Игі бір іс
Аудан орталығында Мұғалім күніне орай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» атты салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік шараға білім саласының ардагерлері мен қазіргі таңда жас ұрпаққа тәлім мен тәрбие беріп жүрген ұстаздар қатысты.
Іс-шараның ресми бөлімінде білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар мұғалімдерге арнайы марапаттар табысталып, әрі қарай аудан өнерпаздарының арнайы театрландырылған қойылымы мерекенің көркін қыздыра түсті.
Кешегі Қорғалжын халық театрындағы Қалимұса Құсайынов, Мұхаметәлі Әлімжанов, Қадиша Темірова, Мұхамед Асайынов сынды өнер саңылақтарының ізін жалғаған жастар хакім Абайдың даналығына, Алаш ағартушыларының сара жолына тоқталу арқылы білім беру ісін ұлықтады.
– Мерекелік қойылым көңілімнен шықты, мен өзім Қызылсай ауылдық округінен осы іс-шараға әдейілеп келдім. Жас өнерпаздарымыздың дайындығы өте жоғары деңгейде екені көрініп тұр. Кезінде Қалимұса Құсайынов атындағы халық театрының қойылымдарын қалт жібермеуші едік, жас өнерпаздар сол шақты қайтып көз алдымызға алып келгендей болды, – деп ағынан жарылды бұл орайда ардагер-ұстаз Қабдолла Жабалов.
Иә, аудандық білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген «КСРО Еңбек ардагері» Қабекеңнің сөзінің жаны бар. Қорғалжын өңірін біз әрдайым өнерінен танитынымыз да рас. Сондықтан, ұлағатты ұстаздар күніне тыңғылықты дайындалып, көрерменнің көңілінен шыққан өнерпаздарымызға мың алғыс дейміз.
Шоқан ЗӘКАРИН,
публицист, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
Қорғалжын ауданы.
![]()

