Тұрақтылық пен тыныштық – қоғам құндылығы

Терроризм мен экстремизм елдің тұтастығына, халықтың тыныштығы мен қоғамдық тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіретіндіктен, әлем қауымдастығы алдында тұрған ең күрделі қауіп-қатерлер қатарына кіреді.

Сондықтан, бұл жағымсыз құбылыстардың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шараларын күшейту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Ақмола облысында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтарды болдырмау, сондай-ақ, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытында кешенді әрі жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері өңірде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша ұлтаралық араздықты қоздыру фактілеріне қатысты 6 қылмыстық іс тіркеліп, әлеуметтік желілерде деструктивті сипаттағы материалдарды таратуға қатысты 52 деректің жолы кесілді. Сол сияқты, интернет-ресурстарда жалған ақпарат таратқан Көкшетау қаласының 7 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім кию талаптарын сақтамаған 107 азаматқа қатысты тиісті шаралар қабылданды.

Елімізде қарқын алған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында бұл құрылымның күнделікті қызметі жазалауға емес, ең алдымен, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған. Облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Марат Дүкембаевтың айтуынша, бұл атқарылып жатқан жұмыстардың түпкі мақсаты – ең алдымен қоғамдағы тыныштық пен бірлікті сақтау. Заң талаптары әрбір азаматтың қауіпсіздігі үшін қызмет ететіндіктен, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары ашық жүргізіліп, құқықтық сауаттылықты арттыруға басымдық беріледі.

Аймақтағы криминогендік және діни ахуалды жіті бақылауда ұстап отырған ресми статистикалар атқарылып жатқан ауқымды шаралардың маңызын айқын көрсетеді. Бұл орайда, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, сондай-ақ, күнделікті қоғамдық тәртіпті қатаң сақтау шараларын ерекше атап өтуге болады. «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» және «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заң талаптарын күнделікті өмірде қолдану барысында басқарма қызметкерлері тұрғындармен, әсіресе, тәуекел тобындағы санаттармен жүйелі түрде профилактикалық әңгімелер жүргізіп келеді. Радикалды көзқарастардың ықпалына түсіп кету қаупі бар азаматтарды ерте бастан анықтап, оларды қоғамға қайта бейімдеу жұмыстары назардан тыс қалған емес.

Бұған қоса, Қазақстан Республикасының «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда бетті жабатын киім киюге тыйым салатын талаптарды орындату бағытында да тұрақты түрде рейдтер ұйымдастырылуда. Алғашқы құқық бұзушылық үшін ескерту жасалып, қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынғанымен, шектеулердің түпкі төркіні ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікке тіреледі.

– Қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері мен киім кию талаптары біздің ортақ қауіпсіздігіміздің бір бөлшегі. Мұнда ешқандай шектен шығушылық жоқ, барлығы заң аясында түсіндіріліп, азаматтардың соны саналы түрде ұстануына бағытталған, – дейді бұл тұрғыда басқарма бастығы Марат Дүкембаев.

Сонымен қатар, бұл маңызды профилактикалық үдеріс өскелең ұрпақты да жан-жақты қамтып отыр. Ішкі істер министрлігінің «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» бастамасы аясында білім беру ошақтарында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған түрлі шаралар жүргізіліп, биылғы жылы кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту деректерінің тіркелмеуі атқарылып жатқан жұмыстың нәтижелі, жүйелі сипат алғанын көрсетеді. Сол секілді, осы кезеңде аймақта діни негіздегі ешқандай жанжалдар мен түсініспеушіліктер тіркелмеген. Дегенмен, қазіргі қоғамның ең өткір мәселесіне айналған ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздікке және киберкеңістіктегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса мән берілуде. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілердегі арандатушылық контенттер, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар мен этносаралық араздықты қоздыруға тырысқан әрекеттер қоғам тыныштығына үлкен қатер төндіруі мүмкін.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары интернет кеңістігіне тәулік бойы мониторинг жасап, заңға қайшы келетін материалдарды дер кезінде анықтап, олардың таралуына тосқауыл қоюда. Қылмыстық кодекстің 174, 180 және 274-баптары бойынша құқық бұзушыларға қатаң құқықтық баға беріліп, әрбір жағдай жеке қарастырылады.

– Интернет шексіз еркіндік алаңы емес. Желіде қалдырылған орынсыз пікір, тексерілмеген ақпараттың репосты немесе арандатушылық сипаттағы жазба адамды заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. Бізге жүктелген басты міндет – киберкеңістіктегі заңсыз әрекеттердің жолын кесу арқылы мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін сақтау. Сондықтан, әрбір азамат кез келген ақпаратты таратпас бұрын оның шынайылығына көз жеткізіп, үлкен жауапкершілік танытуы тиіс, – дейді полиция полковнигі Марат Дүкембаев.

Қорыта айтқанда, әрбір ақпаратқа жауапкершілікпен қарап, айналадағы адамдарға құрмет көрсету және заң талаптарын бұлжытпай орындау – еліміздегі бейбітшілік, өзара келісім мен тұрақтылықтың ортақ негізі. Ал, құқық қорғау органдарының салмақты әрі жүйелі жұмысы мен әрбір тұрғынның заң талаптарын жоғары бағалап, құрметтеуі өлкеміздегі бейбітшілік пен этносаралық татулықтың мызғымас кепілі болып қала бермек.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар