Егін орағы – 2026
Ауа райының қолайлы болуының арқасында облыстың диқандары қазірдің өзінде қамбаға 4 миллион тоннадай астық құйып үлгерді. Бұл болжанған астық түсімінің шамамен 62 пайызы. Синоптиктердің айтуына қарағанда биылғы жаздағыдай аптап ыстық бұдан бұрын 1998 және 2010 жылдары тіркелген екен.
Бірақ, ол жылдары ауа райының құрғақшылығынан егіннің шығымдылығы өте төмен, гектарынан 3,7 центнерден ғана айналған екен. Биыл орташа көрсеткіш одан екі есе жоғары болып отыр.
Бүгінгі таңда жазғы аптапқа қарамастан, Сандықтау ауданының жергілікті шаруалары әр гектардан орта есеппен 27 центнерден өнім алуда. Бидайдың қамырлылығы 28 пайызды құрап, жоғары сапалы «Hi-Pro» стандартына сай келеді.
Максимовка ауылындағы «Свободное» серіктестігінің директоры Александр Закусиловтың айтуынша, биыл егілген дақылдар ыстық ауа райына байланысты әдеттегіден 3 аптадай ерте піскен.
– Биыл біз 20 мың гектар алқапқа бидай, бұршақ және майлы дақылдар ектік. Күзгі жиын-терім жұмыстары ерте басталды. Тамыздың үшінде бұршақ дақылдарын жинауды бастасақ, тамыздың ортасында бидай оруға кірістік. Осының бәрі егіннің ерте пісуінен, – дейді серіктестік директоры.
– Жалпы, облыс бойынша егіннің орташа шығымдылығы гектарына 13,5 центнерден айналуда. Мұндай көрсеткішке биылғы ауа райының біршама қолайлылығынан және мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жетіп отыр. Шаруалар жеңілдетілген жанар-жағар майды уақытында алды. Үкімет 81 мың тонна жанар-жағар май бөлсе, соның 50 мың тоннасы шаруашылықтарға жеткізілді. Бұдан бөлек мемлекет тарапынан облыс аграршыларына ауыл шаруашылық саласы бойынша 316 миллиард теңгеден астам мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде «Кең дала–2» бағдарламасы аясында 5 пайызбен 131 миллиард теңге төмендетілген несие бөлінді. Бұл да шаруаларға егінді дер кезінде егіп, өнімді де дәл солай ерте жинап алуға үлкен мүмкіндік туғызып отыр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.
Биыл Ақмола облысы бойынша жалпы егістік алқабы 5,5 миллион гектардан асады. Былтыр өңір диқандары 7,5 миллион тонна астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізсе, биыл бұл межені басып озып, қамбаға 8 миллион тонна алтын дән құюды жоспарлап отыр. Лайым, солай болғай!
Ы.ШАМШИЕВА.
![]()

