Соттарға келіп түскен борышкерлер өтініштері ойландырады

Ақмола облыстық сотында азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заңнаманы қолданудың сот тәжірибесі талқыланды. Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағанындай, талқылауға облыс судьялары, банк құрылымдарының және мемлекеттік кірістер органдарының басшылары қатысты. Облыстық соттың төрағасы Арман Жүкенов «дөңгелек үстелдің» отырысын аша отырып, кездесудің мақсаты заңнаманы қолдану бойынша келісілген ұстанымдар қалыптастыру екенін атап өтті.

– Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы институты 2023 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істеуде. Қаралған істерді талдау төлем қабілетсіздігінің өскенін көрсетеді. 2025 жылы соттарға келіп түскен борышкерлердің өтініштерінің саны (279) алдыңғы бір жарым жылдағы көрсеткіштерден (65) төрт есе асып түсті. Бұл өсім азаматтардың құқықтық белсенділігіне де байланысты болып отыр, – деп атап өтті облыстық соттың төрағасы. – Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімдерін қолдану – азаматтар үшін құқықтық алаңда төлем қабілетсіздігі жағдайынан шығудың, кредиторлардың талаптарын пропорционалды және кезең-кезеңімен қанағаттандырудың, сондай-ақ, дау-дамай мен әлеуметтік шиеленісті төмендетудің мүмкіндігі болып табылады.

Заңдылықты және мүдделер теңгерімін қамтамасыз ету – ортақ міндет. Алайда, өкінішке қарай, кредиторлардың, қаржы басқарушысының, уәкілетті органның және ортақ жауапты борышкерлердің құқықтық енжарлығы байқалады.

Талқылау барысында облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Алтын Шойынбекова мен облыстық соттың судьясы Светлана Рахметованың азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімдерін қолдану жөніндегі азаматтық істерді талдау нәтижелері бойынша баяндамалары тыңдалды.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар өзара пікір алмасып, жүйелік дерекқорлармен жұмыс істеу, жазбаша сұраулар жолдау, сондай-ақ, қаржы басқарушыларының өкілеттіктеріне қатысты туындайтын қиындықтарды талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша облыстық сот түскен барлық ұсыныстарды ескере отырып, заңнаманы қолдану жөніндегі ұсынымдарды әзірлеп, оларды жұмыс барысында пайдалану үшін барлық қатысушыларға жолдайтын болады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар