Энергетика саласының үздіктері марапатталды

ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған биылғы Жолдауында да энергетика және шаруашылық саласындағы инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді айналып өткен жоқ. Оларды нақты атай келе, Үкіметке тиісінше шешуді тапсырды. Жалпы, қай өңірде болсын, өнеркәсіп орындарының, мемлекеттік мекемелердің, мектептер мен ауруханалардың үздіксіз жұмысы, әрбір шаңырақтың жылуы мен жайлылығы, сайып келгенде, қоғамның тіршілік тынысы мен өркендеуі тікелей энергетика саласы қызметкерлерінің еңбегімен байланысты. Ал, бұл еңбекті әсте де жеңіл деп айтуға болмайды. Осыған орай, 23 желтоқсан – Энергетик күні құрметіне  «Достар» мәдениет үйінде айтулы сала қызметкерлері мен ардагерлеріне арналған салтанатты іс-шара өтіп, үздік мамандар марапатталды.

– Бұл мереке өз өмірін елдің энергетикалық кешенін құруға және үздіксіз жұмыс істеуге арнаған адамдарды біріктіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызды бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес» деген болатын. Сонымен қатар, Президент энергетиктердің еңбегі әрбір отбасының, әрбір азаматтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететіні, ал халықты жарық пен жылумен қамтамасыз ету жоғары жауапкершілікті, кәсібилік пен адалдықты талап ететінін ерекше атап өтті. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Мемлекет басшысы еңбек адамдарына ерекше ризашылығын білдіріп, энергетика саласы қызметкерлерінің елдің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.

Сіздердің күнделікті атқарып жатқан қызметтеріңіз – ел мен аймақ экономикасының тұрақты жұмысының, жерлестеріміздің үйлеріндегі жайлылық, жылу мен жарықтың негізі. Сіздерге жоғары кәсіпқойлық, жауапкершілік және аймақтың игілігі жолында көп жылдық адал еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс білдіремін, – деген Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов сала еңбеккерлерін аймақ басшысы Марат Ахметжановтың атынан құттықтады.

Энергетика саласында өздерін осы күрделі, бірақ, өте қажетті әрі жасампаз мамандыққа арнаған мыңдаған мамандық иесі еңбек етеді. Солардың бірі  – «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің Зеренді электр желілері ЖШУ-інің шебері Мұрат Қабиденұлы. 45 жыл бойы энергетика саласының дамуына үлес қосып келетін жоғары марапат иесі жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденімен марапатталды.

– Елбасымыз биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп атағанның арқасында, жыл бойы жұмысшылардың еңбектері еленді. Соның бірі – Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алу мен үшін өте қуанышты, тарихи жағдай болды. Барлық әріптестерімді бүгінгі кәсіби мерекемен құттықтап, еңбектеріне табыс тілеймін,- дейді Мұрат Қабиденұлының өзі.

Салтанатты шарада 17 сала қызметкері Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен, 6 қызметкер «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, сондай-ақ, 11 қызметкер «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісімен және 5 қызметкер «Құрметті энергетик» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар сала өкілдеріне ҚР Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасы тапсырылды.

Айта кету керек, Ақмола облысында Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру шеңберінде энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде өңірде 90 қазандық пен 800 шақырымнан астам жылу желілері жұмыс істеп тұр. Энергиямен жабдықтау қызметтерін 17 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын, сондай-ақ, теңгерімінде 30 мың шақырымнан астам электр желілері мен 5 мыңнан астам трансформаторлық қосалқы станциялар мен жабдықтары бар екі негізгі энергиямен жабдықтаушы – «Көкшетау Энерго» ЖШС және «Ақмола электржелілік үлестіру компаниясы» АҚ ұйымдары көрсетеді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар