Өрт шықпасын, шыға қалса, «Ауыл құтқарушылары» дайын

Игі бір іс

Ақмола облысының құтқару қызметі саласында маңызды белес бағындырылып, ауылдық аймақтардың қауіпсіздігін нығайту бағытында кезекті қадам жасалды. Атбасар ауданына қарасты Шуйское ауылында ел көлеміндегі 166-ыншы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру пункті салтанатты түрде ашылды.

Бұл нысанның іске қосылуы тек бір елді мекен емес, құрамына Шуйское және Макеевка ауылдары кіретін, жалпы саны 840-тан астам тұрғыны бар тұтас бір ауылдық округтің өртке қарсы қорғанысын жаңа деңгейге көтеріп, халықтың ертеңгі күнге деген сенімін арттыра түсті.

Ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өмірлік маңызы бар мәселе. Қала орталықтарынан қашық орналасқан елді мекендер үшін тілсіз жаумен күресте әрбір секунд пен минут қымбат. Осы орайда, жаңадан ашылған пункт төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын айтарлықтай қысқартуға және кәсіби өрт сөндіру бөлімдері жеткенше, алғашқы болып өртті тежеуге мүмкіндік береді. Пунктте қызмет ететін еріктілер тобы тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқаруға дайын. Мұнда құтқарушылардың сапалы қызмет атқаруы үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Төтенше жағдайлар министрлігі бекетті заманауи техникалық- өрт сөндіру жабдықтарымен, қуатты автоцистернамен, арнайы өрт сөндіру киімдермен және сенімді байланыс құралдарымен толық жарақтандырған.

Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы мемлекет пен бизнестің өзара ынтымақтастығының жарқын үлгісі десе болады. Өрт сөндіру пункті жергілікті атқарушы органдардың тікелей қаржыландыруымен құрылса, оның алдағы уақыттағы тыныс-тіршілігі мен ұсталуы «Шуйское-ХХІ» ЖШС қолдауымен жүзеге асырылмақ. Мұндай қадам бизнес өкілдерінің жоғары әлеуметтік жауапкершілігін және туған өлкенің қауіпсіздігіне қосар қомақты үлесін көрсетеді. Осылайша кәсіпкерлер мен мемлекеттің бірлескен күш-жігері ауыл тұрғындарының тыныштығын сақтаудың басты кепілі болып отыр.

Жалпы, «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында мұндай бекеттердің ашылуы өңірдегі өрт қауіпсіздігі картасын түбегейлі жақсартуға септігін тигізуде. Тілсіз жау айтып келмейтінін ескерсек, ауыл іргесінде осындай дайындығы жоғары бөлімшенің болуы – үлкен іс.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мұндай нысандардың көбеюі қайғылы жағдайлардың алдын алып, материалдық шығындарды барынша азайтуға жол ашатынын айтады.

Бүгінде Шуйское ауылдық округінің тұрғындары өздерінің және мал-мүлкінің қауіпсіздігіне нық сенімді, өйткені, «Ауыл құтқарушылары» кез-келген сәтте көмекке келуге сақадай сай тұр.

 Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар