Өткен аптаның соңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласындағы қайта жаңартылған тұрғын үйде болып, осы үйдің тұрғындарымен кездесті және облысты табиғи газбен жабдықтау мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Облыс орталығында тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялаумен қатар, көп пәтерлі тұрғын үйлерді қайта жаңарту жұмыстары да іске асырылуда.
Тұрғын үйлер жаңартылады
Модернизациядан өткізілген алғашқы нысан – Быковский көшесіндегі 5-ші үй. Небары 45 күн ішінде тұрғын үйдің шатырын ауыстырудан бастап, кіреберістері дерлік жөнделген, қасбеті жаңартылған.
–Тұрғын үй қорын жаңғырту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдама аясында жүргізілуде. Оның негізгі мақсаты – көп пәтерлі тұрғын үйлердің техникалық жағдайын жақсарту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, – дей келе, осы жобамен таныстырған Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев облыс әкіміне мұндай жобаның облыс орталығында осыдан он шақты жыл бұрын да қолға алынып, кейін белгілі бір себептермен тоқтап қалғанын да айтты.
–Баршамызға белгілі, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға негізделген. Бұл жоба да соның бір жемісі деуге болады. Ал, осы жоба негізінде жергілікті атқарушы органдардың міндеті «Кокше-МЖД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мүлікті басқару субъектісі арқылы республикалық бюджеттен қаржы алуға көмектесу. Ал, меншік иелері қайта жаңартуға алынған осы қаражатты уақытылы қайтарып, кейінгі үйлерді жаңғыртуға мүмкіндік беретін бағдарламаның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс, – деді Марат Ахметжанов.
Бағдарлама қағидасы бойынша тұрғындар бұл жобаны өз үйлерінде жүзеге асыруға шешім қабылдау үдерісіне тікелей өздері қатысқан. Мүлік иелерінің бірлестіктері тұрғындармен келісе отырып, жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымды бірге таңдап, дизайн шешімдерін бірге әзірлеп, қолданылатын материалдарды да бірлесе бекіткен.
«Быковский 5» мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Надежда Сысоеваның мәлімдеуінше, бұл көп пәтерлі тұрғын үй 52 жыл бұрын пайдалануға берілген. Содан бері бірде-бір күрделі жөндеу көрмеген үйдің барлық коммуналдық желілері тозып, әбден ескірген. Содан барлық тұрғындары келісе отырып, қайта жаңарту жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында басталған және бір жарым айдың ішінде аяқталған. Олар мемлекеттен 15 жылға несие ретінде 95 миллион теңге қаржы алған, оны аталған үй тұрғындары пәтерлерінің көлемі негізінде бөліп төлейді. Мәселен, 1 бөлмелі пәтер иелері ай сайын 3-4 мың теңгеден төлесе, 3 бөлмелі пәтер иелері 7-8 мың теңге аралығында өтеп отырады.
Қала әкімінің айтуынша, жалпы облыс орталығында 320 көп пәтерлі тұрғын үй модернизациялау жобасымен қайта жаңартуды қажет етеді екен. Оның 107-сі бойынша мекен-жайлық жұмыстар жүргізілген. Сонымен қатар, қазіргі уақытта 4 үйдегі бес лифтіні жөндеуге арналған жобалау-сметалық құжаттама сараптамадан өтуде. Қайта жаңартылған тұрғын үйдің ішін аралап көрген біз осы жобаны қаладағы біраз үйлерде де пайдаланып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру ісі алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады деп сенім білдірдік.
Алдағы жылдары табиғи газ келеді
Бұдан әрі өңір басшысы «Digital Aqmola» алаңында өткен облысты газбен жабдықтауды дамыту перспективалары туралы кеңеске қатысты. Стратегиялық маңызды мәселе қаралған бұл жиынға «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Астана өндірістік филиалының бас директоры Ержан Балабеков, «Астана Газ КМГ» акционерлік қоғамының басшысы Эльдар Ваисов, салалық министрліктің мамандары, облыс әкімінің орынбасарлары мен қоғам белсенділері қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2035 жылға қарай еліміз өңірлерінің 85 пайызы табиғи газбен қамтылуы тиіс. Қазіргі таңда Ақмола облысының 26 елді мекені немесе 226 мың тұрғыны табиғи газбен қамтылған. Атап айтқанда, көгілдір отын Аршалы және Целиноград аудандары мен Қосшы қаласына толық жеткізілді. Осылайша, өңір халқының газбен қамтылу деңгейі 29 пайызды құрап отыр. Облыс әкімінің айтуынша, бұл орындалған жұмыстар жоспарланған мерзімнен бұрын іске асырылып отыр. Мәселен, 2027 жылға жоспарланған жобалар биылдың өзінде жүзеге асқан.
Жиында белгілі болғанындай, алдағы үш жылда облыстың 337 елді мекені табиғи газбен қамтылуы тиіс. Бұл ретте, облыста «Сарыарқа» магистральды газ құбыры құрылысының бірінші кезеңінде 26 елді мекен газбен қамтылса, оның жалғасы ретінде енді «Есіл – Астана» магистральдық газ құбырының құрылысы басталады. Жоба аясында облыс орталығы Көкшетау қаласына, Шортанды, Ақкөл, Бұланды, Бурабай және Зеренді аудандарына да табиғи газ жеткізіледі. Сонымен қатар, тағы төрт аумақты газ магистраліне қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
«Есіл – Астана» магистральдық газ құбырының құрылысы «Сарыарқа» газ тасымалдау жүйесін солтүстік бағытта жалғастырады. Жаңа магистраль Көкшетау қаласы мен оған іргелес аудандарға табиғи газ жеткізуге жол ашады. Алдын ала есептеулер бойынша, жоба аясында 120 мыңнан астам абонентті осы табиғи көгілдір отынға қосу көзделген. Ал, газбен қамтылатын әлеуетті тұтынушылар саны 480 мыңнан асатын болады.
– Мемлекет басшысы 2035 жылға қарай елді мекендердің 85 пайызын табиғи газбен қамтамасыз етуді тапсырды. Ақмола облысында бұл бағыттағы жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Ендігі басты міндет – жобаға қатысушы тараптардың жұмысын үйлестіріп, құжаттар мен инфрақұрылымды уақытылы әзірлеу. Газдандырылатын аумақтар бойынша бастапқы деректерді тез арада жинақтап, «АстанаГаз КМГ» компаниясына жолдауды тапсырамын. Сонымен бірге, газ құбырларының тармақтары мен тарату желілерін жобалауды пысықтап, қаржыландыру көздерін айқындау қажет. Жоба сәтті өтуі үшін барлық жауапты құрылымдар бірлесе әрекет етуі тиіс, – дей келе, Марат Ахметжанов газ тартылатын аудандардың әкімдері мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бахтыбек Жапаевқа тиісті тапсырмалар берді.
Жиында баяндама жасаған компаниялардың басшылары Ержан Балабеков пен Эльдар Ваисов біздің облысты газбен жабдықтау бойынша атқарған жұмыстарын ортаға салып, кейбір туындайтын мәселелерге қатысты өз ұсыныстарын айтты.
«Астана – Көкшетау» магистральдық газ құбыры учаскесінің ұзындығы 330 шақырымнан асады. Жоба аясында компрессорлық станция және Көкшетау қаласында автоматтандырылған газ тарату станциясы салынады. Құрылыс жұмыстарын 2027-2028 жылдары жүргізіп, магистральды пайдалануға беру 2029 жылдың соңына жоспарланған.
Газ тасымалдау жүйесінің дамуы халықты газбен қамтуды кеңейтумен қатар, өңірдің жылумен жабдықтау жүйесін дамытуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта табиғи газға 56 қазандықты, 301 мектепті, 16 аурухананы және әлеуметтік-мәдени саладағы басқа да 328 нысанды көшіру жоспарланған. Жобалау кезінде индустриялық аймақтар мен жұмыс істеп тұрған және болашақта іске қосылатын кәсіпорындардың қажеттіліктері де ескеріледі.
Жиын барысында газ магистральдары құрылысымен айналысатын мамандар облыс әкіміне өз ұсыныстарын айтып, құбырлар мен станциялар салынатын аумақтарда ғимараттардың салынбауы, ағаштар отырғызылмауы секілді өтініштерін жеткізді. Бұл ретте, облыс әкімі аудан басшыларына магистраль өтетін аумақтарға ешқандай нысан тұрғызбауға, ол аумақтан ешкімге жер бермеуге мараторий жариялады.
Жалпы, газдандыру Көкшетау қаласының одан әрі дамуы үшін де ерекше маңызға ие. Қаланың жаңа бас жоспарының жобасына сәйкес, 2050 жылға қарай облыс орталығы халқының саны 500 мың адамға жетуі мүмкін. Тұрғындар санының өсуі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды, соның ішінде жылумен жабдықтау қуатын едәуір кеңейтуді талап етеді. Ал, табиғи газға қолжетімділік қолданыстағы өндірісті жаңғыртуға, жаңа кәсіпорындарды іске қосуға және инвестиция тартуға серпін береді.
Сонымен қатар, облыста газбен жабдықтау аумағын одан әрі кеңейту мәселесі де пысықталуда. Атап айтқанда, Степногорск қаласы мен Астрахан, Сандықтау және Біржан сал аудандарын магистральдық газ құбырына қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл бағыттағы түпкілікті шешім техникалық және жобалық зерттеулердің нәтижесі бойынша қабылданады.
Түйіндей келгенде, халықты газбен қамту облыстың болашағына, экологиясы мен экономикасына құйылатын үлкен инвестиция болмақ. Өңір тұрғындарының көмірдің машақатынан арылып, көгілдір отынның игілігін көрер шағы да көзді ашып жұмғанша, ертең-ақ жетіп қалар. Осыған сенгіміз келеді!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

