Біз үшін Сәкен Сейфуллин мен Сәкен сері Жүнісовтен бастау алатын Сәкен деген есімнің қазақ халқы үшін жөні бөлек болғасын ба, маған осы аттас жандардың бәрі де біртүрлі ыстық көрінеді. Арасында үлкені де, кішісі де ұшырасатын біраз өзім білетін Сәкендерім бар. Ойлап отырсам, бәрі де олқы соғар азаматтар емес. Бұлай болатыны, олар да бәлкім, Сәкен деген аттың қадірін жастайынан түйсініп өскен шығар. Әйтеуір, мейлі белгілі бір қызметтің тізгінін ұстасын, ел қатарлы көптің бірі болып жүріп-тұру бұйырсын, әрқайсысы өз орнында. Мына толғауы тоқсан тіршіліктің түзу жолында. Көбінің ел білетін қадір-қасиеті, атақ-абыройы да бір басына жетерлік.
Бұл жолы сол жақсылардың ішінен кімді атап, кімге өз лайықты бағасын бергелі отырмыз?! Әрине, Сәкендердің тағы бір бірегейі Сәкен Ахетұлы Тұрсынбай ағамызға. Мұның жақсы бір себебі де барын осы қалам алуымыздың соңына қарай білерсіз.
Сәкен ағамыз соғыстың төрт жылына қою нүкте қойып, жалауы желбіреген Жеңісті әкелген нағыз ақжолтай уақыттың Тәңірім ата-анасына бесінші бала қылып бере салған құтты бір олжасы дер едік. Әкесі Ахет Екінші дүниежүзілік соғыстың ел мен ер көрген қанды қасабынан шет қалмай, төрт жылы майданда өтті. Орден-медалі, Бас қолбасшының алғысымен оқ пен оттың ортасынан құдайым аман оралтып, келгесін туып-өскен Макин ауданының «Кіндікқарағай» колхозында басқарма төрағасы болды. Соғыстың алдында көршілес Қыстауқарағайда да осы қызметті атқарған. Сәкен сол әкесі аудандық атқару комитетіне жоғарылаған тұста Макинскінің өзінде дүниеге келген бала еді. Өзі де кішкентайынан сүп-сүйкімді болып, бір ағасы, екі апасының соңынан құлдыраң-құлдыраң ететін. Кейін артынан тағы бір інісі ерді.
Сол кезде-ақ тағдыр бұл үйдің балаларының маңдайына, кейін осы Сәкен аға да айналып өте алмаған медицина саласын жақсылап жазып қойса керек. Бір шаңырақтан болашақ екі дәрігер – өзі мен апасы Майраның жер бетіндегі осы бір ең қадірлі де керек мамандықтың құпия-сырына құлаш сермегені тегін емес қой. Үлкен апалары Шолпан бұл жауапты да абыройлы мамандықтың иесі болмаса да, дәрігердің дәрігері дейтіндей, Мәскеуде оқыған белгілі хирург-ортопед, медицина ғылымдарының кандидаты Тұрсын Бекеновқа тұрмысқа шыққан. Сәкен балдызы мамандық таңдарда, осы жездесі Алматыда туберкулезге қарсы ғылыми-зерттеу институтының белді қызметкері еді. Сол Тұрсын жездесі, одан қалды, Майра апасының ақыл-кеңесі, берген бағыт-бағдары бар, арман қуған жасқа Қарағанды медициналық институты бұйырып тұр екен. Ол кезде бұл оқу орны өзі тектес институттар арасында берер білімінің сапасы жағынан Қазақстанда бірінші, Одақта төртінші орында тұратын. Адам өмірі сеніп тапсырылатын дәрігерлікке жаныңды салып оқымай болмайтындығын ойлы жас басында-ақ түсінген. Бұл үйде тәрбиенің өзі де солай еді. Ел басқару ісіне өзінің ет тірлігі, жастайғы құлқымен барып араласқан әке талабы балаларына да жоғары болатын. Ол кейін өз нәтижесін берді де. Ағасы Сайран көп жылдар партия қызметінде болып, Щучье аупарткомының екінші хатшылығына дейін көтерілсе, інісі Сатыбай Рузаев аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінен көрінді. Ал, өзі ізімен жүрген Майра апасы Көкшетау қалалық перзентханасында әйелдерді босандырып алатын блоктың меңгерушісі болып, талай-талай сәбидің кіндік шешесі атанды.
Сәкен ағамыздың да бастау алып келе жатқан осындай өнегелі өмір жолының бір негізі өзі оқыған Макинск қаласындағы №2 орта мектеп қабырғасында қаланған. Оқуын жақсы оқумен бірге жастайынан спортқа жақын болды. Еркін күреспен шұғылданып, бапкері, самбодан Қазақстанның тұңғыш спорт шебері Жолан Әсеновтің арқасында жарыстарда да аты шыға бастады. Қасында күрес десе жанып тұратын Өтеген Кәрімов сияқты бозбалалар. Сол Жолан ағасы самбодан Орта Азия әскери округінің чемпионы еді. Бұл да әскерге, спорт ротасына барып, сол ағасындай болғысы келеді. Бірақ, дәм-тұз медициналық институттан жазды да, оқуына барын салғаны ғой, екі курс бойы көтеріңкі стипендия алып тұрды. Басқаша оқуға хақың жоқ, сен ертеңгі адам өмірі мен денсаулығына жауап беретін дәрігерсің. Осы ой көкейінде тұрады да қояды. Студенті осындай болса, оқытушыларына тіпті, сөз жоқ. Жетпіс пайызы шетінен білгір еврей ұлтынан. Сапалы білім деген осы екі ұштастықпен келеді екен ғой.
Сол бес жыл бойы молынан қамтып қалған ендігі бірталай білген-түйгенімен, өзі жете маманданған терапевт-дәрігердің дипломымен елге оралды. Ел дегеніміз, бүгінгі іргедегі қарағайлы-қайыңды, нулы-сулы Бұландыдан тақа айырмасы жоқ Көкшетау, оның №2 қалалық емханасы еді. Еңбек жолы солай учаскелік дәрігерден бастау алып кете барған Сәкен ағамыз өзінің институт қабырғасында алған білімінің терең екенін, осы бетінен таймаса, келген мекемесі қолы жеңіл, емі шипалы орнықты бір маманға әбден жаритынын айналасына тез-ақ аңғартты. Әсіресе, алдына келген науқастардың өзі туралы жылы пікірлері емхана меңгерушісі Бибітай Жұматқызы Айтқожинаның да құлағына жетіп жатса керек, ол кісінің былайша айтқанда, оң батасымен қалалық аурухананың гастроэнтерология бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалуына небары екі жыл уақыт жетті де қойды. Соның ішінде бұл екі жылдың бірінші жылында-ақ енді ғана институт қабырғасынан келген жас маманның осы қаладағы өзіндей 18 учаскелік дәрігердің бәрінен мысы басым түсіп, өз жұмысында бірінші орынды иеленуі тіпті, күтпеген жағдай болатын. Көрсеткіштері соны айтқанда, әр жерден, соның ішінде облыстық ауруханадан да құда түсушілер табылған. Бірақ, өзіне сеніп тапсырылған меңгерушілікті сол қалалық ауруханада 1976 жылы бастады да, 2018 жылға дейін бір орыннан тапжылмады. Арасында рас, бас дәрігер қолқалап болмаған соң екі жылдай емдеу ісі бойынша орынбасары болғаны бар. Әрі қарай алайда, бөлімше меңгерушілігіне қайта оралып, 43 жыл сол бөлімше, сол қызметте рекорд қойған осы Сәкен ағамыз ба дерсіз. Ара-арасында сол кездегі Көкшетау облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Альберт Сейдахметұлы Өтепов сияқты басшылар да көзден таса қылмай, ана лауазым, мына лауазымға шақырып қоятын. Ол кісіге де сеніміне рахметін айта отырып, сол гастроэнтерология бөлімшесіне бауыр басып қалғанын, бір орында отырғаннан да өзінің қолы ауруды емдеу, науқастармен болу екенін жеткізген сыпайылап. Тағы бір жылы бертін қала әкімі де осы қалалық аурухананың бас дәрігері қызметін меңзеген. Онда да ойы осы болып, сыпайы ғана бас тартыпты.
– Не керек, осы өмірімде ондайға баспай, тек алдыма келген, бөлімшеме түскен науқастың емімен ғана болдым,–дейді Сәкен ағаның өзі де сөз арасында бар шындығым осы дегендей.
Адамның ішкі құрылысы – асқазан-шек, яғни, гастроэнтерологияға мамандану, ол да оңай іс емес. Сәкен Ахетұлының әлі күнге осы саланың бір білгір маманы болып келе жатқандығы жоғарыда айтқанымыздай, біріншіден, институтта берері мол ұстаздарынан көкірек зердесіне жалықпай құйып алған білімі, екіншіден, өмір бойғы тыным таппай келе жатқан ізденісі. Онсыз бұл салада кібіртіктеп, уақыт талабына ілесе алмайсың. Мына медицина алға кеткен, емдеудің жаңа тәсілдері шығып, жаңа дәрі-дәрмектер көбейген заманда дәрігерге де ұдайы өз біліктілігін арттырып отыру керек. Әу баста гастроэнтерологқа екі ай Қазан қаласында маманданып келген. Одан бері алма-кезек Алматы, Қарағанды, Астана қалалары да бірнеше мәрте білім-білігіне септігін тигізіп, соның бір оқу курсын сонау Ставрополь өлкесінде өтіпті. Әлі күнге мұндайда Сәкен ағамызға бүгінгі жас шамасы да бөгет емес. Пайдасы, тың жаңалығы болса қалмауға тырысады.
Өйткені, өз ісіне жан-тәнімен берілген, жатса-тұрса осы мамандығымен бірге. 45 жылға тарта бір ауруханада гастроэнтерология бөлімшесінің меңгерушісі болуы жайдан-жай ма. Зейнет жасына жеткеннен кейін де бас дәрігер Серік Кәкенов «орныңызға кісі жоқ, жастардан да лайықты біреуі келмей жатыр», –деп қолқалап болмаған соң, уақыт шіркін, байқатпай, тағы 9 жыл істеп берген. Күні бүгінге дейін емдеу ісінен қол үзбеген кәдімгі жұмыс үстіндегі дәрігер. Бүгінгі күнді алсақ, осы салаға бақандай 53 жыл өмірін арнап келеді. Осы төңіректе бірде-бір дәрігер бұл салада осыншама еңбек етіп көрмесе керек. Мұның сыры неде? Өз мамандығы дегенде сонша құштарлық, сонша тұрақтылық Сәкен ағаны қалай баурап алған?! Оның мәнісін бойында күш-қуаты барда үйде қарап отырмай, еліне қызмет етуден іздеу керек. Жұмысымда осы мақаланы жазайын деп аға екеуміз әңгімелесіп отырғанда да жанындағы телефоны зың ете түсті. Осы күні асқазан, ішек аурулары да жиілеп кеткен. Кезекті науқас, ағамызға көрінгісі, соның жай-жапсарын білгісі келеді. Осылай сырқаттана қалса, бірден-бірге құлақтанып, тәжірибелі де білікті дәрігер көмегіне алып-ұшатындар аз емес.
– Сол қалалық ауруханада істеп жүрген кезімде демалыс күндері де үйге сыймайтынмын. Содан бөлімшеме барып, жұмысты байқап дегендей, біраз жүріп-тұрып келемін. Науқастарға келетін, сенімен жолығып, қал-жағдайын білгісі келетін кісілер болады. Соларға уақыт бөлемін. Ауыр науқастарды бір қарап шығамын. Дәрігерлердің де кейде денсаулығы сыр беретін кезі болады. Қалай жұмысқа бардым, солай ол құрыс-тырысымнан да жазылып кететінмін, – дейді осы арада ағамыз жаңағы телефонмен үзілген әңгімемізді жалғап.
Міне, өз жұмысына деген шын берілгендік. Барлық дәрігерлер осындай болса, бізде де медицина дегеніңіз көп алға басар еді-ау. Өйткені, қай істе де адам факторы, адамның өз ісіне көзқарасы шешуші орында ғой. Сәкен ағамыздың дәрігерлік болмыс-бітіміне, осындай ерекше қасиеттеріне қарап, небір жақсы ой түйесің. Мәселен, сұрастыра келсем, өз еңбек жолында бірге қызмет атқарған әріптестерінің ішінен, әсіресе, хирургтармен көп жағдайда тығыз байланыста жұмыс істепті. Айталық, мәселе асқазан не ішекке ота жасауға тірелгенде, марқұм Алексей Васильевич Светличныймен екеуі жиі ақылдасып, науқастың жағдайын жан-жақты сарапқа салған кездері де өзінің оң нәтижесін беріп отырған. Осылайша, кейде тіпті, отаны қоя тұрып, дұрыс қолданған ем-домның арқасында ауруды ептеп жазып, небір ауыр пациенттерді бері қаратып алған.
–Кейін осы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, өте білікті, адамгершілігі мол ініміз Нұрлан Жаровпен де 20 жыл бойы осы бағытта қоян-қолтық жұмыс істедік. Сондағы бар мақсатымыз, диагноз әлі анықтауды қажет етсе, бірлесіп алды-артын дәл бағамдап алу, қателікке ұрынып, бір-ақ рет берілетін адам өміріне қиянат жасамау,–деген сөзінің түйіні де осы сәтте абзал ағаның берік дәрігерлік ұстанымы болып көңілімді тербеген. Әрине, ақылдасып-кеңесіп алу, нені болсын, бірлесіп шешу қашан көптік еткен?! Бұл да науқастың жайын, жағдайын түсінген адамның кісілік бір қыры. Соған орай, тигізер көмегі де жоғарыдағыдай.
Рас, халқына адал қызметтің ескерусіз қалған кезі болуын болып жатады. Бірақ, көбіне мұндай еңбек, әсіресе, дәрігер еңбегі өз жемісін бере түспек. Бір қуанарлығы, Сәкен ағамен де солай. Бір фотосуретінің өзі бір емес, төрт рет Құрмет тақтасында тұрыпты. Әсіресе, бұл жағынан 1981 жылды ерекше атауға тұрарлық. Медициналық институтты бітіріп келгеніне жеті жыл, ал, бөлімше меңгерушісі болып тағайындалғанына бес жыл толған сол жылы Сәкен Ахетұлы осы салада өзін адал да тынымсыз еңбегімен көрсетуінің арқасында «Көкшетау облысының үздік дәрігері» болып танылады. Сөйтіп, аз уақыт ішінде көп құрметіне бөленіп, суреті арасында Социалистік Еңбек Ерлері, тағы басқа да небір майталмандар бар 9 адамның қатарында облыстық Құрмет тақтасына ілінеді. Сол жолы Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігі облысқа осы салаға бір «Москвич» жеңіл автокөлігін бөліп, ол да ақшасына Сәкен ағамызға беріледі.
Бұл қуаныш, бұл құрмет жас маманды өз кәсіби міндетіне одан сайын жауапкершілікпен қарауға, өзі берген дәрігерлік Гипократ антын бір сәт те естен шығармай, әріптестерімен, науқастармен тек қана ортақ тіл табысып, халықтың денсаулығы жолында аянбай ете беруге жетелегені анық. Шынында әрі қарай да солай болып, 1986 жылы жоғары санатты дәрігер, ал, 1988 жылы Қазақ КСР денсаулық сақтау ісінің үздігі атанды. Осындайда кімнің болсын, өз ісін жақсы білуі, ар-ожданы, кісілік келбеті, жайлы мінез-құлқымен өз ортасына тастай батып, судай сіңуі қандай ғанибет.
Сәкен Ахетұлы міне, кәсіби даярлығы жоғары, тәжірибесі мол, кішіпейіл десең кішіпейіл, нағыз осы өлшемнің адамы десек, қателеспейміз. Осы жылдарда бірге еңбек еткен дәрігерлер мен орта буын мамандарды айтпағанда, бас дәрігерлердің де қаншасын көзі көрді. Алғаш өзі осында келгенде аурухана басшысы Степан Иванович Лященко еді. Одан кейін де Владимир Иванович Амченцев, Төлеген Әбілғажыұлы Изанов, Серік Қабдөшұлы Кәкенов, Нұрлан Серікұлы Аяғанов, Банұржан Баянұлы Жанғалов, қазіргі Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермекұлы секілді талай азамат осы емдеу мекемесін басқарған екен. Қаншама жылдар бойы солардың қай-қайсымен де әй-шәй деспей, ортақ тіл табысып, бір мақсат, бір мүдде жолында қатар еңбек етті. Жастардан қазіргі бас дәрігер, өзінің аттасы Сәкен Қалымтайұлы Қалымжанов та осы ауруханадан өскен, бірі хирург, бірі гастроэнтеролог болған соң жоғарыда айтқанымыздай, жұмыста да тығыз араласып келген тілектес бір інісі.
Осы жасында дәрігерлігі, азаматтығы да бір төбе болғанымен, көп сөзге жоқ Сәкен ағамызбен осылай әдейіліп жолығып жатқан соң, өнегелі өмірінің ана қыры, мына қырынан жақсылап бір сөйлетіп алсам деймін. Бұл ретте, келесі бір сауалды тікелей сол бөлімше ішіндегі бір күндік айналысар жұмысы, соның салмақ-жүгінен қойғанбыз. Бұл жағынан біздің білетініміз, көбіне-көп өзіміздің де ауырып, ауруханаға түсе қалсақ, емдеуші дәрігердің палатаға бір келіп-кетер «обходтары» ғой.
– Бөлімшедегі дәрігердің кейде екі жаны бар. Бірде өзіңдегі науқастармен болсаң, бірде реанимациядан шықпайсың. Ауыр науқастар түседі, кісі өлімі орын алып жатады дегендей, емханада істейтін дәрігерлер де осы жағын жақсы біледі. Біледі де, ауырсынып біздегі жұмысқа келмейді.
Иә, Сәкен ағада өзі сүйіп, арқа тіреген осы бір қадірлі мамандығы дегенде, білмейтін жайлар, ат салыспаған ортақ мәселелер жоқ шығар. Он төрт жыл бойы осы қалалық аурухананың интернатурасына жетекшілік етіп, жоғары оқу орнының қабырғасынан келген жас дәрігерлердің жұмысына, бастапқы аяқ алысына бас-көз болды. Сөйтіп, бұл жағынан да бар білгені мен ағалық ақыл-кеңесін аянбай, талай жастың өз еңбек жолының бастауындағы осы бір кәсіби сынақтарынан ойдағыдай өтулеріне ұйытқы болды. «Сыйға сый, сыраға бал» демекші, содан бері осы салада өз орындарын тапқан олар да Сәкен ағаларының өз өмірлеріне осы бір қатыстылығын естен шығармай, ұстаздарындай көретіні бар. Ұстаз демекші, осы жылдар ішінде өз мамандығы бойынша талай ізбасарларын соңына ерткен Сәкен Ахетұлы бүгінде өзі жетекшілік еткен бөлімшесінде де кілең өзінің тәлім-тәрбиесінен өткен әріптестерінің жұмыс істеп жатқанын мерей тұтады. Жалпы, осы күні ол кісінің «Сәкен аға ұстазым» дейтін оқушыларын басқа жерлерден де кездестіру қиын емес.
Міне, бар саналы ғұмырын адам жанының арашашысы – дәрігерлік іске арнаған шоқтығы биік азаматтың бір сөзбен өнегелі өмір жолы деп сипатталатын қадір-қасиетінің өзі осы. Қалалық ауруханадан кейін бес жыл Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналған емханада жұмыс істеді. Осы емдеу мекемесінің бас дәрігері Бағила Доскенқызы Закіринаның қолқалап шақыруымен барып, еңбегі тек жылы сөзбен, алғыспен қайтып отырды. Қазір АлеВита медициналық орталығында науқастарды қабылдайды. Дәрігер жұмысында «жасың келді» деген шектеу жоқ. Көп адамдар қайта бұрыннан келе жатқан «ескі» дәрігерлерді іздейді. Сәкен ағаға да осы қала, облысты былай қойып, Астана, Солтүстік Қазақстан, басқа көршілес облыстардан да келіп көрінеді. Өйткені, халық өзі біліп алған жақсы дәрігер ешқашан көзден таса қалмақ емес. Бұл енді Сәкен Ахетұлының Көкшетау қалалық ардагер дәрігерлер кеңесінің төрағасы да болып келе жатқаны сияқты, өмірдің адамға берген шын бір абыройлы жолы. Осыны айтқанда бұл кісінің «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» екенін де ауызға ала кетпей болмайды. Осы қалада аға буыннан осы Сәкен ағамыз сияқты бір кезде дәрігерлік мамандықты қалап, оған бар жан-тәнімен оқып, еліне адал қызмет еткен бір шоғыр жақсылар бар. Біздің кейіпкерімізге сол жолда сенімді «тылы» да көмектескен. Міне, кезінде Сақыпжан апайымызбен отау құрып, ұғынысып-түсінісіп, бірге келе жатқандарына да елу жылдан асыпты. Балалары Гүлнәр, Қайрат, Әлібек те өмірде өз орындарын тауып, 13 немере-жиен, олардан өрбіген шөберелерімен көңіл көркейткен жайлары бар.
Бұл тіршілікте қолдан келгенше ауырып-сырқамайық. Ал енді, солай бола қалды екен, бір-бірімізге «шипасы болсын» деп жатпаймыз ба? Мұндайда бізді сол сырқатымыздан айықтырып, жағдайымызды жеңілдетіп жататын дәрігер кім? Ол да жаныңа шипа дарытқан шипагер. Ендеше, осындай ұзақ та өнегелі еңбек жолында мыңдаған адамның денсаулығына араша түсіп, оларға өмір, күш-қуат, жан саулығын сыйлап келе жатқан Сәкен Ахетұлы Тұрсынбай ағамыздың сеңгірлі сексен жасы құтты болсын және қолы жеңіл, жаны жайсаң шипагердің ел-жұртына шапағаты әлі де тие берсін!
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
![]()

