Назарбаев Университетінде Social Impact Award Kazakhstan 2026 халықаралық бағдарламасының финалы өтті. Әлеуметтік жобаларын таныстырған қатысушылар қатарында Көкшетаудағы NIS оқушысы Юсуф Мухамбеткалиев те болды. Оның OnAITynys жобасы қазылар алқасының арнайы жүлдесі – Jury Award марапатына ие болды.
Биыл бағдарламаға Қазақстанның әр өңірінен 212 өтінім түскен. Байқау қорытындысы бойынша 15 жоба инкубациялық бағдарламаға жолдама алды. Үш ай бойы қатысушылар менторлар мен салалық сарапшылармен бірге жұмыс істеп, жобаларының болжамдарын тексеріп, мақсатты аудиториясын анықтады. Идеяларын жетілдіріп, көпшілік алдында қорғауға дайындалды.
Social Impact Award (Соушал импакт ауард) – әлеуметтік мәселелерге арналған шешімдер әзірлейтін жастарды қолдауға бағытталған халықаралық бағдарлама. Ол әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылады. Қазақстандағы бағдарлама Назарбаев Университетінің қолдауымен ұйымдастырылады. Байқауға еліміздің әр өңірінен келген жастарға университет түлектері ментор ретінде қолдау көрсетті.
Юсуф байқауда OnAITynys жобасын, яғни, бронх демікпесі бар адамдардың жағдайын бақылауға арналған құрылғы мен цифрлық платформаны таныстырды. Жоба тыныс алу, жүрек соғысы және қандағы оттегі мөлшеріне қатысты көрсеткіштерді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл тақырып Юсуф үшін таңсық емес. Себебі, ол бронх демікпесімен өмір сүріп келеді және жобасын шамамен үш жылдан бері дамытып жатыр. Осы уақыт ішінде аурудың ерекшеліктерін зерттеп, дәрігерлер мен мамандардан кеңес алып, қолданыстағы шешімдерді саралады. Біртіндеп зерттеу жұмысынан өз прототипін жасауға көшті.
Құрылғы адам денесіне бекітіліп, тыныс алу жүйесінің жағдайын бақылауға арналған. Жиналған деректер цифрлық жүйеге жіберіліп, онда бақылау тарихы сақталады. Жобада жасанды интеллект технологиялары да қолданылады.
Social Impact Award бағдарламасына қатысу Юсуфқа жобасын сарапшыларға таныстырып қана қоймай, оның практикалық тұрғыдан қаншалықты іске асатынын бағалауға мүмкіндік берді. Инкубациялық бағдарлама барысында қатысушылар негізгі аудиториясын, жобаның моделін және оны дамыту жолдарын пысықтады.
Шешуші кезеңде «Оңай тыныс» қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Юсуфтың жобасы бұған дейін де халықаралық деңгейде мойындалған. OnAITynys Infomatrix Asia 2026 халықаралық байқауында бірінші орын алған. Ендігі кезекте жас әзірлеуші құрылғы мен цифрлық платформаны одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр.
Бейбарыс СӘКЕН.
![]()

