Аймақ тынысын дөп басқан айшықты телеарна

Бүгінгі ақпарат тасқыны заманында бұқара мен билік арасына алтын көпір орнатып, аймақтың тыныс-тіршілігін дөп басып көрсететін жергілікті журналистердің еңбегі орасан. Әсіресе, туған өлкенің әрбір жетістігі мен тың жаңалығын көрерменге ыстық-суығымен жеткізіп, өңір шежіресін таспалап отырған облыстық телеарнаның орны қашан да биік.

Осынау қара шаңырақтың күнделікті қайнаған еңбегі мен экран сыртындағы тылсым тіршілігі өзінше бір әлем. Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы «Көкше» телеарнасы директорының орынбасары Аслан Әбутәліповті әңгімеге тартып, телеарнаның тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып қайтқан едік.

«Көкше» телеарнасының тарихы тым тереңде жатыр. Сонау алпысыншы жылдары бір ашылып, жабылып, одан тоқсаныншы жылдардың орта тұсына қарай Көкшетау облыстық телерадиокомпаниясы ретінде өз жұмысын бастап, облыс тарағанға дейін эфирге хабар таратып тұрғанын көзі қарақты көрермен жақсы біледі. Аталмыш телеарна 1999 жылдың 21 қыркүйегінде Ақмола облысының орталығы Астана қаласынан Көкшетауға ауысқаннан кейін қайта құрылды. «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның құрылымдық бөлігі болып табылатын филиалдың алғашқы эфирі 1999 жылдың 4 қазанында жарқ етіп жарыққа шықты. Осы айтулы күннен бастап телеарнаның жаңа дәуірдегі шежіресі бастау алды.

Бүгінгі таңда ұжым заман талабына сай, заманауи техниканың жетістіктерін барынша тиімді пайдалана отырып, шығармашылық ізденіс үстінде қызмет етуде. Арна тәулігіне 14 сағат бойы хабар таратады. Ақпараттық саясат тұрғысынан алғанда, мұндағы контенттің 70-75 пайызы қазақ тілінде, ал, қалған 25-30 пайызы орыс тілді көрермендер үшін әзірленеді. Өндірістің ауқымы мен сапасына тоқталған Аслан Әбутәліпов:

– Біздің төл өнімдеріміздің үлесі бүгінгі таңда 70 пайызға жетіп тұр. Бұл – Министрліктің бізге қойып отырған негізгі талабы, яғни, көрсеткіш осынша пайыздан кем болмауы керек. Хабар таратуымыз 100 пайыз цифрлық жүйеге көшкен, сонымен қатар, аналогтық таратылымды да қатар қолданамыз. Себебі, кейбір шалғай ауыл-аймақтарда цифрлық сигнал әлі толық көрсетілмейді, ал біз үшін әрбір көрермен маңызды, – деп атап өтті.

Телеарнада бір жыл ішінде 35-ке жуық бағдарлама жарық көреді. Басты бағыт – мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, Мемлекет басшысының қағидаттарын кеңінен насихаттау және ілгерілету. Онымен қоса, соңғы кезде Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы ерекше қарқын алып келеді, ал жергілікті телеарна өңірде өтіп жатқан барлық маңызды шараларға сапалы ақпараттық сүйемелдеу жасауды өз міндеті санайды. Осындай ізденістердің арқасында арнаның рейтингі жоғарылап, көрермен саны арта түскен. Мұны тұрғындардың хабарласуы, телефон шалуы, бағдарламаларға белсенді қатысуы мен жарнамалық қызметке жүгінушілердің көбеюі анық дәлелдейді. Арнаның шығармашылық қоржыны биыл да тың жобалармен толыққан. Олардың ішінде көрерменнің ықыласына бөленіп үлгерген ерекше бағдарламалар бар.

– Соңғы жаңалықтардың бірі – наурыз айынан бастап біз «Taza like» деген бағдарламаны аштық, – дейді Аслан Әбутәліпов. – Наурызда табиғат жаңарып, жыл басы келетіндіктен, жобаны дәл осы айда бастауды ұйғардық. Бұл – Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында қолға алынған жұмыс. Басты мақсатымыз – халықты тазалыққа, экологиялық мәдениетке, табиғатты аялауға шақыру. Мәселен, осы бағдарлама аясында Ақмола облысында биыл 20 миллионға жуық ағаш егіліп жатыр. Сол ағаштардың қалай егілетіні, қандай тұқымнан екені, сапасы барлығы біздің шығарылымдарда егжей-тегжейлі айтылады.

Телеарнадағы тағы бір заманауи үрдіске сай ашылған жоба – «Цифрлы сана» бағдарламасы. Ол да Президент тапсырмасымен жүзеге асып, өңірдегі жасанды интеллект, робототехника және цифрлық жүйенің дамуын насихаттайды. Бүгінде бұл жоба ауыл шаруашылығы мен медицина саласына, экономикада жасанды интеллектінің қалай қолданылып жатқанына арналып, жан-жақты зерделенген ақпараттарды ұсынады. Ал, «Бөлектау» бағдарламасы Бурабайдағы қоғамдық, ғылыми, мәдени, спорттық салаларда үлкен жетістікке жеткен дара тұлғаларды таныстыруды көздейді. Мәселен, бұл жоба аясында журналистика саласына өлшеусіз еңбек сіңірген Байқал Баяділов және педагогика саласының ардагері Нұртас Ахатұлы секілді тұлғалар жайында құнды деректер берілген. Сондай-ақ, елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеп, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай секілді тұлғаларымыз бен өңірдегі мыңға жуық археологиялық ескерткіштер жайлы сыр шертетін «Өңір өркениеті» бағдарламасы мен қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын «Заң мен тәртіп» бағдарламасы да сұранысқа ие. «Заң мен тәртіп» жобасын телеарнада 30 жылдық тәжірибесі бар білікті шеф-редактор қыз Гүлнәр Бекенова жүргізеді.

– «Көкше» телеарнасының басты құндылығы – оның кадрлық әлеуеті. Ұжым негізінен жас, креативті мамандардан құралған, бірақ, олармен иық тіресе қызмет етіп, тәжірибесімен бөлісіп жүрген ардагерлер де аз емес. Мәселен, биыл 55 жасқа толған мерейтойын атап өткен, республикалық деңгейде біліктілігі мойындалған ардагер телеоператор Павел Соловьев осы арнада 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, Светлана Абдуллина ең мықты, креативті режиссерлердің бірі ретінде ұжымның мақтанышы. Телеарна жұмысы – ол ұжымдық еңбек және біздің қызметте уақытпен санасу деген атымен болмайды, – дейді директордың орынбасары.

Айта кетерлігі, бұл облыстағы жалғыз телеарна болғандықтан, оның жауапкершілігі де екі есе жоғары. Осы қарашаңырақтан түлеп ұшқан Оңғар Алпысбайұлы мен оның жұбайы Раушан Сайлауқызы бүгінде «Қазақстан» ұлттық арнасында, ал, Қорғанбек Төреғожа Президенттің баспасөз қызметінде абыройлы қызмет атқарып жүр.

Қазіргі таңда телеарна технологиялық жаңалықтардан да кенде емес. Тапсырма көп, уақыт тығыз кездері апталық өзекті мәселелер бойынша бейнероликтер дайындауда жасанды интеллект мүмкіндіктері белсенді қолданылады. Бұл уақыт үнемдеуге және өнімділікті арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, техникалық тұрғыдан жылжымалы теледидар станциясы жұмыс істеп, соның көмегімен ірі мәдени іс-шаралар бірнеше камерамен жан-жақты түсіріліп, LED экрандар арқылы тікелей таратылады.

Дегенмен, телевидение тек заманауи студия мен техника емес, ол – қауіп-қатерге толы шынайы өмірдің бейнесі. Төтенше жағдайлар кезінде де арна журналистері мен түсірілім топтары денсаулықтары мен өмірлерін қатерге тіге отырып, оқиға орнынан жедел ақпарат дайындады. Мұндай сәттер әрдайым басшылықтың қатаң назарында болды. Мысалы, 2024 жылғы алапат су тасқыны кезінде де ұжым бел ортасында жүріп, халыққа сапалы, нақты әрі жедел ақпарат тарата білді. Қазіргі медианарықта сауатсыз, бұрмаланған ақпараттар қаптап кеткен тұста, «Көкше» арнасы ақпараттың шынайылығы мен сапасына басты назар аударады. Сондай-ақ, барлық әлеуметтік желілерде арнаның ресми парақшалары рәсімделіп, онда эфирдегі дүниелердің қысқаша шолулары тұрақты жарияланып тұрады. Аслан әріптесіміз сөз ретіне қарай, өзінің еңбек жолы туралы да ашылып айтты:

– Осы телеарнаға алғаш рет 20 жасымда, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде оқып жүргенімде келдім. Мұнда бәрін үйрендім, білім алдым, ысылдым. Кейін қала әкімдігінің баспасөз қызметінде, содан соң «Хабар» телеарнасында меншікті тілші болып еңбек еттім. Кейін басшылықтың шақыртуымен туған арнама директордың орынбасары лауазымына қайта оралдым. Біздің редакторларымыз бен жас мамандарымыз өте жан-жақты, олар жаңалықтарды да, басқа хабарларды да бірдей жоғары деңгейде жүргізе алады. Негізі кадрдағы қобалжуды жеңу – өте күрделі іс, әр диктордың өз тәсілі бар. Менің ойымша, диктор ақпаратты көрерменге дұрыс жеткізуі үшін алдымен сол ақпаратты өзі жүрегімен сезініп, толық түсінуі қажет. Сонда ғана сенімділік пайда болады. Ал техникалық іркілістерді болдырмау үшін апта сайын құрал-саймандар мен микрофондар жіті тексеріліп отырады. Әрине, тікелей эфир болған соң түрлі жағдайлар болады. Өзім қатардағы редактор болып жүргенде, таңғы бағдарламаның дәл эфир соңында жарық өшіп қалған қызықты сәт те есімде, – дейді ол.

Заман ағымына қарай студияны бейімдеп, әр телемаусым сайын жаңа подкасттар форматын қосқан. Бұл – әлеуметтік желі дамыған кезеңдегі көрермен сұранысынан туған қадам. Мұнда адамдар өз пікірлерін ашық білдіріп, өзекті мәселелерді талқылайды. «Шындық дау-дамайда туады» дегендей, «Ақ пен қара» бағдарламасында ата-ана мен педагог секілді екі тараптың өкілдерін шақыра отырып, дәлелді, негізделген қызықты подкасттар жасалады. Сондай-ақ, экология, жол қауіпсіздігі, жүргізуші куәлігін алудың ашықтығы, мектептердегі ер адамдар тәрбиесінің жеткіліктілігі секілді қоғамды мазалаған ерекше тақырыптар да осы подкасттарда кеңінен талқыланып, көрерменнің қызығушылығын тудыруда.

Жасыратыны жоқ, аймақтық телеарналар – жергілікті халықтың тыныс-тіршілігін көрсететін, мұң-мұқтажын дөп басып, өзекті мәселелерді көтеретін негізгі алаң. Олар тек жаңалық таратушы ғана емес, халықтың көкейіндегі сауалды билікке жеткізетін, екі араны жалғайтын алтын дәнекер. Әрбір сюжетте қоғамға пайда әкелетін, мәселенің шешілуіне жол ашатын берік ұстаным болуы шарт. Халық бәрін көзімен көріп, құлағымен естіп отырғандықтан, телевидение арқылы таратылатын әрбір ақпараттың еш бұрмаланбай, шынайы жеткізілуі аса маңызды. Бұл тұрғыда, ширек ғасырдан астам тарихы бар «Көкше» телеарнасының ұжымы өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін абыроймен атқарып отыр деп сеніммен айтуға толық негіз бар.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген: Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар