Бақытты балалықтың мекені

Ақмола облысының білім басқармасына қарасты «Жас дәурен» балалар оқыту-сауықтыру орталығында кезекті жазғы маусым сәтті аяқталды. Табиғаты көркем Сандықтау ауданында орналасқан бұл орталықта маусым бойы облыс аудандарынан, сондай-ақ, Астана және Көкшетау қалаларынан 800-ден астам бала демалып, сауықтырылды. Орталықтағы демалыс бағдарламасы сауықтыру, спорт, шығармашылық және ұлттық тәрбие бағыттарын өзара шебер үйлестірді.

Орталық жазғы демалыс және сауықтыру маусымын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырып, балаларға еңбекке құрметпен қарау, жауапкершілік, өзара көмек көрсету және мәдени мұраны қастерлеу идеяларын кеңінен насихаттады.

Оқыту-сауықтыру орталығының директоры Арман Өмірзақовтың айтуынша, мұнда балалардың бос уақыты барынша мазмұнды әрі қызықты ұйымдастырылған.

– Орталықтағы балалар мен жасөспірімдердің демалысын пайдалы өткізу үшін арнайы шеберханалар мен студиялар ұйымдастырылды. Оларда түрлі қызықты шеберлік сыныптары өткізілді. Ең танымал бағыттардың бірі «Мұра және қолөнер» этно-шеберханасында қыздар дәстүрлі қолөнер түрлерімен танысып, ұршықпен жіп иіруді, киізбен жұмыс істеуді үйренді. Сол тәрізді «Өзің жаса» ағаш өңдеу шеберханасында ер балалар түрлі құралдармен жұмыс істеуді меңгеріп, ағашты күйдіру және арамен кесу тәсілдерін меңгерді, өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасады, – дейді Арман Өмірзақов.

Сол тәрізді «GAMMA» бейнелеу өнері студиясында тәрбиеленушілер әртүрлі көркемдік техникаларды қолдануды меңгеріп, табиғат аясында өтетін сурет сабақтарына қатысып, көрмеге арналған шығармашылық жұмыстар әзірледі. «Ертегілер мен шытырман оқиғалар әлемінде» үйірмесінде әдеби сабақтар да қызықты өткізілді. Балалар классикалық және заманауи авторлардың шығармаларын оқып, викториналар мен шығармашылық ойындарға қатысып, кейіпкерлердің іс-әрекеттерін талқылап, өз пікірлерін еркін білдіруге үйренді. Сонымен қатар, балалардың денсаулығын шыңдау мақсатында күн сайын ұлттық ойындар, эстафеталар, футбол, волейбол, асық атудан жарыстар мен бассейндегі жаттығулар өткізілді.

Орталық мамандарының айтуынша, балалардың  эмоционалдық жайлылығына да баса мән берілген. Бұл ретте, «Гармония» психологиялық бөлмесінде арт-терапиялық сабақтар, зейінді дамыту жаттығулары ұйымдастырылыпты. «Мұндай жұмыстар балалардың өзара тіл табысып, жаңа достар табуына үлкен септігін тигізеді» дейді психолог-мамандар.

Міне, осылайша аспанмен таласқан зәулім қарағайлы орманның шипалы ауасы, орталық ұсынған бес мезгіл құнарлы тамақ пен жүйелі күн тәртібі балалардың бойына сарқылмас қуат пен ерекше сергектік дарытты.

– Орталықта өткізген әрбір күн балаларға жаңа дағды дарытып, өзіне деген сенімділікті арттырды. Балалар үйлеріне демалып, шынығып қана қоймай, өздерімен бірге ең асыл қазынаны – адал достар мен бақытты жаздың жарқын естеліктерін ала кетті, – деп сөзін түйіндеді орталық директоры.

Еске сала кетсек, биыл Ақмола облысы бойынша жазғы кезеңде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді. Биыл облыстың 16 білім беру-сауықтыру орталығында 11 300 бала дем алса, 771 мектеп жанындағы лагерде 123 мыңнан астам оқушы әртүрлі бағдарламалық демалыс шараларымен қамтылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар