Жаңа Конституция – жаңғыру жолы
Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде жаңа кезеңді айқындаған маңызды оқиғалардың бірі жалпыхалықтық референдум нәтижесінде жаңа Конституцияның қабылдануы болды. Бұл құжат елдің құқықтық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, қоғамның одан әрі дамуы үшін стратегиялық негізге айналды.
Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекітуі. Бұл қағида мемлекеттік саясаттың барлық саласына, соның ішінде білім беру мен ғылым жүйесіне тікелей ықпал етеді. Құжатта адам капиталы, білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. Бұл еліміздің зияткерлік әлеуетке сүйенген жаңа даму үлгісіне бет бұрғанының айқын көрінісі. Мұндай ұстаным Қазақстанның ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін маңызды негіз болып табылады.
Осы тұрғыда жоғары оқу орындарының рөлі айрықша. Бүгінде университеттер тек білім беретін мекеме ғана емес, ғылыми зерттеулердің, инновациялық жобалардың және жаңа идеялардың орталығына айналып келеді. Қазіргі кезеңде адам капиталын дамыту тек академиялық білім берумен шектелмейді. Бұл тұлғаның жан-жақты қалыптасуы, сыни ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуетін және өзгермелі заманға бейімделу дағдыларын дамыту үдерісі.
Осы бағытта біздің Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, студенттер мен оқытушылардың жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға бағытталған AI SANA ұлттық бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламаның бірінші кезеңінде 7981 студент білім алды. Биылғы ақпан айында бағдарламаның екінші кезеңі басталып, қазіргі таңда қатысушылар жасанды интеллект негіздерін терең меңгеріп, жобалық жұмыстар арқылы тәжірибелік дағдыларын жетілдіруде.
Цифрлық білім беру ортасын кеңейтетін маңызды бастамалардың бірі университет қабырғасында наурыз айында ашылған Tomorrow School бағдарламасы. Бұл жасанды интеллект пен бағдарламалау бағытында білім алуға арналған жаңа форматтағы алаң. Жоба Alem.Ai Foundation, Astana Hub және Aqmola Digital ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жобаның ресми ашылуын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн түрде өзі бастап берді. Сөйтіп, бұл жоба еліміздің 14 жоғары оқу орнында бір мезгілде іске қосылды. Tomorrow School бағдарламасы жасанды интеллект саласына бағытталған алғашқы білім беру алаңдарының бірі ретінде цифрлық дағдыларды дамытуға және жаңа буын мамандарын даярлауға дәнекер болады.
Осы арада бір ерекше атап өтерлігі, бұл жоба тек университет студенттеріне ғана емес, Ақмола облысының кез келген тұрғынына ашық. Оқу тегін жүргізеді және тәулік бойы қолжетімді. Мұндай мүмкіндік білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, өңір жастарының технологиялық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Осылайша, аталған бастамалар университеттің өңірдегі инновациялар мен жастар бастамаларының орталығына айналып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, университет қабырғасында студенттердің кәсіпкерлік және жобалық дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Оқу орны жанындағы бизнес-инкубатор мен Startup Academy бағдарламасы аясында студенттер өз идеяларын жүзеге асырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Осы ретте, 2025 жылдың желтоқсан айында Startup Academy шеңберінде жүзеге асқан «NomadWay», «CODE CHECK» және «3D City Tour» жобалары университет тарапынан гранттық қаржыландыруға ие болды. Бұндай жобалар студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, оларды еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, университетте тәрбиелік және құндылықтық бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» бастамалары аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, олар студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталуда. Университетіміздің қабырғасындағы ашық диалог алаңдары, тақырыптық кездесулер мен дөңгелек үстелдер студенттер үшін пікір алмасудың тиімді кеңістігіне айналып отыр. Мұндай формат жастардың қоғамдағы өз орнын айқындап, олардың өзекті мәселелерге бейжай қарамайтын белсенді азамат ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, оқу орнындағы еріктілер қозғалысы да университет өмірінің маңызды бөлігіне айналған. Студенттердің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар олардың азаматтық ұстанымын нығайтып, қоғамға пайдалы болудың нақты тәжірибесін қалыптастырады. Сондықтан, университетіміз бұл бастамаларды жүйелі түрде қолдап, олардың қанат жаюына жағдай жасап келеді.
Еліміздің жаңа Конституцияда белгіленген қағидалар білім беру жүйесінде нақты мән-мазмұнмен үйлесуде. Университеттер білім мен ғылымның ғана емес, сонымен қатар, инновациялар мен құндылықтардың тоғысқан орталығы ретінде елдің болашағын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратындығы белгілі.
Бүгінгі студент тек білім алушы ғана емес, өзгерістердің белсенді қатысушысы екені даусыз. Ал, университеттің басты міндеті – осы әлеуеттің қыр-сырын аша отырып, ел болашағының сенімді өкілдерін қалыптастыру.
Жастар кез-келген мемлекеттің стратегиялық ресурсы әрі қоғам дамуының басты қозғаушы күші. Бүгінгі таңда елімізде жастардың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына, кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына барлық жағдай жасалуда. Жаңа Конституцияда бекітілген әділеттілік, заң үстемдігі, адам құқықтары мен тең мүмкіндіктер қағидаттары өскелең ұрпақтың өз қабілеттерін толық жүзеге асыруына тірек бола алады.
Қазіргі жастар тек заманауи білімді меңгеріп қана қоймай, ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын, қоғамдық бастамаларға белсенді қатысып, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін тұлға болуы тиіс. Әсіресе, цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде білімге ұмтылу, үздіксіз даму және жаңа технологияларды игеру ерекше маңызға ие. Сондықтан, жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін қолдау оқу орындарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Біз, аға ұрпақ жастарға әрқашан сенеміз. Себебі, Қазақстанның ертеңгі ғылыми жаңалықтарын ашатын, экономиканы дамытатын, қоғамға жаңа серпін әкелетін азаматтар қатарын дәл осы бүгінгі жас буын қалыптастырады. Соған орай, университеттің басты мақсаты әр студенттің қабілетін ашып, оның кәсіби және тұлғалық тұрғыдан қалыптасуына жағдай жасау болып табылады. Білімді, бастамашыл және жауапты жастар көбейген сайын еліміздің де болашағы баянды болары анық.
Марат СЫРЛЫБАЕВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры.
сурет inbusiness.kz сайтынан.
![]()

