ОБЛЫСТЫҚ АГРОКЕҢЕС
Алтын күн аспаны, алтын дән даласы… Еліміздің Әнұранына арқау болған осынау таныс жолдар астықты Ақмола өңірінің де тыныс-тіршілігін айшықтап тұрғандай. Шын мәнінде, өңірдің мемлекеттік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық рөлі жыл сайын артып келеді. Биыл облыс бойынша 5,6 миллион гектар алқапқа егін егілді. Оның 4,5 миллион гектарын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар құраса, майлы дақылдар алқабы 838 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Жуырда Бурабай ауданында «Ақмола облысында 2026 жылғы егін жинау науқанын ұйымдасқан түрде және сапалы өткізу бойынша дайындық пен міндеттер туралы» облыстық агрокеңес өтті. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің егін жинау науқанына дайындығын, цифрландыру барысын және ірі инвестициялық жобаларды пысықтады.
Жиында Аманғали Бердалин өңірдің 200-ден астам аграршыларымен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында арнайы кеңес өткізді. Агрокеңесте облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан, А.И.Бараев атындағы Шортанды астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының басқарма төрағасы Бауыржан Қалыбаев, «Логос Грейн» серіктестігінің бас директоры Арман Құдайбергенов пен «Қазгидромет» Ақмола филиалының өкілі Надежда Гуришкина баяндама жасады.
Агрокеңесті кіріспе сөзбен ашқан өңір басшысы Марат Ахметжанов былтырғы нәтижелерге тоқталып, егістікті әртараптандырудың маңызын атап өтті:
– Былтыр 7 миллион 600 мың тонна мол өнім жинап, жақсы нәтиже көрсеттік. Сондай-ақ, әртараптандыру жұмысы да жүріп жатыр. Егер 2023 жылы бізде майлы дақылдар 160 мың гектардан сәл ғана асатын болса, үш жылдан кейін, міне, биыл біз 838 мың гектарды майлы дақылдарға беріп отырмыз. Иә, бұл үлкен инвестицияларды талап етеді. Бірақ, бұл бағыттың тиімді болғандығының арқасында көптеген шаруашылықтар майлы дақылдар алқабын ұлғайтып, жақсы өнім алды, – деді Марат Мұратұлы.
Науқанды техникалық қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды. Тек «ҚазАгроФинанс» желісі бойынша 44 миллиард теңгеге 842 жаңа техника лизингке алынды. Облыс әкімі бөлінген әрбір мемлекеттік қолдаудың қайтарымы мен нақты нәтижесі болуы тиіс екенін қатаң ескертті:
– Былтыр мен сіздерге айтқан болатынмын, бұл қаржыны тиімсіз, мақсатсыз пайдаланғандарға айыппұл санкциялары қолданылады. Ал, егер бөлінген қаржы қайтарымсыз, еш нәтижесіз болса, онда, әрине, екі есе көп салық төлейтін боласыздар. Биыл, егер жиналған өнім көлемі орташа аудандық көрсеткіштің 85 пайызынан төмен болса, онда сіздердің жер алқаптарыңыз бен шаруашылықтарыңыз бойынша салықтық міндеттемелеріңіз екі есеге артады. Сондықтан, бұл қаржының, жеңілдетілген кредиттер мен мемлекеттік қолдаудың жайдан-жай таратылмайтынын, керісінше, шаруашылықтың тиімді әрі табысты болуы үшін берілетінін түсінгендеріңізді қалаймын. Ал, табыс бар жерде жалақы да, салық та болады, – деді аймақ басшысы.
Биыл өңірде өнім сапасына ерекше мән берілуде. Ақмола астығының 40 пайызының ақуызы мен клейковинасы жоғары, халықаралық нарықта сұранысқа ие Hi-Pro стандартына сәйкес келеді, ал, жекелеген аудандарда дәннің маңызы 40 пайызға дейін жетіп отыр.
Өз сөзінде вице-министр Аманғали Бердалин өңірдегі заманауи цифрлық технологиялардың қолданысын жоғары бағалады. Бүгінде облыста 5,6 миллион гектар жер цифрландырылған, 49 смарт-ферма іске қосылған. «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі GPS-навигация, агродрондар мен «Еңбек» шаруашылығындағы 3D камералары бар робот-сауыншылар екінші агрореволюцияның айқын көрінісі. Сондай-ақ, «Burabay Milk» компаниясы Баянбай ауылында 1440 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы мен Щучинск қаласында тәулігіне 50 тонна өнім өндіретін жаңа сүт зауытын салып, өнімді терең өңдеу тізбегін қалыптастыруда.
– Барлық ісіміздің басты мақсаты халықтың жағдайын жақсарту, адамдарға қолайлы жағдай жасау болып табылады. Адамға деген қамқорлық пен адами факторды бірінші орынға қою қажет, – деді өз сөзінде «Спасское-Агро» ЖШС басшысы Магомед-Сали Абуев.
Сапалы астықты сақтау үшін егістіктерді ору алдында бөлек бағалап, топтық әдіспен жинаған жөн. Дән жиналған күннен қалмай, арамшөп дәнектері мен қоқыстан тазартылуы, сондай-ақ, ылғалдылығына қарай бөлек партияларға қалыптастырылуы тиіс. Бұршақ пен нұт өнімдерін жинағанда дәннің уатылып кетпеуі үшін комбайн барабанының айналымын 350-500 айналымға дейін төмендету қажет. Майлы дақылдардан рапс пен күнбағысты қабықшалары мен бұршаққынның 70-80 пайызы қоңырқай тартқанда жинауға кіріскен абзал.
– Өндірісті дамыту, өнімділікті арттыру және өзіміз өндірген өнімді өңдеп, ішкі нарықпен қатар, шетелге де шығару мақсатында жұмыс істеудеміз. Бүгінде өнімдеріміз Түркия мен Өзбекстанға экспортталады, – деді агрокеңесте сөз алған «Арип-Агро» ЖШС-інің басшысы Ғалымжан Әріпов.
Егін жинау науқаны келесі жылғы өнімнің де бастауы саналады. Сондықтан, орудан кейін сабанды өртемей, майдалап егістікке тегіс шашу топырақтағы ылғалды сақтап, сапасын арттырады. Күзгі арамшөптермен күрес, тыңайтқыш енгізу жұмыстары топырақ талдауына сүйене отырып жүргізілуі тиіс. Өңір басшысы агроөнеркәсіптік өндірісті дамытып, ауылдың инфрақұрылымын жақсартқан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін мысалға келтірді:
– Жаңа өзіміз егістік басына барып, бәрін көзбен көрген мықты шаруашылықтар бар. Егін жинау науқаны табысты жүргізілуде. Комбайншылар тікелей алқаптан гектарына 30 центнерден өнім жинап жатқандарын айтты. Бұл – өте жақсы, сапалы өнім. Бүгінде ғылыми негізделген тәсілдерге сүйеніп, істі дұрыс ұйымдастыру ауа райының кері әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы жиі айтатынындай, жермен жұмыс істей алатын, жерді жақсы көретін, ерінбейтін адамдар болуы керек. Өйткені, жер – тек жеке меншік емес, халықтың байлығы. Егер қожалық иесі дұрыс азамат болса, осы ауылдың халқы да мемлекеттік көмектің беріліп жатқанын, шаруашылықтың дамып жатқанын және өздерінің де әл-ауқаты артып жатқанын сезінуі керек. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Жиналған өнімді сақтау үшін облыста 7,3 миллион тонналық қоймалар мен элеваторлар толық дайын. Арзандатылған 81 мың тонна дизель отыны бөлініп, жедел штаб өз жұмысын бастады. А.И.Бараев атындағы егін шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы 2026 жылғы егін жинау науқанына бірқатар ғылыми ұсыныс енгізді. Сөздерінше, Ақмола облысында биылғы егін жинау науқаны ерекше климаттық жағдайда өтуде. Сәуір-шілде айларында жауын-шашын мөлшері небары 70 миллиметрді құрады. Ал, жылдық норма 152 миллиметр. Аптап ыстық күндердің көбеюіне байланысты дақылдардың пісу фазалары әдеттегіден 5-10 күнге ерте келді. Осыған орай, ғалымдар аграршыларға астық шығынын азайту және сапаны сақтау бойынша ғылыми негізделген практикалық ұсыныстарын ұсынды.
Егін жинау әдісін таңдау күнтізбеге емес, әр егістіктің нақты жай-күйіне байланысты болуы тиіс. Егер дәннің ылғалдылығы 20 пайызға дейін болса, егістік таза әрі сабағы аласа болса, тікелей ору тиімді. Ал, ылғалдылық 25-35 пайыз аралығында, егіс бітік әрі арамшөп аралас болса, десикация жасау немесе дестеге орып, бөлекше жинау тәсілі қолданылады.
Комбайнды дұрыс күтіп-баптап пайдалану тікелей қаржылай үнемділікке әкеледі. Алғашқы айналымнан кейін техниканың шығын нормасын тексере отырып, дәннің қалуын комбайн артында 2 пайыздан, жатка артында 0,5 пайыздан асырмау қажет. Ору биіктігін аласа егісте 10-14 сантиметр, ал, биік егісте 12-18 сантиметр деңгейінде ұстау ұсынылады. Биік сабан дестені тез кептіріп, қыста қар тоқтатуға септігін тигізеді.
Агрокеңестің іскерлік жағдайында өткенін ескерсек, Ақмола өңірі биыл да елдің азық-түлік қауіпсіздігін сенімді түрде қамтамасыз етуге дайын.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.
![]()

