Жаңа тарихи кезең — елдігіміздің кезеңі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің саяси-құқықтық дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды құжат болып табылады.

Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстанның егемендік тарихына, тәуелсіздіктің тарихи маңызына, жаңа Конституцияға және саяси жүйені жаңғырту үдерісіне тоқталды.

Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтіледі. Бұл – мемлекеттілігіміздің қалыптасу жолын саралап, қол жеткізген нәтижелерді бағамдайтын және болашақ алдындағы міндеттерді айқындайтын маңызды кезең. Тәуелсіздік – елдің дербестігі мен ұлттық құндылықтарының негізі, ал, оны сақтау мен нығайту – барша азаматқа ортақ жауапкершілік.

Жолдауда ерекше назар аударылған мәселелердің бірі – жаңа Конституцияның маңызы. Конституция мемлекеттің құқықтық негізін белгілеп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін және қоғам дамуының негізгі қағидаттарын айқындайды. Оның басты мәні – заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау.

Саяси жүйені жаңғырту мемлекеттік институттардың қызметін жетілдірумен қатар, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Мұндай өзгерістердің нәтижесі мемлекеттік органдардың ашықтығынан, халықпен тиімді байланыс орнатуынан және азаматтардың күнделікті өміріндегі нақты оң өзгерістерден көрініс табуы тиіс.

Елдің тұрақты дамуы мемлекеттік шешімдерге ғана емес, қоғамның белсенділігіне де байланысты. Әр азаматтың заңды құрметтеуі, өз міндетін адал атқаруы, қоғамдық тәртіпті сақтауы және ортақ іске үлес қосуы – жауапты қоғам қалыптастырудың маңызды шарттары.

Бұл ретте, білім мен тәрбие саласының орны ерекше. Жас ұрпаққа сапалы білім беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру – болашаққа бағытталған маңызды міндеттер. Білімді, саналы және еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана елдің зияткерлік әлеуетін арттырып, қоғамның тұрақты дамуына негіз қалауға болады.

Қорытындылай келе, Президент Жолдауында көтерілген мәселелер тәуелсіз Қазақстанның алдағы даму міндеттерін және мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігін айқындайды. Қабылданған шешімдердің тиімділігі олардың іс жүзінде жүзеге асуымен, заң үстемдігінің сақталуымен және халықтың әл-ауқатына ықпалымен бағаланады.

Елдің болашағы – бірлікте, заңға құрметте, сапалы білімде және әр азаматтың жауапты еңбегінде. Қазақстанның дамуы мен өркендеуі ортақ мақсат жолындағы жүйелі жұмыс пен азаматтық жауапкершілікке негізделеді.

Нұрсәуле МҰРАТҚЫЗЫ,
 Көкшетау қаласы №4 жалпы орта білім беретін мектебі,
директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары,
ҚР Журналистер одағының мүшесі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар