Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласында өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында Еліміз бен Тіліміздің болашағының зор екендігіне ешқандай күмәніміз қалмағандай әсерде болдық!
– Қазір Қазақстан көптеген шетел адамдары құрметпен қарайтын, ықпалды мемлекетке айналды. Сондықтан, біз қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болуымыз керек. Тіліміздің тағдыры күмәнді, белгісіз деп зарлай берсек, өзге елдер мен халықтар бізге қалай қарайды, қалай сенеді?! Үнемі түңіле беру оң нәтиже әкелмейді, мұндай әңгімені доғаратын кез келгеніне көзіміз әбден жетті. Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді!, – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір ауыз сөзі тоқтарлық сөз еді.
Расында да, қазақ елі барда қазақ тілінің тұғырдан түспейтіндігін бір білсе, өзім мекен етіп отырған Қазақстанның солтүстік аймақтарының, соның ішінде біздің Ақмола мен Көкшетау өңірлерінің халқы әбден жақсы біледі. Тіпті, облыс орталықтарын қойып, аудан мен ірі кеңшар орталықтарында баламызды қазақша оқытатын мектеп болмай қиналғанымыз да жасырын емес. Ең әуелі қазақ тілінде сөйлессек, аузымыздан қағып тастайтын жайды да бастан кештік.
Кейде осы күндері «апыр-ай, еліміз Тәуелсіздігін алмағанда тілімізбен бірге өзіміз де мүлдем жойылып кете жаздаған екенбіз-ау», – деп тәубе етіп отыратын жайымыз бар. Президентіміздің «Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді» деген бір ауыз сөзінің осы тұрғыдан алғанда біз үшін өте орынды сөз ретінде Тәуелсіздік пен Қазақ тілі тағдырының бір екендігін айғақтайды. Сондықтан да, ендігі арада Қазақ тілінің тағдырына босқа алаңдаудың негізі жоқ қой деп те ойлаймын.
Қазіргі уақытта осы өзіміздің Ақмола мен Көкшетау өңірлерінде балаларымызды қазақ мектептерінде оқытудың ешбір кедергісі жоқ. Ақмола облысы қазіргі уақытта Президентіміздің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» салу жөнінде Қазақстанда көш бастап тұр. Үш ауысымда оқытатын мектептер қалмады. Апатты мектептер мүлдем жоқ. Қазақ мектептерінде білім беру сапасы да жақсарып келеді. Бір сөзбен айтқанда жыл сайын қазақ сыныбына барып жатқандар саны арта түсуде. Міне, осының бәрі де Президентіміз айтқан «Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді» деген пікіріне нақтылы мысал бола алар еді!
Осы орайдағы сөзімізді былай түйіндер болсақ, қазір қазақ тілінде сөйлеуге де, қазақ тілінде балаларымызды оқытуға да ешкім де кедергі жасап отырған жоқ! Биылғы қабылданған жаңа Конституциямызда қазақ тілінің Мемлекеттік мәртебесі анық айқындалды! Өз тіліңде сөйле, ұрпағыңды өз тіліңде оқыт! Бәрі де енді өзімізге байланысты.
– Баршамызға Тәуелсіздік – бәрінен қымбат асыл дүние. Тәуелсіздік болмаса, біздің халқымыздың келешегі тығырыққа тірелетіні анық. Сондықтан, Тәуелсіздікті қорғау әрі нығайту – ең қасиетті борыш, ең қастерлі парыз! Бірақ, ашығын айтуымыз керек, Егемендігімізді қорғауға қатысты мәселенің бәрі толығымен шешімін тапты десек, үстірт пікірге тең болар, – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір ауыз сөзі дүниенің қазіргідей дүрбелең шағында әрқайсымызға ой салып, жадымызға түйіп алар сөз!
Қазіргі уақытта Қазақ тілінің кейбір түйткілді мәселесі болса, оған билікке де, елімізді мекендеп отырған өзге диаспора өкілдеріне де кінә артудың қажеті жоқ! Бәрі де өзімізден! Базарлар мен сауда орындарында «сен маған қазақ тілінде жауап бер» деп қызыл шеке болудың да қажеті жоқ енді. Мұндай жағдай ұят бізге! Ендігі арада өзімізбен өзіміз жаппай қазақша сөйлесіп жүрер болсақ, қазақша сөйлесіп тұрар болсақ, өзгелер «е, мыналардың да өз тілдері бар екен-ау» деп ойланып қалар еді де, Қазақ тілін үйренуге мәжбүр болар еді. Ал, әзірге өзіміз бір-бірімізбен өзге тілде шүйіркелесіп тұрғанымызды көрген өзге жұрт қазақ тілін үйренуге ынтасы бола қояр ма екен?!
Президентіміздің Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінен «Мемлекеттік тіл мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет етуге тиісті» деген тұжырым жасар едік! Сондықтан да, тілдің, сөздің қадірі мен қасиетін, құдыретін анық білетін біздің халқымыз қашан болсын өз тілінің қасиетімен елдің, ағайынның бірлігін қамдауға ерекше мән беріп келген-ді. «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» дегенді айта білген халқымыз Тілдің бар қасиетін түбінен таныған ғой!
– Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес. Сондықтан, қазақ тіліне сыйластықпен қарау, бұл – азаматтық, адами борыш. Ал парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек, – дей келіп Президентіміз қазақ тілінің кейбір өзекті мәселелеріне назар аударды. «Бұл – тілдегі бірізділік мәселесі. Өкінішке қарай, қазір қазақ тіліндегі кейбір сөздер, ұғымдар, тіпті, түсініктер әртүрлі қолданылып жүр. Бұл – жылы жауып қоя салатын жеңіл-желпі дүние емес. Себебі, мұндай жағдай жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан, қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн, дей келіп, Мемлекет басшысы тіл тазалығына айрықша мән беру қажеттілігін ортаға салды. «Бірақ, әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты», – дегені әбден орынды ма деп қаласың. Өзгенің сөзін қазақшалаймыз деп кейде, түсініксіз бір ұғымдарды да алып келетініміз бар. Сонымен бірге, «соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар», – деп Мемлекет басшысы қазақ қоғамына үлкен ой салып отыр.
Президентіміздің «Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді. Қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, сонымен қатар, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей, қазақ-парсы сөздіктерін жасау қажет. Қазақ-орыс сөздігін уақыт талабына сай жаңартқан жөн, – дегені әбден орынды. Қазіргі уақытта жастарымыз әлемнің кез келген бір тілін үйренуге өте ынталы борлып отырғаны анық. Осы тұста жастарымыздың сол шет тілдерін өзіміздің қазақ тілін негізге ала отырып үйренуілеріне толық жағдай жасау бүгінгі күннің өзекті міндеті деп санаймыз!
Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлының қызметіне алғыс айтып, ризашылығын білдіре отырып, қоғам басшысының «Дала орманы» деген жобасын «жақсы жоба» деп атап көрсетті. Бір жылдың ішінде 400 гектар жерге 5 миллион тал егіп, соның нәтижесінде еліміздің үш облысында 4 үлкен орман питомнигі құрылғандығын Президентіміз ерекше атап көрсетіп¸ «енді оның ауқымын одан әрі кеңейту керек», –дегенді айтты. «Әр ауылдың маңынан 25, аудан орталығының қасынан 50, ал үлкен қалалардың маңайынан 100 гектардан көшеттер өсіретін саябақтар ашу жоспарда бар екен. Мен мұны толық қолдаймын. Дұрыс бастама. Үкімет пен әкімдіктер де бұл жұмысқа атсалысуы қажет» деген Президентіміздің осы қолдауы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өңірлердегі серіктестерінің мүшелеріне ой салары анық. Бұған тіл жанашырлары, барлығымыз атсалысуға міндеттіміз. Бұл шаруа жалғыз Тіл жанашырлары ғана емес, барлық ел жанашырларына да ортақ болар деген сенімдеміз!
«Қастерлі Отанымыз – Қазақстан мен қасиетті құндылығымыз – қазақ тілі жасай берсін!» Президентіміздің осы бір тілегі мен ниеті қабыл болсын!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақмола облыстық филиалының төрағасы.
![]()

