Қосшыда Дүниежүзілік тазалық күніне орай ауқымды сенбілік өтті

19 қыркүйек күні Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылы арасындағы Сарқырама өзенінің жағалауында Дүниежүзілік тазалық күніне орай ауқымды экологиялық шара өтті.

Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен World Cleanup Day халықаралық бастамасы аясында ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – қоршаған ортаны қорғау, табиғи аумақтардың тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Сенбілікке 400-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында қала тұрғындары, жастар, еріктілер, мәслихат депуттары, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері және белсенді азаматтар бар. Қатысушылар Сарқырама өзенінің жағалауындағы аумақты тазалап, жиналған қоқыстарды арнайы техника көмегімен шығарды.

Іс-шара барысында қатысушыларға тазалық жұмыстарын жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар, қаптар мен қолғаптар беріліп, арнайы техника жұмылдырылды.

Шараға қатысушылар туған өлкенің тазалығына үлес қосып қана қоймай, табиғатқа деген жауапкершіліктің маңызын көрсетті. Себебі қоршаған ортаны қорғау – бір күндік акциямен шектелмейтін, қоғамның әр мүшесіне ортақ міндет.

Қала әкімі Азамат Есімұлы өз сөзінде табиғатты аялау мен тазалықты сақтау баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз екенін атап өтті. «Таза Қазақстан» бастамасының мәні де – тек аумақтарды тазарту емес, қоғамда тазалық пен тәртіпті күнделікті өмір салтына айналдыру.

Дүниежүзілік тазалық күні аясындағы осындай шаралар тұрғындардың экологиялық белсенділігін арттырып, туған жерге деген жанашырлықты қалыптастыруға бағытталған.

Таза әрі жайлы Қосшы – баршаға ортақ жауапкершіліктің нәтижесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар