Бюджет қаржысын өз қалтасындай көрген

Көкшетау қалалық соты Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің бұрынғы есепшісі А.-ға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды.

Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы, 4-бөлігінің, 2-тармағы бойынша қызметтік бабын теріс пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды.

Сот барысында анықталғанындай, сотталушы осы оқу орнында 2021-2025 жылдар аралығында жүйелі түрде мемлекет ақшасын ұрлап келген. Ол мекеме басшысының электронды цифрлық қолтаңбасын (ЭЦП) иеленіп, «Online Bank» жүйесі арқылы қаржылық операцияларды өз бетінше мақұлдап отырған. Есепші колледж мұқтаждығына деген желеумен ірі көлемде қолма-қол ақша алып, өзіне белгіленген мөлшерден тыс артық жалақы аударып келген. Осылайша, мемлекетке жалпы сомасы 70 миллион теңге көлемінде залал келтірілген.

Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жымқырылған қаражатты жеке қажеттіліктеріне, атап айтқанда, несиелерін жабуға, автокөліктер, пәтер және тұрақ орнын сатып алуға жұмсағанын растады. Оның кінәсі аудиторлық тексеріс қорытындыларымен, банктік үзінділермен және сараптама нәтижелерімен толық дәлелденді.

Сот үкімімен А. 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иесі болу құқығынан айырылды. Оның заңсыз жолмен тапқан мүлкі – автокөліктері мен тұрақ орны мемлекет пайдасына тәркіленді. Сотталушы келтірген 70 миллион теңге шығынның 5 миллионын ғана қайтарғандықтан, қалған 65 миллион теңгені өтеуге міндеттелді.

Дегенмен, сотталушының кәмелетке толмаған баласын жалғыз тәрбиелеп отырғанын ескере отырып, сот Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес жазаны өтеу мерзімін 2027 жылдың 22 сәуіріне дейін шегерді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар