Жаз және жастүлек
Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысында 2025-2026 оқу жылы қорытындыланып, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі қаралды. Әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Саят Сыздықовтың төрағалығымен өткен жиынға облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов, Ақмола облыстық әкімдігі жанынан құрылған балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі штабқа кіретін басқармалар мен департаменттердің өкілдері қатысты.
Күн тәртібі бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов ауқымды баяндама жасады. Оның айтуынша, өңірде білім беру нысандарының құрылысы мен материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Биыл 840 орындық үш балабақша құрылысын аяқтау және Қосшы қаласында «дайын күйінде тапсыру» механизмімен 1500 орындық жаңа мектептің құрылысын бастау жоспарланған.
Бүгінгі таңда өңірдегі барлық 523 мектеп кең жолақты интернетке қосылған. 166 мектеп Starlink спутниктік жүйесі арқылы жұмыс істесе, 369 мектеп талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған. Облыс мектептерінің басым бөлігі BilimClass электронды жүйесіне толық көшкен. Бұған қоса, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында балабақшаға кезекке тұру және 1-сыныпқа қабылдау процестері толық автоматтандырылыпты.
Кадрлық әлеуетті арттыру бағытында мұғалімдердің жүктемесін азайту реформалары жалғасуда. Педагогтердің біліктілік тестілеуі жойылып, бұл рәсім тек алғаш рет «педагог-модератор» санатын алатындар үшін сақталыпты. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі де нарық талаптарына бейімделуде. Тізілімге 185 білім беру бағдарламасы, соның ішінде өңір үшін өте қажетті 4 жаңа мамандық енгізілген. Олардың қатарында Аршалы агротехникалық колледжіндегі газ жабдықтарын монтаждау, Көкшетау жоғары техникалық колледжіндегі ғимараттарды жобалаудың автоматтандырылған жүйелері, қашықтан басқарылатын авиациялық жүйелер (дрон басқару), жылу электр станцияларының жылу-энергетикалық қондырғылары мамандықтары бар. Бұл колледждердің бағдарламалары Ақмола облысының аграрлық және индустриялық секторларының қажеттіліктеріне бейімделуде. Нәтижесінде бұл мамандықтар бойынша білім алған түлектер диплом алғаннан кейін бірден сұранысқа ие болады.
– Үкімет бекіткен «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында Көкшетау мен Ақкөл қалаларындағы мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жасанды интеллект элементтері енгізілуде. Мысалы, Көкшетаудағы техникалық мектеп-лицейінде орнатылған «Protector AI» жүйесі 170 камераның көмегімен мектептегі жанжалды жағдайларды 5-10 секунд ішінде анықтап, әкімшілікке хабарлайды. Оның құрамындағы EMOS модулі тіпті балалардың эмоционалды фонын бақылай алады. Инклюзивті білім беру саласында да жұмыстар аз емес. Өңірде ерекше білім беруді қажет ететін 14 497 бала тұрады. Олар үшін үйде тегін оқу, оңалту шаралары және психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеттерінің жұмысы ұйымдастырылған, – деді Валерий Георгиевич.
Сондай-ақ, баяндамашының мәлімдеуінше, биылғы оқу жылын облыс бойынша 140 559 оқушы аяқтайды. Биыл 11-сыныпты 6 683 түлек бітіруде, бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Олардың 441-і «Алтын белгіден» үміткерлер қатарында.
– Алдағы жаңа оқу жылында 3, 4, 7, 8 және 9-сыныптардың оқулықтары ауқымды түрде жаңартылады. Әсіресе, 8-сыныпта 13 пән қайта қаралады. Алайда, бұл бағытта күрделі қаржылық мәселе бар. Оқулықтар сатып алуға жалпы қажеттілік 3 миллиард теңге шамасында болса, бюджетте тек 1, 2 миллиард теңгесі қаралған, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Бұл ретте, комиссия төрағасы қалған қаржы тапшылығын жою үшін қосымша қаражат бөлу мәселесін шұғыл қарауды ұсынды. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мамандары бұл тапшылықты білім басқармасының ішкі бюджетінен қарастырып, тауып беретіндерін алға тартты. Келесі жаңа оқу жылында жоғарыда аталған сыныптар оқулықсыз қалып қоймауы басқармаларға тапсырылды.
Бұдан әрі балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі кеңінен талқыланды. В.Гамазовтың баяндамасына назар аударсақ, былтыр Ақмола облысы әкімдігінің жанынан өңірлік штаб құрылып, 2024-2026 жылдарға арналған оқушылардың сауықтыру демалысы мен бос уақытын ұйымдастыру жөніндегі жоспар іске асырылуда. Болжамды көрсеткіштер бойынша демалыс пен бос уақытты тиімді өткізудің барлық түрлерімен 132 мыңнан астам оқушы қамтылатын болады. Ол үшін өңірде 7 мемлекеттік, 7 жеке меншік, бас-аяғы 14 қала сыртындағы лагер және мектеп жанындағы жүздеген алаңдар жұмысқа кіріседі. Қала сыртындағы лагерлер алдымен әдеттегідей әлеуметтік осал санаттағы балаларды қабылдайды.
– «Жаппай білім беру» қорынан 155 миллион теңге бөлініп, 1764 бала лагерлерде тегін сауықтырылады. Мемлекеттік сатып алу арқылы тағы 545 бала жолдама алады. «Звёздный» және «Сокол» орталықтары меморандум аясында балаларды өтеусіз негізде қабылдайды, – дей келе, басқарма басшысының орынбасары инфрақұрылымдық мәселелерді де қозғады. Айтуынша, жетім балаларды қабылдайтын «Рассвет» орталығы күрделі жөндеуді қажет етуде, оның жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге 14 миллион теңге қаржы керек, ал, «Юность» лагеріндегі қаражат тапшылығына байланысты оны сенімгерлік басқаруға беру рәсімі басталған.
Комиссия мүшелері мен жоғарыда аталған штабқа кіретін мүдделі органдардың өкілдері балалардың жазғы демалыс маусымын ұйымдастырушы орган ретінде білім басқармасына бірқатар сауалдар қойып, өз ұсыныстарын жеткізді. Балалардың қауіпсіздігі үшін лагерлерде қызмет ететін персонал мен вожатыйлардың немесе тәрбиешілердің тізімі мен деректері әлі күнге дейін облыстық полиция департаментінің ювеналды полиция бөліміне жолданбағандығы әрі лагерлерге балаларды тасымалдау бойынша полицияның еріп жүруі бойынша өтінімдер түспегендігі айтылып, бұл шаралар бойынша тез арада ақпараттар мен өтінімдер жіберілуі сұралды.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Серік Омарханов өз кезегінде алдағы уақытта жұмысқа кіріскелі отырған 14 лагердің осы күнге дейін біреуі ғана жазғы маусымдық жұмысқа лицензия алуға өтінім бергенін айтып, басқарманың бұл бағыттағы жұмысты тездетуін ұсынды. Себебі, барлық лагерлер бір уақытта өтінім беретін болса, мекемелерге тез арада тексеріс жүргізу мүмкін болмайтындығын алға тартты.
Комиссия мүшелері жиын соңында облыстық білім басқармасына жазғы демалыс маусымын ұйымдастыруды үйлестіруші ретінде лагерлердің басшыларымен хабарласып, жұмысты ширатуды тапсырды. Иә, балалардың жазғы демалысы келіп қалды. Сондықтан, аталған мәселелер шұғыл шешілуі қажет.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

