Семинар
Көкшетау қаласы әкімдігінің қолдауымен «Есті ұрпақ» бағдарламасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-офицерлер мен әдеп жөніндегі уәкілдерге арналған ауқымды оқыту семинары өтті.
Қоғамда сыбайлас жемқорлықты болдырмау іс-әрекеттерін дамытып, өңірдегі тәртіпті нығайтуды көздеген бас қосуға аймақтың лауазымды тұлғалары мен 130-дан астам маман қатысып, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, 100-ге жуық тыңдаушы бұл маңызды жиынды тікелей эфир арқылы тамашалауға мүмкіндік алды.
Кездесуде шаруашылық субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін жетілдіру, оның даму перспективалары мен тиімді құралдарын пайдалану мәселелері қарастырылып, мүдделер қақтығысының алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және ішкі талдау жүргізудің заманауи әдістемелері талқыланды.
Аталмыш шара барысында сөз алған Ақмола облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Райхан Братаева комплаенс қызметтері мен әдеп жөніндегі уәкілдердің рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс тек әдеп нормалары мен сыбайлас жемқорлық заңының сақталуын бақылаумен ғана шектелмейді, ең алдымен, кеңес беруге және ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Олар өздері қызмет жасап жатқан ұйымда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесімен тікелей айналысады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрқанат Батырқұлов Конституциялық реформа ұлттық стратегиялық бағдарлама ретінде елді дамыту жолында жүйелі трансформациялық жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаларындағы өзгерістер корпорацияның кәсібін арттыруға, әдептің қатаң стандарттарын енгізуге, сондай-ақ, басқарудың барлық деңгейлеріндегі ашықтық, есеп және құқықтық жұмыстардың алдын алу қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
Мемлекет басшысының 2025 жылғы 13 маусымдағы Жарлығымен мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарды күшейту тапсырылған болатын. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құқықтық мұрагері ретінде бұл бағдарламаның жұмысын үйлестіру қызметтерін атқарады. Қазіргі уақытта Ақмола облысында 1300-ден астам субъект тіркелген болса, олардың 300-ден астам қызметкері осы бағдарлама бойынша өз қызметтерін жүргізіп жатыр, ал, оларға қосымша жүктелген міндеттер саны 200-ден асады. Бұдан бөлек, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде магистратурадан кейінгі білім беру бағдарламасы әзірленіп, іске қосылды.
Өз кезегінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының комплаенс-офицері, сарапшы Ерасыл Жәрдемов бұл комплаенс бағдарламасы 2019-2020 жылдары кеңінен дами бастағанын, мемлекеттік қызметте жуырда ғана енгізілсе де, жеке меншік қызметтерде Атырау, Ақтау қалаларындағы ірі компанияларда 20 жылдан астам уақыт қолданылып келе жатқанын жеткізді. Сарапшының айтуынша, бүгінде 10 мыңнан астам шаруашылық субъектісінде осы бағытқа көңіл бөлініп, мамандардың рөлі мен жауапкершілігі арта түсуде. Аталған жүйе қаржылық тәуекел бар жерде елеулі көмегін тигізеді және жеке сектор мен халықаралық компаниялардың тәжірибесі ескеріле отырып, комплаенс мәдениетін қалыптастыруда да маңызы зор.
Жетекші аудитор Ерлаз Жайықбаев ұйымдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтерінің рөлі туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінгі күннің басты проблемасы құжаттың жоқтығы емес, сол құжаттың бар екенін дәлелдей алмауда. Аудиттік тексеріс кезінде құжатты көрсете алмай жататын кездер жиі кездеседі, сондықтан, бұл бағдарлама құжатты қорғамайды, керісінше, сол құжаттың бар екенін және оның орындалғанын дәлелдейді. Ол мұндай жағдайларды болдырмау үшін ең алдымен қаржылық сауаттылық қажет екенін, лекция оқумен қатар, тыңдаушылардың қаншалықты түсінгенін тест арқылы тексеру маңызды екенін баса айтты.
Аймақтағы квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында 300-ге жуық комплаенс-офицер жұмыс істейді. Оның ішінде 21 ұйымға штаттық бірлік бөлінсе, 200-ден астам мекемеде комплаенс қызметінің міндеттері жауапты мамандарға жүктелген. Осы орайда, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде комплаенс қызметі маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Бұл жүйе білім ордасында 2022 жылдан бері жұмыс істейді.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің комплаенс-офицері Бекнұр Амангелді өз сөзінде төрт жыл ішінде мүдделер қақтығысы, жалақы мен еңбек шарты мәселелері, студенттер мен мұғалімдер арасындағы туындаған түйткілдердің заң жолымен шешілгенін айтты. Оның айтуынша, комплаенс қызметі жазалаушы орган емес, керісінше, кісілерге ақыл-кеңес беріп, консультация жасайтын жүйе. Қажетті мәліметтерді заң аясында «adata.kz» сайты арқылы тексеріп отырып жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, жоғары оқу орнының заңтану кафедрасы комплаенс бағыты бойынша бір жылдық оқыту бағдарламасын іске қосты. Қорыта келгенде аталған бастама өңірде комплаенс мамандарын даярлау жүйесін дамытуға, кәсіби кадрлар қалыптастыруға және ұйымдардағы ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

