Жер қойнауындағы қазба байлықтарына бай елміз

5 сәуір — Геолог күні

Өткен жыл солтүстік өңірдің геологиялық саласы үшін нәтижелі әрі серпінді даму кезеңі болды. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі минералдық-шикізат базасын ұлғайту, жер қойнауын тиімді әрі ұтымды пайдалану және табиғи ресурстарды келешек ұрпаққа сақтай отырып игеру екендігін ескерсек, бұл бағытта өңір геологтары ауқымды жұмыстарды атқарып келеді.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің «Солтүстікқазжерқойнауы» Солтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаменті  жыл бойы мемлекет жүктеген міндеттерді жүйелі түрде орындап, геология саласының дамуына, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және минералдық-шикізат базасын толықтыруға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүргізуде. Бұл жұмыстардың барлығы ел экономикасын нығайтуға, өндіріс пен инфрақұрылымды дамытуға нақты үлес болып қосылып отыр.

Сала мамандарының еңбегі ескерусіз қалмауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген геологы» құрметті атағы бекітілді. Бұл шешім – геология саласына көрсетілген жоғары құрметтің айқын көрінісі. Атақ сала үздіктеріне беріледі және отандық геология ғылымын дамытуға қосқан үлесін мойындау ретінде маңызды рөл атқарады.

Біздің департамент жұмысының негізі оның кадрлық әлеуеті екендігі сөзсіз. Бүгінде мекемеде 22 мемлекеттік қызметші еңбек етеді, штат толық жасақталған, бос орындар жоқ. Бұдан бөлек, 8 қызметкер келісім-шарт негізінде жұмыс істейді. Қызметкерлердің барлығы жоғары білімді, олардың 18-і геология және жер қойнауын пайдалану саласының мамандары болса, 4-еуі экономика және құқық бағытында білім алған. Алты қызметкердің екі-екіден жоғары білімі бар, бес маман магистр дәрежесіне ие. Ұжымызда барлығы 15 әйел және 7 ер адам қызмет етеді.

Жыл ішінде геологиялық жұмыстар 16 нысан бойынша жүргізілді. Оның жетеуі өткен жылдан жалғасқан жобалар болса, тоғызы жаңа басталған нысандар. Бұл жұмыстарды қаржыландыруға 723,4 миллион теңге бөлініп, жыл соңында қаржы толық, яғни, 100 пайыз игерілді. Бұл жоспарлау мен орындау тәртібінің дұрыс жолға қойылғандығын көрсетеді.

Мемлекеттік геологиялық барлау бағдарламалары аясында 10 нысанда жұмыстар атқарылды. Геолог мамандары терең геологиялық карталау, бұрғылау, геофизикалық зерттеулер, зертханалық талдаулар жүргізді.

Нысандарға жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар 2026 жылдың соңына дейін жалғасады.

Қостанай облысында жүргізілген терең геологиялық карталау барысында бұрғылау жұмыстарының 96 пайызы орындалып, мыңдаған метр жыныс қабаттары зерттелді. Геофизикалық және зертханалық жұмыстар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қостанай және Ақтөбе облыстары аумағында тағы бір ірі жоба басталып, дайындық және барлау жұмыстары толық орындалды.

Ақмола облысындағы Приишим-Шөптікөл кен торабы аумағында алтын, сирек металдар мен мыс іздеу жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізілді. Мұнда бұрғылау, сынама алу, зертханалық талдау сияқты жұмыстардың басым бөлігі 98-99 пайызға дейін орындалды. Сол сияқты, Солтүстік Қазақстан облысындағы Шөптікөл учаскесінде мыс пен молибденге қатысты іздеу жұмыстары толық көлемде жүзеге асырылды. Сонымен қатар, үш облыс аумағын қамтитын жалпы ауданы 24,7 мың шаршы шақырым болатын 79 геологиялық түсірілім парағы бекітілді.

Жер асты суларының жай-күйін бақылау да назардан тыс қалған жоқ. Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы саны 811 бақылау нүктесінде су режимі мен балансы зерттелді. Осы жұмыстардың нәтижесінде жер асты суларының маусымдық және жылдық өзгерістері анықталып, арнайы деректер базасы қалыптастырылды. Жер асты суларының жағдайын бақылау – халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі. 2025 жылы үш облыс бойынша 811 бақылау пунктінде мониторинг жүргізілді.Жиналған деректер негізінде су қорларын тиімді пайдалану мен қорғау шаралары жетілдірілуде. Сонымен қатар, қараусыз қалған гидрогеологиялық ұңғымаларды жою жұмыстары басталды. Айта кету керек, жаңа Су кодексінің күшіне енуіне байланысты бұл бағыттағы бірқатар функциялар мен қаржы қаражаттары Су ресурстары және ирригация министрлігіне берілді.

Минералдық-шикізат базасын толықтыру бағытында да нақты нәтижелер бар. 2025 жылы гранит қоры 18,2 миллион текше метрге, құм 17,5 миллион текше метрге, қиыршықтас материалдары 5,7 миллион текше метрге артты. Сонымен қатар, әктас, саз, гранитоид секілді құрылыс материалдарының да қоры едәуір ұлғайды. Ірі кен орындары бойынша да өсім байқалды. Мәселен, темір қоры 27,3 миллион тоннаға, молибден 77,6 мың тоннаға артты, сондай-ақ, титан мен цирконий және алтын қоры да айтарлықтай көбейді Сонымен қатар, саз және тағы басқа құрылыс материалдарының қоры да едәуір көбейді. Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштер өңірдің өндірістік мүмкіндігі артып келе жатқанын және инвесторлар үшін қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.

Жыл ішінде төрт есеп қаралып, 14 кен орны бойынша қорларды мемлекеттік есепке алу туралы қорытынды берілді. Сонымен қатар, 25 рет департамент кеңесінің отырысы өткізіліп, түрлі жобалар мен есептер талқыланды. Геологиялық барлау жұмыстары бойынша 41 материал қабылданды. Жер асты сулары бойынша жеті есеп қаралып, тәулігіне 4,6 мың текше метр су қоры өсімі тіркелді. Арнайы су қорын пайдалану бойынша 54 өтініш қаралып, оның 38-і келісілсе, 16-сына қорлардың бекітілмеуіне байланысты бас тартылды. Сонымен қатар, 36 лицензия және жол құрылысына қажетті пайдалы қазбаларды барлауға 17 рұқсат келісілді.

Геологиялық қорлар да жүйелі түрде толықтырылуда. Бүгінде қорда 12 938 есеп сақтаулы, оның 2 375-і құпия есептер санатына жатады. Алғашқы геологиялық ақпараттардың саны 900 мыңнан асады. 2025 жылы қорға 103 жаңа есеп, 37 бастапқы материал және 344 кадастрлық бірлік қабылданды.

Қазақстанда геологияны дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Бұл құжат аясында геологиялық зерттеулердің көлемін арттыру, цифрлық технологияларды енгізу және жас мамандарды даярлау секілді маңызды бағыттар қамтылған. Жоғары оқу орындарында геология факультеттеріне қабылдау көбейіп, ғылыми жобаларға қолдау көрсетілуде.

Өңірде барлығы 833 жер қойнауын пайдалану нысаны тіркелген. Оның ішінде жүздеген лицензиялар мен келісім-шарттар бар. Ақмола облысы бұл бағытта көш бастап тұр. Жалпы алғанда 237 келісім-шарт және 415 барлау лицензиясы, сондай-ақ, ондаған өндіру лицензиялары қолданыста. Бұл жер қойнауын игеру жұмыстарының кең ауқымда жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Бақылау және инспекциялық жұмыстар да күшейтілген. 2025 жылы 698 нысанға профилактикалық бақылау жүргізілді. Заң талаптарын бұзған 85 жер қойнауын пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 182 хаттама толтырылды. Жалпы айыппұл сомасы 8,6 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, ондаған тексеру сапарлары ұйымдастырылып, нақты өндірістік жағдайлар зерделенді.

Департамент халықпен байланысқа да ерекше көңіл бөледі. Жыл басынан бері 227 өтініш келіп түсті, оның басым бөлігі заңды тұлғалардан түскен өтініштер екендігі белгілі. Барлық мемлекеттік қызметтер уақытылы көрсетіліп, заң бұзушылықтарға жол берілген жоқ. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жеті түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету үшін бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланып, әлеуметтік желілерде тұрақты түрде ақпарат таратылып отыр.

Өткен жылдың қорытындысы көрсеткеніндей, «Солтүстікқазжерқойнауы» департаменті өңірдің геологиялық әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Атқарылған жұмыстар жер қойнауын тиімді игеру, табиғи байлықтарды сақтау және ел экономикасын дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Алдағы кезеңде де осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жаңа жобалар жүзеге асырылады. Жер қойнауын тиімді пайдалану, табиғи ресурстарды ұтымды игеру және экологиялық қауіпсіздікті сақтау басты жұмыс бағытымыз. Бұл ретте, бізден талап етілетіні ел игілігі үшін табиғи байлықтарды тиімді пайдаланып, болашақ ұрпаққа дұрыс сақтап, жеткізу дер едім.

Ақмарал ҒАЛЫМЖАНОВА,
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Геология комитетінің «Солтүстікқазжерқойнауы»
Солтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар