Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өңірдің өзекті мәселелері қаралды - АРҚА АЖАРЫ

Өңірдің өзекті мәселелері қаралды

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру және оларды ел экономикасына тарту, сумен қамтамасыз ету және су беру жүйелері нысандарының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы, Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың Мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы талқыланып, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша нақтылы міндеттер белгіленді.

Әкімдік мәжілісі ұзақ жылдар бойы облыс әкімі аппаратында басшылық қызметте болған Николай Афанасьевич Политкинді зейнет демалысына шығарып салумен бас-
талды. Бұдан кейін жуырда Степногорск қаласына әкім болып тағайындалған Еркебұлан Баяхметовты таныстырып, ол ант қабылдады. Әкімнің өкімімен облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшылығына Мұрат Рахымбергенов тағайындалып, таныстырылды.
Әкімдік мәжілісінің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың есебі тыңдалды. Есеп берушінің айтуынша, өңірде үй-үйді аралап, өзін өнімсіз жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарды анықтап, еңбекке тарту бағытында нақтылы шаралар жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы осы бағытта 114 мың адамның 68,5 мыңы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесіне енгізілді. Жалпы, заңдастыру көрсеткіші 48 пайыз болып отырған Жақсы ауданында төмен деңгейде қалып отыр. Сондай-ақ, бұл көрсеткіш Көкшетау қаласында, Ақкөл, Есіл, Бұланды, Целиноград, Атбасар, Шортанды аудандарында да облыстық деңгейден төмен екендігі белгілі болып отыр. Қазіргі кезде 45,7 мың адам бойынша заңдастыру жұмыстары одан әрі жалғасуда.

– Үй-үйді аралау барысында өзектендірілмеген 45,7 мың халықтың 14,9 мыңы сауалнама нәтижесінде өз еркімен міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуге ниетті екендіктерін білдірді. Өңірдегі әкімдіктер «Үй шаруашылығымен айналысатын» санаты бойынша сауалнамаларды Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесіне бекіту тиісті болса да, бұл бағыттағы жұмыс толығымен атқарылған жоқ», – деді Дина Ахметжанова.
Жұмыссыздарды ел экономикасына тарту бойынша атқарылып жатқан шаралар бо-йынша басқарма басшысы мына мәселелерге назар аударды.
– Өңірде 46,5 мың тұрғынның 37 мыңы жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Бұл республика бойынша 6-шы орын. Сондай-ақ, 4,4 мыңнан астам тіркелмеген жұмыссыздар және 42,1 мыңнан астам өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар белгілі болды, – деді Дина Ахметжанова.
Сумен қамтамасыз ету және су беру жүйелері нысандарының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Азамат Дүйсенов есеп берді. Қазір облыс халқының 90,85 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш соңғы он жылда 10 пайызға өскен. Басшының айтуынша өңірде «Сапалы Су», «Ауылды аумақтардың дамуы» мен «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру шеңберінде нысандарды сумен жабдықтау және қайта жөңдеу бойынша біршама ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 35 жоба жүзеге асырылуда. Оның 10 жобасы бойынша нысандар ағымдағы жылы тапсырылатыны жоспарланған.
Алайда, ауыз судың үлес салмағы микробиологиялық (14,5 пайыз) және де санитарлық-химиялық (16,8 па-йыз) көрсеткіштерінің сәйкессіздігі республикалық орта көрсеткіштерден 5 — 6 есеге дейін жоғары тұр. Яғни, судың сапасы нашарлап барады. Бұл жағынан Жарқайың (16,7 пайыз), Жақсы (27,3 пайыз), Астрахан (37,5 пайыз), Біржан сал (40 пайыз), Бурабай (62,8 пайыз), Егіндікөл (63 пайыз) аудандары көш бастап тұр. Ауыз су сапасының төмендеуіне су тазарту қондырғыларының тиімсіз жұмыс істеуі, су құбырларының ашық жатуы себеп болып отырған көрінеді.
– Облыста әр жылдары суды тазарту бойынша 47 модуль, локальді тазарту станциялары қойылса, осы күні оның 9-ы істен шыққан. Ал, эпидемиологиялық жағдайға тоқталатын болсақ, биылғы жылы жағдай бір қалыпты, – деді Азамат Дүйсенов.
Күн тәртібінде қаралған осы мәселелер бойынша Жарқайың ауданының әкімі Мұрат Балпан, Бурабай ауданының әкімі Қанат Қарауылов және Егіндікөл ауданының әкімі Ерлан Исабеков селекторлық жүйемен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Осы орайда, облыс әкімі М.К.Мырзалин жалаң сөздерден гөрі, бұл салада нақтылы қандай кемшіліктер жіберілгенін және оның себебін анықтап, жағдайды түзеуді талап етті.
Бұдан кейін облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова өңірде «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, облыстағы мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі жоспар бойынша 2017 жылы – 70 пайыз болса, биылғы жылдың қорытындысы бойынша 74 пайызға ұлғаймақшы. Келер жылы 78 пайызға жеткізу жоспарланған. 2018 жылдың 9 айы бойынша облыс аумағында 70 билборд орнатылды (11 билборд облыс орталығында, 59 билборд аудандарда). Мемлекеттік тілді оқыту мәселесі бойынша 2018 жылы Аршалы, Бурабай аудандарында және Степногорск қаласында көшпелі семинарлар, өңірлік орталықтардың қатысуымен «онлайн» режимінде 8 семинар ұйымдастырылды. Жалпы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша мыңға тарта ақпараттық-түсіндіру шаралары өткізілді.
– 2018 жылдың 9 айы бойынша тілдерді дамыту басқармасымен «Рухани жаңғырған ел болудың өзегі – мемлекеттік тіл» атты облыстық мәжілісі, «Ақмола облысындағы мемлекеттік тіл саясатының даму барысы» атты зиялы қауым өкілдерімен кездесу, «Көкшетау минералды сулары» кәсіпорнында «Қазақ тілін жаңғыртудың жолы – латын әліпбиіне көшу» атты кітаптар мен мұрағат құжаттарының көрмесі,
«Аудармашы тұлғасы және аудармашылық құзыреттілікті қалыптастыру» атты аудармашылардың біліктілігін арттыру семинары, Мемлекеттік тілді дамыту қорымен бірлесіп «Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғырту жолы» атты семинарлар, Зеренді ауданында «Мемлекеттік тіл –
ұлт мәртебесі» атты мәжіліс, оқытушылар арасындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы облыстық байқау, Абай атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің байқауы, Ақмола облыстық сотының конференц-залында сот саласында қызмет атқаратын қызметкерлер үшін «Латын графикасындағы мемлекеттік тіл» атты «онлайн» режиміндегі семинар, облыс әкімдігінің жанындағы мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының екі отырысында 12 мекеме басшысы тыңдалып, Славян жазбалары және мәдениеті күніне орай «Инновационные методы преподавания русского языка» атты дөңгелек үстел, «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» облыстық байқауы, Ақмола облысында қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа емле ережелері жобасының бастапқы сынамасы, «ENKI» серіктестігінің қызметкерлерімен «Латын графикасындағы мемлекеттік тіл» атты тақырыпта кездесу, Көкшетау қаласында, Ерейментау және Қорғалжын аудандарында «Қазақстанның болашағы –қазақ тілінде» тақырыбында республикалық семинарлар ұйымдастырылды, – деді Марал Жақыпова.
Сонымен қатар, ол Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясындағы онкүндікте облыс көлемінде барлығы мыңнан астам тақырыптық іс-шаралар өткізілгенін атап өтті. Жиынды қорытындылаған Мәлік Мырзалин айтылған барлық мәселелерді ескере келе, жауапты ведомстволардың басшыларына бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру және ел экономикасына тарту, сумен қамсыздандыру және су бұру объектілерінің санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы, тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында қолға алынған жұмыстарды ширату міндеттерін жүктеп, нақтылы тапсырмалар берді.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар