Бүлдіршін қуанышы
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Көкшетау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының 5510 әскери бөлімі әскери қызметшілердің балалары үшін өз есігін айқара ашты. Саптық алаң мен әскери қалашықтың іші бұл күні әдеттегідей қатаң тәртіппен ғана емес, бүлдіршіндердің сыңғырлаған күлкісімен және шаттыққа толы дауыстарымен жаңғырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мерекелік іс-шара балаларға уақытты тек көңілді өткізіп қана қоймай, өздерінің асқар таудай әкелері мен аяулы аналарының жауапты әрі қасиетті әскери қызметімен жақынырақ танысуға тамаша мүмкіндік сыйлады.
«Ашық есік күні» аясында кішкентай қонақтардың саяхаты Отан қорғаушылардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысудан басталды. Балақайлардың назарына заманауи жауынгерлік техникалар мен атыс қаруларының арнайы көрмесі ұсынылды. Балдырғандар шынайы қару-жарақ үлгілерін асқан қызығушылықпен тамашалап, әскери техникалардың ішіне кіріп көру бақытына ие болды. Ал тәжірибелі жауынгерлер болса, кішкентай зерттеушілердің қойған әрбір сұрағына ықыласпен жауап беріп, техниканың қыр-сыры мен маңызын қарапайым тілмен түсіндірді.
– «Ашық есік күнін» ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді оятып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу. Балаларға әскери өмірді жақыннан көрсету арқылы олардың жүрегіне батылдық, ерлік пен елге деген сүйіспеншілік қасиеттерін сіңіргіміз келді. Әскери техника мен сарбаздардың тыныс-тіршілігін өз көзімен көрген әрбір баланың жүрегінде Отанға деген мақтаныш сезімі ұялары анық. Сонымен қатар, бүгінгі шара кішкентай қонақтарымыздың Отан қорғаушы мамандығына деген қызығушылығын арттырып, болашақ сарбаздардың қалыптасуына үлкен септігін тигізетініне сенеміз. Бұл күн балалар үшін мереке ғана емес, ата-аналарының қызметіне деген құрметтерін арттырады. Жалпы, әскерилер үшін балаларының бақытты жүзін көру үлкен қуаныш. Осындай бейбіт күн мен жарқын болашақ үшін қызмет ету Отан қорғаушылардың басты міндеті екені түсінікті, – деп атап өтті аталған іс-шараның тәрбиелік мәні туралы әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары бөлімшесінің бастығы, майор Нияз Сәдуақасов.
Әскери бөлім дайындаған мерекелік бағдарлама алуан түрлі сайыстар мен қызықты ойындарға толы болды. Бір топ балалар ептілік пен жылдамдықты қажет ететін спорттық эстафеталарда бақ сынасып, өзара мықтыны анықтаса, өнерлі жеткіншектер асфальтқа сурет салу байқауында өз қиялдарын ұштады. Көп ұзамай-ақ штаб алдындағы сұр түсті алаңқай бейбіт аспан, жылы күн көзі, бақытты отбасы және айбынды Отан қорғаушылар бейнеленген түрлі-түсті ғажайып суреттер галереясына айналып шыға келді. Белсенді ойындардан кейін кеш көркемөнерпаздар байқауымен жалғасты. Әскери қызметшілердің дарынды ұл-қыздары сахна төрінде өз өнерлерін ортаға салып, Отан туралы жалынды өлеңдер оқыды, мың бұрала би билеп, күміс көмей дауыстарымен ән шырқады.
Мерекенің шырайын келтіріп, балалардың есінде ерекше қалған сәттердің бірі нағыз дала асханасынан дәм тату сәті болды. Жауынгерлік ботқаның дәмі балақайларға ерекше ұнап, алдарындағы астарын үлкен тәбетпен тауысты. Мерекелік көңіл-күйді одан әрі еселей түсу үшін «Тәп-Тәтті Көкшетау» компаниясының өкілдері де бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, өздерімен бірге ала келген тәтті сыйлықтарын үлестірді.
Салтанатты жиынның соңында спорттық және шығармашылық сайыстарға белсене қатысып, көзге түскен барлық балаларға әскери бөлім командирінің атынан арнайы естелік сыйлықтар мен марапаттар табыс етілді. Көздерінен қуаныш оты ұшқындаған балақайлар мен олардың ата-аналары осындай ұмытылмас қуаныш сыйлаған әскери бөлім басшылығына шексіз алғыстарын жеткізді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

