Дерек пен дәйек
Ақмола облысы халықты әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту саласында тұрақты түрде оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылар саны 385 отбасыға немесе 31 пайызға қысқарды.
Олар қазіргі таңда мұндай атаулы әлеуметтік көмекті 860 отбасы немесе 3952 адам алып отыр. АӘК алушылардың басым бөлігін көпбалалы отбасылар құрайды – 320 отбасы. Сонымен қатар, 118 отбасы балаларға, соның ішінде мүгедектігі бар балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға және қарттарға күтім жасайтын азаматтар санатына жатады.
Өңірде азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. АӘК алатын 1034 еңбекке қабілетті азаматтың 475-і жұмысқа орналастырылды. Тағы 46 адам жұмыспен қамту орталықтарына жолданып, 28-і тұрақты жұмысқа орналасты.
Ауылдық округтер деңгейінде де айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде Ақмола облысындағы 226 ауылдық округтің 125-інде АӘК алушылар мүлдем жоқ. Бұл көрсеткіш бойынша Ерейментау және Қорғалжын аудандары көш бастап тұр. Ерейментау ауданындағы 13 ауылдық округтің 12-сінде АӘК алушылар жоқ болса, Қорғалжын ауданындағы 8 округтің 6-сында мұндай азаматтар тіркелмеген. Мамандардың пікірінше, бұл нәтижелер инвестициялық жобаларды іске асыру, кәсіпкерлікті дамыту, қолда бар өндірістерді кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы мүмкін болды.
Келесі кезеңде кедейліктің алдын алу жұмыстарына басымдық беріледі. Өңірде «Кедейсіз округтар» пилоттық жобасы іске қосылады. Жоба аясында халықтың табысына тұрақты мониторинг жүргізу, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды сүйемелдеу және азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуына қолдау көрсету көзделген.
Сондай-ақ, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, дағдарыс жағдайындағы отбасыларды қолдау, азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту және кәсіпкерлік бастамаларды дамыту бағытындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жалғасын табады.
Қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі өңір тұрғындарының нақты өмір жағдайларынан да көріне түсуде. Мәселен, Бурабай ауданының тұрғыны Меруерт Мертасова 2024 жылдан бері АӘК алып келген. Бала күтімі демалысынан кейін ол «Бастау Бизнес» жобасы бойынша курстан өтіп, өзінің бизнес-жобасын сәтті қорғады. Нәтижесінде мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету шеберханасын ашты. Сөйтіп, жеке кәсібін дамыту арқылы отбасының табысы едәуір артты. Соның нәтижесінде 2026 жылдың қаңтар айында отбасы атаулы әлеуметтік көмек алудан бас тартып, қиын өмірлік жағдайдан толық шықты.
Жалпы, соңғы 8 жыл ішінде өңірде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 11,5 есеге қысқарып, 9,9 мыңнан 860 отбасыға дейін азайды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

