Өндіріс өрісі кеңейіп, жаңа көкжиектерге жол ашылуда

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласының бірқатар өндіріс орындарын аралап, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен және жаңа жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Ақмола облысында өнеркәсіптің түрлі бағыттарын дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және қолданыстағы кәсіпорындардың мүмкіндіктерін кеңейтуге айрықша көңіл бөлінуде. Әсіресе, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу, құрылыс материалдарын өз өңірімізде өндіру бүгінгі күннің назарда ұсталып отырған маңызды міндеттерінің бірі. Осы жолы да кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті, алдағы жоспарлары мен салада шешімін күткен мәселелер талқыланды.

Алдымен, өңір басшысы Көкшетаудағы талай жылдан бері отандық өнеркәсіптің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан, өндіріс саласында тәжірибесі мол «Тыныс» акционерлік қоғамының өндірістік алаңына барды. Зауыт авиациялық техника, медициналық жабдықтар, өрт сөндіру құралдары, газ қысымын реттейтін арматура және полиэтилен құбырларын шығарады. Кәсіпорын өнімдері еліміздің ішкі нарығымен қатар, Ресей, Өзбекстан және Украинаға да жеткізіледі.

Қазір зауытта облыс әкімдігінің жетекшілігімен өндірістің жаңа бағытын қолға алып, газ баллондары мен оларды қауіпсіз пайдалануға арналған арнайы клапандар шығара бастады. Осында бұрын да қолға алынып, баяулап қалған бұл іс ең алдымен, ел ішіндегі сұранысты отандық өнім есебінен қамтамасыз етуге бағытталған. Өйткені, газ баллондары тұрмыста кеңінен қолданылатындықтан, оларға деген сұраныс та жоғары.

Облыс әкіміне қолға алынған жобаның жүзеге асырылу барысын баяндаған кәсіпорынның бас директоры Қайрат Қалманбаев алдағы уақыттағы негізгі міндеттерге де тоқталды. Оның айтуынша, өндірістік қуатты кеңейтіп, кәсіпорынның мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану үшін шикізат пен қажетті жиынтықтауыштарды тұрақты жеткізу, технологиялық үдерістерді жетілдіру және білікті мамандар даярлау мәселелеріне басымдық беру қажет.

Бүгінде Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде 220 мыңнан астам газ баллоны пайдаланылуда. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі өндірістің жаңа бағытының өңір үшін маңыздылығына тоқталып, оны кезең-кезеңімен дамыту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, отандық өнімге деген сұранысты зерделеп, кәсіпорынның әлеуетін толық пайдаланудың және жаңа өндірістік бағыттың экономикалық тиімділігін арттырудың маңызына тоқталды.

– Кәсіпорынның дайын өндірістік алаңы, қажетті инфрақұрылымы мен тәжірибесі бар. Біз ең алдымен, ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуіміз қажет. Содан соң, еліміздің газ баллондарына деген жалпы қажеттілігін анықтап, соған сәйкес өндірісті одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін бағалау қажет. Ол үшін кәсіпорын қажетті материалдармен және білікті кадрлармен қамтамасыз етілуі керек. Мен жақын күндері бұл жөніндегі барлық ұсыныстар мен жоспарларды Үкіметке жеткіземін , – деді облыс әкімі.

Расында да, бұрыннан қалыптасқан өндірістік базаны тиімді пайдаланып, оған жаңа технологиялар мен заманауи өнім түрлерін енгізу экономикалық тұрғыдан ұтымды болып отыр. Бұл кәсіпорынның жұмыс ауқымын кеңейтіп қана қоймай, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, имрортқа тәуелділікті азайтуға да мүмкіндік береді. Газ баллондары күнделікті тұрмыста пайдаланылатындықтан, олардың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талап та жоғары болуы тиіс. Сондықтан, жаңа өндіріс бағыты тек нарықты қажетті өніммен қамтамасыз ету тұрғысынан ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін де маңызды.

Бұдан әрі облыс әкімінің жұмыс сапары жылына 60 миллион данаға дейін кірпіш шығаруға қауқарлы жаңа зауыттың құрылыс алаңында жалғасты. «ММ ВRICK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұл жобасы өңірдегі құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады. Құрылыс қарқыны артқан сайын сапалы құрылыс материалдарына деген сұраныс та көбейетіні белгілі. Әсіресе, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың, мәдениет және спорт ғимараттарының бой көтеруі құрылыс материалдарының тұрақты қорын қажет етеді. Осындай жағдайда қажетті өнімді өз өңірімізде өндірудің маңызы ерекше.

Қазіргі таңда болашақ зауыттағы құрылыс-монтаж және әрлеу жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, кәсіпорынды іске қосуға дайындық мәреге таяп келеді. Зауыттың ресми ашылуы жыл соңына жоспарланып отыр. Ал, 2027 жылы толық өндірістік қуатына шығаруды көздеген жоба аясында 200 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жобаға 13,7 миллард теңге инвестиция құйылған.

Серіктестік директоры Есімхан Байғабыловтың айтуынша, жаңа кәсіпорынның негізгі өткізу нарығы Қазақстан болмақ. Яғни, мұнда шығарылған өнім еліміздің құрылыс саласындағы сұранысты өтеуге бағытталады. Осында шығарылатын миллиондаған дана кірпіш өңірдің құрылыс материалдары нарығына тың серпін беретіні хақ.

Зауыт аумағын аралаған облыс әкімі өңірде құрылыс жұмыстарының ауқымы кеңейіп келе жатқанын атап өтіп, мұндай кәсіпорындардың маңыздылығына тоқталды.

– «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында елімізде құрылыс кең көлемде қарқын алатыны белгілі. Бұл ретте, отандық құрылыс материалдарын пайдалануға басымдық берілетіні тағы да түсінікті. Бүгінде облыста қазақ музыкалық-драма театры мен 12 мың орындық стадион, тағы да басқа да ірі нысандар салынып жатыр. Олардың барлығы құрылыс материалдарының едәуір көлемін қажет етеді. Сондықтан, кірпіш зауыты сияқты кәсіпорындардың іске қосылуы стратегиялық маңызға ие. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді, – деді бұл ретте, Марат Ахметжанов.

Шынында да, құрылысқа қажетті материалдардың өз өңірімізде өндірілуі бірнеше мәселенің шешілуіне жол ашады. Біріншіден, ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Екіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасалады. Үшіншіден, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті артып, құрылыс саласының дамуына қажетті негіз қалыптасады.

Облыс басшысы бұдан кейін  «GARANTI EXPORT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Бұл кәсіпорын Ақмола облысының аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған өндіріс орындарының бірі.

Компания 2017 жылы құрылған. Ал, 2025 жылы Көкшетау қаласында бұршақ, майлы және дәнді дақылдарды өңдеуге арналған заманауи кешенді пайдалануға берді. Оның жылдық өндірістік қуаты 30 мың тоннаға дейін жетеді. Кәсіпорынның басты ерекшелігі, ауыл шаруашылығы өнімдерін тек шикізат күйінде сатумен шектелмей, оларды өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға басымдық берілуде.

Бүгінде компания өнімдері Қазақстан нарығында белгілі бір сұранысқа ие. Сонымен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия, Әзербайжан, Тәжікстан, Грузия және Еуропалық Одақ елдеріне экспортталады. Бұл отандық өнімнің шетелдік нарыққа да жол тауып, өңіріміздегі кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндігі артып келе жатқанын көрсетеді.

Өндіріс орындардың жұмысымен танысқан Марат Ахметжанов өз сөзінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытудың маңызына ерекше тоқталды. Өйткені, Ақмола облысы еліміздегі ең ірі астықты өңірлердің бірі. Соңғы жылдары егін шаруашылығының мүмкіндіктері кеңейіп, майлы дақылдар өндірісі де айтарлықтай өсті. Мәселен, соңғы үш жылда облыста майлы дақылдар егілетін алқаптардың көлемі төрт есеге ұлғайып, 838 мың гектарға жетті.

Бұл көрсеткіш өңірдің шикізаттық әлеуеті артып келе жатқанын аңғартады. Ендігі міндет – осы мол өнімді тиімді пайдаланып, оны өңір аумағында терең өңдеу ісін жүйелі түрде дамыту. Себебі, дайын өнім өндіру  ауыл шаруашылығы саласының табысын арттырып қана қоймай, жаңа өндіріс орындарының ашылуына, экспорт көлемінің ұлғаюына да ықпал етеді.

– Бүгінде облыс шаруашылықтары дәнді және майлы бұршақ дақылдарын өсіріп, сатумен ғана шектелмей, оның негізінде қосылған құны жоғары өнімге қол жеткізулері қажет. Соңғы жылдары өңірде майлы дақылдар егілетін алқаптар айтарлықтай ұлғайтылып, мол өнім жиналды. Ендігі міндет –  облыс аумағында осы өнімдерді өңдеуді жүйелі түрде дамыту, – деп атап өтті облыс әкімі.

Компанияның алдағы жоспарларының ауқымды екенін өздерінің элеваторын салу ниетінен де байқауға болады. Бұл ауыл шаруашылығы шикізатын қабылдау, сақтау мен өңдеудің тағы бір мүмкіндігі.

Облыс басшысы осы жолы өзі болған кәсіпорындардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен қатар, алдағы даму бағыттарына да баса назар аударды. Әсіресе, өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану, шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету, заманауи талаптарға сай өнім шығару және білікті мамандар даярлау мәселелері күн тәртібінен түспеуі тиіс. Мұның барлығы жаңа жұмыс орындары, жергілікті өнімнің көбеюі және облыстың экономикалық әлеуетінің нығаюы деген сөз. Ең бастысы, өңірде өндірілген өнім ел игілігіне жаратылып, Отандық өнімнің әлеуеті мен қадірі арта түссе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар