Пригородное ауылындағы жаңа емдеу мекемесі

Шортанды ауданының Пригородное ауылында заманауи фельдшерлік-акушерлік пунктінің (ФАП) құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған нысан мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылды. Ғимарат құрылысы сәуір айында басталып, желтоқсан айында пайдалануға берілді.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған нысан мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылды. Елордамыз Астана қаласына ең жақын орналасқан аудандардың бірі Шортандыдағы жаңа медициналық пункт Пригородное ауылындағы 500-ден астам тұрғынға және іргелес ауылдарға қызмет көрсетеді. Нысанның ауданы 361 шаршы метрді құрайды. Қажетті барлық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған.

– Алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы болғандықтан, бұл жерде жалпы фельдшер мен мейірбике бар, акушер, лаборант келіп тұрады.  Халық қуанып жатыр. 1965 жылғы ғимараттан су жаңа ғимаратқа көшіп жатырмыз. Ауыл тұрғындарының саны былтырға қарағанда 52 адамға артты. Сондықтан, бұл фельдшерлік-акушерлік пунктінің ашылғаны үшін облыс, Үкімет тарапына рақметімізді айтамыз. Президент тапсырмасын орындау үшін келер жылы Бектау, Мықтыкөл, Раевка, Новоселовка ауылдарында жаңа нысандар салу жоспарымызда бар. Медициналық құралдармен қамтамасыз етілді. Электрокардиографымыз бар. Оны кез келген жерде қолдануға болады. Бактерицидті шамдар алынды. Келесі жылы осы жерге жаңа көлік алсақ па деп отырмыз. Бұл Пригородное ауылының қасында үлкен Андреевка деген елді мекендегі дәрігерлік амбулаториядан дәрігер осында аптасына екі мәрте келіп, көмек көрсетіп отырады. Бір дәрігер, екі фельдшер, екі мейірбикеміз бар, олардың бәрі өз ісінің мамандары. Аудан бойынша кадр тапшылығы жоқ.  Аудан бойынша биыл бізге 10 маман келді. Жаңадан дерматолог, терапевт, реанимотологтар келді. Оларға үй беру мәселесі шешіліп жатыр, – дейді Шортанды аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Шағыров.

– Нысан Ақмола облысының құрылыс басқармасының тапсырмасы бойынша салынды. Біз аудан тарапынан бұл нысанға инженерлік желілер тарттық. Яғни, электр желілері, канализация, сумен қамтамасыз еттік, – дейді Шортанды ауданының құрылыс бөлімінің басшысы Серікбол Мерейұлы.

Ғимараттың ашылу рәсімінде аудан әкімі Сағындық Шабаров сөз сөйлеп, Пригородное ауылының 86 жастағы тұрғыны Күләш Капезовамен бірге мерекелік лентаны қиды.

– Бұрын бізді  Андреевкаға, Шортандыға  саусақтан қан тапсыру үшін жіберетін. Ал, біз, қартайған адамдар бәріміз жүре бермейміз. Айтады ғой, адам өзіне өзі көмектессе, оған құдай да көмектеседі деп. Физиотерапия, зертхана дейді, соның бәрі бізге керек. Емханамыздың ашылғаны құтты болсын! Ақ жол тілеймін бәріңе! Жақсы күндерің көп болсын, –  деп түйіндеді қазыналы қария өз сөзін.

Айта кетейік, бұл нысан биыл Шортандыда салынған төртінші ғимарат.

Бұдан бөлек, ауданның ғылыми әлеуеті жоғары. Естеріңізге салсақ, жуырда Қазақстан Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында еліміздегі алғашқы агроклиматтық Карбон полигоны да осы Шортанды ауданында А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының базасында  ашылған еді. Орталықта экологиялық тепе-теңдікті ұстап тұруға бағытталған зерттеулер жүргізіледі.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар