Қазақы ырымдар – ұлттық тәрбиенің  арқауы

Біле жүріңіз!

Әлемдік ұғымға айналған «этикет» сөзі

Әдеп пен сыпайылық – кез келген қоғамның рухани және мәдени деңгейін көрсететін басты өлшем. Әлемдік ұғымда «этикет» сөзі француз тілінен аударғанда «рәсім өткізу тәртібі» дегенді білдіріп, алғаш рет патша сарайларындағы мінез-құлық ережесі ретінде қалыптасқаны белгілі. Алайда, қазақ халқының дүниетанымында этикет тек ресми ережелер жиынтығы емес, ол ғасырлар бойы сұрыпталған әдептілік, адамгершілік пен кеңпейілділіктің терең философиясы. Бүгінгі таңда халқымызға берілген  көңілдің ақтығын, жүректің пәктігін, жанның жомарттығы мен пейілдің кеңдігін табиғат-ананың асыл сыйы деп білсек, соның барлығы ұлттық этикеттің арқауы болып табылады.

Халық даналығындағы этикеттің басты негіздері

Қазақ халқының этикеті – мақал-мәтелдерде, нақыл сөздерде, салт-дәстүр мен күнделікті қарым-қатынаста көрініс тапқан халықтық кодекс. Оның басты бағыттары мынадай негіздерден тұрады:

Үлкенге құрмет, кішіге ізет. Қазақ қоғамында жасы үлкенді сыйлау – бұлжымас заң. Үлкеннің жолын кеспеу, алдынан сәлем беріп амандасу, төр ұсыну және батасын алу сияқты әдептер ұрпақ бойына кішкентайынан сіңірілген. Халық арасында кеңінен таралған «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген сияқты нақыл сөздер осының айқын  айғағы.

Сонымен қатар, үлкендер тарапынан кішіге қамқорлық жасап, ақыл-кеңес беріп отыру дәстүрі бар. Бұл сабақтастық «Аға алдында  пейіліңді көрсет, іні алдында  мейіріңді көрсет» деген принциппен реттеліп отырады.

Қонақжайлылық мәдениеті. Қонақ күту – қазақ этикетінің ең жарқын көрінісі. Қонақты жылы қарсы алу, дәм ұсыну, жағдайын сұрап, үйдің төріне шығару ерекше міндет саналған. «Қонақ келсе, құт келеді» және «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген сөздер  әрбір қазақ баласының балалық шағынан қанға сіңген өмірлік қағидалары.

Сөз әдебі мен амандасу мәдениеті. Қазақ мәдениетінде сөз сөйлеу мәнеріне, орынсыз сөйлемеуге, үлкеннің сөзін бөлмеуге және дауыс көтермеуге үлкен мән берілген. «Сәлем – сөздің анасы» демекші, «Ассалаумағалейкум!», «Сәлеметсіз бе?», «Амансыз ба?» деп сәлемдесу сыйластықтың алғашқы баспалдағы саналса, «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген сөздер сөз сүйектен өтетінін ескертеді.

Отбасылық және қоғамдық мінез-құлық. Отбасында ата-ананы құрметтеу «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» және туыстық ынтымақты сақтау «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деген аталы сөздермен жеткізіліп, адам бойындағы қарапайымдылық, ұстамдылық пен кішіпейілділік «Әдепті бала – арлы бала», «Әдептілік – әдемілік» деген қағидалармен бағаланған.

Тыйымдар мен ырымдардағы этикеттің мәні

Қазақ халқының тыйым сөздері мен ырымдары – жай ғана ырымшылдық емес, олар қоғамдық тәртіп пен әдептілік нормаларын реттеп отыратын рухани этикет кодексі қызметін атқарған. Ырымдардың өзі де ізгілікке бағытталған. Мәселен,  жолаушыға су беру бағзы заманнан сауап пен адамгершіліктің, үлкеннен бата алу ізеттіліктің, жақсы сөз сөйлеу ізгі ниеттің көрінісі болып табылады.

Ата-бабаларымыз әдепсіздік пен жаман әдеттерден сақтандыру үшін осындай тыйым сөздерді қатаң ұстанған. Адамның ішкі мәдениетін, әдебін қалыптастыруға және психологиялық тұрғыда жақсылыққа сендіруге бағытталған бұл тыйымдардың түпкі мағынасы мынадай.

«Тізеңді құшақтама». Бұл көңілсіздікті, қайғыны немесе жалғыздықты білдіреді. Біздің халық «Қайғырып отырған адам ғана басын салбыратып, тізесін құшақтайды» деп ырымдап, мұны жақсылыққа жорымаған.

«Есікті керме». Есікті екі қолыңмен немесе аяғыңмен тіреп, керіліп тұруға болмайды. Бұл үйдің берекесін қашырады, яғни, «үйге кедейлік пен кесір кіреді» деп саналған.

«Бос бесікті тербетпе». Бос бесікті тербеуге мүлде болмайды. Ол «үйдегі сәбидің мазасы кетіп, ұзақ ұйықтамай қояды немесе сол бесік бос қалады» деген қауіптен туған.

«Табалдырықта тұрма немесе отырма». Есіктің табалдырығы – киелі орын, үй мен даланың шекарасы. Онда тұру немесе отыру шайтанды шақырады, үйдің берекесі кетеді деп есептелген.

«Қолды қусырып отырма». Намаздан немесе бата сұраудан басқа уақытта екі қолыңды кеудеңе айқастырып, қусырып отыру қайғылы адамның әдеті немесе «жаманшылық күтіп отырғанның белгісі» деп саналған.

«Күлді баспа». Үйдің күлін аяқпен басуға, шашуға болмайды. Күл – оттың, яғни, шаңырақ пен берекенің қалдығы, оны қорлауға болмайды деген түсінік бар.

«Жағыңды немесе бүйіріңді таянба». Екі қолыңмен жағыңды немесе бүйіріңді таянып отыру масылдықтың, жалқаулықтың, еріншектіктің белгісі деп саналған. Мұндай адамның ырысы қашады деген түсінік қалыптасқан.

Қазақ даналығындағы этикет негіздері – үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, қонақжайлылық, сөз әдебі, отбасылық ынтымақ пен табиғатты аялау сияқты биік адамгершілік қасиеттерден құралады. Халықтың мақал-мәтелдері, нақыл сөздері, тыйымдары мен салт-дәстүрлері арқылы ұрпақтан ұрпаққа дарып отырған бұл құндылықтар бүгінгі заманда да өз маңызын жоғалтпаған ұлттық тәрбиенің алтын арқауы мен діңгегі.

Кейінгі ұрпақтарға өлмес із, өшпес сөз қалдырған ұлы бабаларымыздың мұрасы қашан болсын, халық санасынан ерекше орын алуы тиіс. Осы рухани қазынаны қастерлеу және оны қазіргі заманғы этикетпен ұштастыра отырып, жастарымыздың бойына дарыту өмір көрген, салт-дәстүрге жетік үлкендеріміздің басты борышы болып қала бермек.

Үміт ТАҢДАЕВА,
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің
этнография бөлімінің ғылыми қызметкері.

Сурет qazdauiri.kz сайтынан

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар