ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ
Республикалық және өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері қатысуымен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу тақырыбында «Жаңа Конституция» диалогтық алаңын өткізді.
Бұл шара Мәлік Ғабдуллин атындағы Көкшетау Азаматтық қорғау академиясында ұйымдастырылып, курсанттар алдында республикалық қоғамдық кеңес мүшесі, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сараптамалық кеңесінің мүшесі Абзал Бекбосынов сөз сөйледі. Ол Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі ережелерін түсіндіріп, кәсіби қызметте адам құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Соның ішінде курсанттардың есірткі құралдарының заңсыз айналымына тартылмауына ерекше баса назар аударды.
Сондай-ақ, бұл шараның тек құқықтық ағарту жұмысы емес, сонымен бірге, болашақ құтқарушылардың саналы түрде өз болашағын таңдау, жеке жауапкершілік пен есірткіге қарсы көзқарасын қалыптастыру мақсатында өткізіліп жатқанын атап өтті.
Сұхбат барысында Ақмола облысы бойынша «Жастар рухы» жастар қанаты аймақтық кеңесі төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Сұлтанбек Бекішев, сондай-ақ, облыстық психологиялық денсаулық орталығының әлеуметтік сауықтыру бөлімінің меңгерушісі Сұлушаш Бекмағанбетова сөз алды. Спикерлер жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мен есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстарды жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Ақмола облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Рәзия Құрсанова курсанттарға есірткі құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік заңнамасына енгізілген өзгерістерді түсіндірді. Ол нақты мысалдар келтіре отырып, заңсыз есірткі айналымына қатысқан адамдардың жазаланатындығын ескертті.
Реабилитация орталығы еріктілерінің сөздерін курсанттар ұйып тыңдады. Олар есірткіге тәуелділіктен арылып, сауығу жолына түскен жандар. Олардың оқиғалары есірткіге тәуелділіктің қаншалықты кері салдарға әкелетінін, уақытылы көмек пен дұрыс таңдаудың маңыздылығын айқын көрсетті.
Ашық диалог барысында қатысушылар жастар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, теріс әсерлерге төзімді иммунитетті қалыптастыру және салауатты өмір салтының құндылықтарын насихаттау мәселелерін талқылады.
Мұндай кездесулер жастарға өз өмір жолында тіршіліктің арғы-бергі ағындарында саналы түрде дұрыс таңдау жасауға, есірткісіз өмірді қалауға көмектесетін маңызды алдын алу жұмысы болып табылады.
Әсем ӘБДІРАХМАНОВА,
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметкері.
![]()

