі 2,5 есеге ұлғайып, 600 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,3 триллион теңгеге жетеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік қолдау көлемі де айтарлықтай артып, 2025 жылы агроөнеркәсіп кешеніне 253 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 928 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі 118,7 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Облыс республикамыздың құс еті өндірісі бойынша 30 пайызын, жұмыртқаның 15 пайызын қамтамасыз ететін жетекші аймақтардың бірі. Бұл бағытқа «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 235 микрокредит беріліп, 2,3 миллиард теңге игерілді, 280-нен астам жұмыс орны құрылды. Қаражаттың жартысынан көбі мал шаруашылығын дамытуға бағытталды.
Президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес, өңірде шетелдік инвестицияларды тарту белсенді жүргізілуде. Далян компаниясының терең өңдеу зауыты, «HopFull Grain», «Zijin Mining» компаниясының Райгородок кен орнын игеру жобасы, сондай-ақ, индустриялық аймақтардағы ондаған жаңа өндірістер аймаққа ауқымды инвестиция тарту жұмыстарының айқын дәлеліне айналып отыр. Мәселен, атап өтер болсақ, тек «Көкше Индастри» индустриялық аймағында жалпы құны 750 миллиард теңгені құрайтын 55 жоба іске асырылмақ. Бұл 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Соңғы бес жылда облыстың өнеркәсіп өндірісі 2 еседен астам өсіп, 2,2 триллион теңгеге жетті. Мұнда Көкшетау қаласының үлесі – 16 пайызды құрайды. Аймақта машина жасау, құрылыс материалдары, азық-түлік өндірісі қарқынды дамуда.
Сонымен қатар, облыс әкімдігінің алдында тұрған ауқымды міндеттердің бірі әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартып, адам капиталына ерекше мән беру екені сөзсіз. Президент Жолдауында айтылғанындай, адам капиталы – ел дамуының басты факторы. Бұл ретте, ағымдағы жылы облыс көлемінде ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Мәселен, облыс орталығы Көкшетауда 630 орындық көпсалалы өңіраралық аурухананың және Қосшы қаласында жаңа аурухананың құрылысы басталып, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 9 мектеп, «Білім-Инновация» лицей-интернаты, аутизмі бар балаларға арналған орталық ашылды. Көкшетауда су тазарту кешені іске қосылып, Қопа көлінің маңында 6,3 шақырым Жаңа жағалау пайда болды. Сондай-ақ, қалада «Көкше арена» спорт кешені мен «Көкше мол» ойын-сауық орталығы бой көтеріп, Көкшетау вокзалы жаңғыртылып, 7,5 гектар аумақты қамтитын «Көк шалғын» жобасы іске асырылды. Бүгінде облыста реновация бағдарламасы аясында 149 тозығы жеткен үй жаңартылуда. Осылайша, облыс бойынша іске асырылып жатқан тұрғын үй реновациясы, жол инфрақұрылымын жаңарту, жылу және электр энергиясы тапшылығын шешуге бағытталған жылу электр орталығы құрылыстарының барлығы да Президент Жолдауындағы тапсырмалардың жүйелі түрде орындалып жатқанын көрсетеді.
Кездесу барысында облыс әкімі Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 11 қарашадағы Жарлығына сәйкес бес бірдей көп балалы анаға «Күміс алқа» алқасын табыс етті. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Көкшетау қаласының мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж 13 көкшетаулық тұрғынға жаңа пәтер кілттерін берді. Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі, адал еңбегі және облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін 7 қала тұрғынын Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Ақмола облысы мен Көкшетау қаласының бүгінгі даму қарқыны Мемлекет басшысының стратегиялық саясатының нақты нәтижесі десек артық айтқанымыз емес. Экономиканың өсуі, инвестицияның артуы, әлеуметтік саланың жаңғыруы, мұның бәрі де аймақ болашағының жарқын екенін айғақтай түсетіндей. Енді алда тұрған міндеттердің бірі осы қарқынды сақтап, өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыру, халықтың өмір сапасын одан әрі жақсарту облыс әкімінің өзіне жүктеп отырған міндеттерінің бірі екендігі осы кездесуден де жақсы байқалды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

