Құқықтық білім
Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың негізгі көрсеткіші – азаматтардың қауіпсіздігі. Қай елдің болсын, дамуы мен өркендеуі ең алдымен, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпке байланысты. Сондықтан, елімізде соңғы жылдары «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде қарастырылып келеді.
Осы орайда, облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің бірінші курс студенттерімен «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстары мен құқықтық кездесулер өткізілді. Маңызды іс-шараға Ақмола облыстық полиция департаменті мен Көкшетау қаласының полиция басқармасы, экономикалық тергеп-тексеру департаменті, ювеналды полиция, кинологиялық қызмет, киберқауіпсіздік және есірткіге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ, Өңірлік esirtkisiz.aqmola фронт кеңсесінің басшылығы қатысып, жастарға қылмыс пен тәртіп бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы жан-жақты мағлұматтар берді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, кездесудің басты мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін нығайтып, мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру және құқықтық теңдікті қамтамасыз ету және заң талаптарын сақтау.
Жиын барысында құзырлы орган өкілдері жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен теріс қылықтардың алдын алуға қатысты маңызды тақырыптарды қозғап, студенттер тарапынан қойылған көкейкесті сауалдарға тұшымды жауап берді. Мәселен, кездесуде сөз алған Ақмола облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті, талдау және тәуекелдер басқармасының аға уәкілі Ілияс Тұрсынбаев бүгінгі таңда өзекті болып отырған мәселелердің біріне ерекше тоқталды:
– Бүгін біз соңғы жылдары, әсіресе, жасөспірімдер мен жастар арасында кең таралған мәселе – электронды темекі немесе вейп туралы сөйлесетін боламыз. Вейптер көбінесе қарапайым темекіге заманауи, зиянсыз және тіпті «сәнді» балама ретінде қабылданады. Жарқын дизайн, әртүрлі дәмдер, темекі түтінінің әдеттегі иісінің болмауы, мұның бәрі жалған қауіпсіздік сезімін тудырады. Бірақ, келесі мәселені түсіну керек, вейп зиянсыз бу немесе қарапайым су емес. Электрондық темекі арнайы сұйықтықты қыздырады және аэрозоль түзіп, оны адам тікелей өкпеге жұтады. Бұл аэрозоль құрамында никотин, ұсақ бөлшектер, ауыр металдар, ұшпа органикалық қосылыстар және басқа да зиянды заттар болуы мүмкін. Қазіргі ғылыми деректер электронды темекіні қауіпсіз деп санауға мүмкіндік бермейді. Әсіресе, бұл балалар мен жасөспірімдер, жастар және бұрын никотинді мүлдем қолданбаған адамдар үшін қауіпті. Қазақстанда вейп айналымына мемлекеттік тыйым салу заңсыз сауданы шектеуге ғана емес, сонымен қатар, халықты және ең алдымен балалар мен жастарды никотинге тәуелділік пен ықтимал зиянды өнімнің таралуынан қорғауға бағытталған, – деп атап өтті ол.
Жиын соңында спикерлер жастарға заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын баса айтып, өскелең ұрпақты құқық бұзушылықтардан ада болуға, бөтеннің теріс әрекетіне еріп кетпеуге және оңай ақша табудың қауіпті жолдарына түспеуге шақырды.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

