Талаптың мініп тұлпарын…

Кәсіптік білім

«Көкшетау Энерго» ЖШС-інің жиырма төрт қызметкері Шағалалы жоғары аграрлық-технологиялық колледжде оқуын сәтті аяқтады. Оларға «Электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша дипломдарды колледж басшысының орынбасары Данияр Аққошқаров табыстады.

Құттықтау сөзінде ол техник-электрик мамандығының маңыздылығына және оқу орнының электр энергетикасы саласына маман даярлаудағы көпжылдық дәстүріне тоқталды. Сондай-ақ, агроколледж түлектері тек өңірімізде ғана емес, Қазақстанның өзге облыстарындағы көптеген кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек етіп, энергетика саласының дамуына елеулі үлес қосып жүргенін атап өтті.

Түлектерді диплом алуымен құттықтаған Данияр Аққошқаров оларға кәсіби табыс, жемісті еңбек және алдағы мансаптық өсуде мол жетістіктер тіледі.

Айта кетейік, «Көкшетау Энерго» ЖШС қызметкерлерді оқыту мен олардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Биыл жоғары аграрлық-технологиялық колледжбен жасалған ынтымақтастық туралы келісім аясында 30-ға жуық қызметкер «Электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша оқуға түсіп, «техник-электрик» біліктілігін алуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, кәсіпорынның бірқатар қызметкерлері Қостанай қаласындағы жоғары оқу орындарында «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша білім алуда.

Жыл сайын жөндеу науқаны аяқталғаннан кейін, қыс мезгілінде кәсіпорын қызметкерлерді оқыту және қайта даярлау жұмыстарын жүргізеді. Оған шеберлер, электр монтерлері, релелік қорғаныс, автоматика және өлшеу қызметтерінің инженерлері, қосалқы станциялар мен электр беру желілері қызметтерінің мамандары, сондай-ақ, арнайы техниканы жүргізетін жүргізушілер қатысады.

«Көкшетау Энерго» ЖШС баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар