Сабақ болсыншы!
Елімізде Мемлекет басшысының заңбұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын қатаң сақтау бағыты жалғасып жатқанымен, әлі де салғырттық танытып, қоғам қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтын азаматтар кездеспей қоймауда.
Жуырда өңір полицейлері елорданың 38 жастағы тұрғынын ұстады. Ол бұрын жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, қайтадан мас күйінде көлік жүргізген. Енді құқық бұзушы қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Демалыс және мереке күндері Ақмола облысының патрульдік полиция бөлімшелері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Бұл ретте, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысы ережелерініңбұзудың, әсіресе, мас күйінде көлік құралдарын басқарудың жолын кесуге ерекше назар аударылуда. Мемлекет тарапынан қойылып отырған заң мен тәртіп талаптары мұндай жауапсыздық жүргізушілердің өздеріне ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да нақты қауіп төндіретінін көрсетеді. Әсіресе, мұндай әрекеттер жолдарда және тәуліктің қараңғы уақытында көшелерде аса қауіпті.
Жуырда Астана-Щучинск автожолындағы патрульдік полиция ротасының экипажы Nissan автокөлігіне назар аударды. Өйткені, жүргізушінің мінез-құлқы инспекторларға күдік туғызды, патрульдік көлікті байқаған ол рөлді күрт бұра бастаған. Сондай-ақ, ер адам рөлде қауіпсіздік белдігін тақпай отырған. Көлік тоқтағаннан кейін полицейлердің күдігі тағы да растала түсті. Жүргізушіден ішімдіктің өткір иісі шыққан және ол көлік құралының иесі емес екені, ал, көлік иесінің өзі жанында мас күйінде отырғаны анықталды. Жүргізуші тәртіп сақшыларына қонақтан шығып үйіне, Астанаға бара жатқанын айтып ақталды. Алайда, тексеру оның 2020 жылы жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғанын көрсеткен. Жаза мерзімі аяқталғанға дейін ер адамға бар болғаны бір жыл уақыт қана қалған еді.
Осылайша, Президенттің құқық бұзушылыққа қарсы қатаң ұстанымы мен қоғамдағы заң мен тәртіпті қамтамасыз ету талаптарына сәйкес, 38 жастағы астаналық тұрғын, яғни, бұған дейін көлік басқару құқығынан айырылған адам мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, көлік иесі де мас адамға көлік құралын басқаруға рұқсат беріп, рөлді сеніп тапсырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды.
Осы орайда, Ақмола полицейлері мас күйінде көлік жүргізу қайғылы салдарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін қатаң еске салады. Сонымен қатар, заң алдындағы жауапкершілік тек мас жүргізушіге ғана емес, оған көліктің рөлін бергендерге де бірдей жүктеледі. Осыған орай, құқық қорғау органдары азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

