Ақмолалықтар ұсынған ырыздық

Қасым-Жомарт Тоқаев:

Ақмола облысында шетелдің озық тәжірибесіне сай ет кластері құрылып жатыр. Осындай жобаларды қолдауға болады, қажетті жағдайда қаражат та бөлу керек.

(Қазақстан халқына арналған Жолдауынан,

28 қазан, 2026 жыл).

Елордадағы жәрмеңке 

Мемлекет басшысы атап өткеніндей, Ақмола облысы елорданың азық-түлік белдеуі саналады. Бүгінде өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері Астана тұрғындарының азық-түлікке деген қажеттілігін едәуір көлемде қамтамасыз етіп келеді. Атап айтқанда, сүт өнімдерінің 40 пайызын, еттің 30 пайызын, жұмыртқаның 80 пайызын қамтамасыз етеді.

Өткен демалыс күндеріАстана қаласында Ақмола облысыныңауқымды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Көкшетау, Қосшы және Степногорск қалалары мен 17 ауданнан келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты. Жүз қырық сауда орынында 50-ден астам өнім түрін қойған жергілікті ауыл шаруашылығы өкілдерінің сауда павильондарын облыс әкімі Марат Ахметжанов өз орынбасарларымен және сала басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовпен бірге аралап шықты.

Бұл күні 125 тоннаға тарта ет және шұжық өнімдері, 4 тонна жаңа ауланған балық пен балық өнімдері, 32 тонна сүт және сүт өнімдері, 38 тонна ұн, 215 тоннадан астам картоп пен көкөніс, 8 тонна жарма өнімдері, 11 тонна өсімдік майы, сондай-ақ, 350 мың дана асханалық жұмыртқа саудаға шығарылды. Жәрмеңкеге «Ақкөл Құс», «Родина», «Burabay Milk», «Бижан», «Урожай», «Айбат», «Гормолзавод», «Milk Project», «ҚазГер Құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Ижевский» өндірістік кооперативі, «Макинск құс фабрикасы», «Алтын-Қазық компаниясы», «Aitas RTC», «Целина Агро Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және өңірдің өзге де кәсіпорындары қатысты.

– Ақмола облысы, өздеріңіз білесіздер, ауыл шаруашылығында бидайдың 30 пайызын береді. Сондықтан,бізге қойылып отырған ендігі талап: жаңа озық технологиялармен, агрокешендермен өнім көлемін одан әрі ұлғайтып, еліміздітолыққанды сапалы, таза өніммен қамту, – дейді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Жәрмеңкеде өнімдер нарықтағы орташа бағадан 10-15 пайызға төмен бағада сатылды.Айта кетейік, биыл табиғи-климаттық кей қолайсыздықтарға қарамастан, шаруаларымыз орта есеппен гектарына 13,9 центнер өнімділікпен 6,2 миллион тоннадан астам астық жинады. Биылғы астықтың сапасы да айтарлықтай жоғары.Жалпы, астық түсімінің шамамен 90 пайызын 3-сыныпты бидай құрайды. Оның басым бөлігі Hi-pro санатына жатады. Егіс алқаптарын кеңейтудің арқасында биыл 850 мың тоннаға тарта майлы дақыл жиналды.Жыл басынан азық-түлік өнімдерін өндіру 14,8 пайызға өсіп, 251 миллиард теңгеге жетті.Атап айтқанда, өңделген сүт 107,7 мың тонна, ет өндіру 75,6 мың тоннаға жетті. Сонымен бірге, қышқыл сүт, сары май мен өсімдік майы және ұн өндірісінің көлемі артуда.

Ал, ет шаруашылығын дамытуда канадалық әріптестермен бірлесе, «Digital Aqmola» хабы базасында бірыңғай цифрлық ет кластерінің тұжырымдамасы әзірленді.«Ерейментау ет кластері» жобасы аясындакелесі нысандар бірыңғай өндірістік кооперацияға біріктіріледі. Олар – қалмақ тұқымды 20 мың басқа арналған3 асыл тұқымды мал өсіру шаруашылығы және 30 мың басқа арналған ірі бордақылау алаңы, сондай-ақ, 300 шаруа қожалығы.Ет кластерін іске асыруда цифрландыру да жолға қойылған.

– Партизанка ауылындағы «Ақбас Агро» шаруа қожалығынан келдік. Бұл жәрмеңкеге 6 тонна сиыр және жылқы етін әкелдік. Еттің сапасы өте жоғары. Жалпы, біздің шаруа қожалығымызда 38 адам еңбек етеді. Өзім мал шаруашылығымен 25 жыл айналысамын, ал, «Ақбас Агрода» 18 жыл жұмыс істеп келемін, – дейді Бұланды ауданынан келген Шынар Қасымжанқызы.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде соңғы 3 жылда өңірде 5,8 мың басқа арналған 6 тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілді.Бұл сала да өз жемісін беріп келеді.Мәселен, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында тауарлы-сүт өндірісі былтырғымен салыстырғанда 26 пайызға өсіп, 57,4 мыңнан 71,7 мың тоннаға жетті.

– Сонымен қатар, Ерейментау ауданы ет кластерін дамытуда Қазақстанның ірі жетекші өңірлерінің бірі. Мәселе тек Астананы ғана емес, бүкіл елді жабдықтау турасында. Сонымен қатар, бізде экспортқа үлкен жоспарлар бар, – деп атап өтті жәрмеңкеде облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Облыста 2026-2028 жылдары тағы 8,5 мың басқа арналған 6 тауарлы-сүт фермасы салынбақшы. Осылайша, аталған салада 2025 жылғы 77,8 мың тонна көрсеткіш 2030 жылы шамамен екі есеге ұлғайып, 150 мың тоннаға дейін көбейтілмек. Ал,ірі қара мал санын 2030 жылға қарай 1,3 миллион басқа дейін арттырып, сиыр етін 7 есеге ұлғайту жоспарланған.

Жалпы алғанда, жәрмеңкеге келген тұтынушылардың көңіл-күйі көтеріңкі болды. Себебі, жылда елорда төрінде өтетін осынау айтулы іс-шараға биыл облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дәуешов ағамыз бастаған сала майталмандары  да белсене қатысты. Арқаның дарынды өнерпаздары жәрмеңкеге келген тұрғындарға әуезді әні мен мың бұралған биін және жоғары деңгейдегі қойылымдарын  тарту етті.  Осылайша, Республика астанасындаөткен жәрмеңке жергілікті кәсіпкерлер мен елордалық тұрғындарға ақмолалықтардың ыстық ықыласы мен арзан әрі балғын өнімдерінің арқасында шат-шадыман көңіл-күй сыйлады.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар