Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ халқы бата беруге және бата алуға да үлкен мән бергендіктен бата бере де білген жөн - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ халқы бата беруге және бата алуға да үлкен мән бергендіктен бата бере де білген жөн

Ықылас батасы

Қалыптасқан дəстүр бойынша, ақсақалдар мен үлкен кісілер өздерін сыйлап, құрметтеп, бір шыны қара шайы болса да қабақ шытпай беріп, ықылас-бата сұраған адамдардан адал ниетімен ықылас батасын аямаған. Алайда, ықылас батасы үй иесінің кісілігі, мақсат-мұрат, талап-тілегі бойынша əр алуан мазмұн, түрлерде беріле береді.
Мысалы, үй иесі жас сəбилері үшін бата сұраса, онда батагөй қариялар:
Балаларыңның жасы ұзын болсын,
Жолдасы Қызыр болсын,
Өнері тасып-толсын,
Басына бақыт қонсын!
Басты болсын,
Малды болсын,
Өз құрбысының алды болсын!
Тілді болсын,
Жақты болсын,
Ел мақтайтын жақсы болсын! –
деген мазмұндарда бата береді.
Егер жаңа үйленіп, жас отау көтерген азаматтар болса, онда:
Басты болыңдар,
Малды болыңдар.
Өз құрбыларыңның алды болыңдар!
Кейінгілерге аға болыңдар,
Тоңдырмайтын жаға болыңдар,
Қиналғанда пана болыңдар!
Ақ сақалды, сары тісті,
Болашақта дана болыңдар! – деп бата береді.
Ал, ұзақ жыл перзент көре алмағандар бата тілесе, онда оларға:
– Балалы-шағалы болыңдар,
Ағалы-жағалы болыңдар.
Немере-шөберелі болыңдар,
Туажат-неменелі болыңдар!
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын.
Асыр салып ұл-қызың,
Күндіз-түні дабырласын! –деп ықылас білдіреді.
Ойда-жоқта келген құдайы қонақтарға бір малын көлденең тартып: «Əумин» деген ізгі ниетті, жомарт жандарға батагөй кісілер:
Малың семіз болсын!
Төлің егіз болсын!
Бізге бірді сойсаң,
Орнына тоғыз болсын!
Далақтатар даудан сақтасын,
Жалақтаған жаудан сақтасын,
Ашыққан бөріден сақтасын,
Ашынған ұрыдан сақтасын!
Артқаның түйе болсын!
Сауғаның бие болсын!
Дастарқаның берекелі болсын!
Отбасың мерекелі болсын!
Мəртебең асып тұрсын,
Бақ-дəулетің тасып тұрсын,
Біз секілді сыйлы қонақтар,
Күнде үйіңде басып тұрсын! – деп игі тілек пен ықылас батасын жаңбырша жаудырады.

 

«Мен кетермін, сөз қалар!»

Шәкәрім Құдайбердіұлы

(1858-1931)

Өтіріктен тілін тия алмаған адам арамдықтан ындынын тия алмас.
***
Мен зияны тиер деп күдіктенген кісіме жылы жүзбен күле қараймын. Ақыл сынауында мұным – пішініммен айтқан өтірік. Адам баласы зиянкес болғандықтан, амалсыз талай осындай іс істеледі.
***
Адам топ әскерді алдап, өлімге апара алса да, өзіне зұлымдықты қойғыза алмайды.
***
Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қылам. Сөйтіп жүріп, адам атануға ұялмаймын.
***
Адамдар мал-мақтан үшін соғысып, өзі жек көретін өлімге жанын тапсырады.
***
Сақ адам сандығын бекіте алады. Есті адам тілін тия алады. Бірақ, ешкім ойын тия алмайды.
***
Бас көзі жұмылады, көңіл көзі жұмылмайды.
***
Бәріне қанағат қыл да адал еңбек қыл.
***
Ешкімге ерік қақпасы ашылған жоқ.
***
Қызыл гүлге қызығып сайраған бұлбұл гүл соларын білгенде зарламай қайтсін.
***
Өлгенде жаным ақылыммен бір шығатын болса, талай тамаша көрсем керек. Егер ақылым да, жаным да біржола жоғалатын болса, мен – жанып өшкен отпын. Дүниені өртесем де, ешкім мені жазалай алмайды.
***
Дүниеде сыры өзімен бірге көмілетін адам бар ма екен?
***
Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді. Әулие дегені сол болса керек.
***
Дүниеге қызығатын көзімді топырақ баспай тұрып бейнеттен құтыла алмайым, осынша тәтті көретін өмірден татпай тұрып «ащы» деген өлім жақсы болса керек.
***
Сырымның орны болған денем де сырымды анық білмейді, достарым сырымды қайдан білсін.
***
Адамнан жаман жанды жоқ, мені жамандаған кісі өзінен жаман қыла ала ма? Тәтті сөз тауып айта алмайтын ақын, мені неге күндейсің? Мені сен, сені мен жаратқам жоқ қой!
***
Біздің лапкеге кірген кісі кішіпейілдікті алады, өзін сатам деген кісі мақтан алушы алыпсатарға барсын.
***
Шынның дуанасы өнерсіз мақтаншақтың басын он тиынға алмайды.
***
Менің пірім мұңғыл болса, не зиян?
***
«Мені кім жаратты?» деп ойламайтын бас бола ма?
***
Жоқтық егіндігіне бір бидай еге алмасаң, барлық қырманынан жалғыз арпа да ала алмассың!

Молдалар: «Жан денеден шыққанда қатты қайғырады», –дейді. Өтірік айтады – неге десеңіз, жан ақылмен бірге шығатын болса, дене тұтқынынан құтылғанына қуанса керек. Егер ақылы жоғалатын болса, қайғыруды білмесе керек.
***
Дүниенің қайғысы ақ жауындай үзілмей жауса да, қуаныш анда-санда найзағайдай жарқ етеді де өшеді, бұл неліктен? Бұл – адам баласының қиянатының көптігі, мейірімінің аздығынан.
***
Зор дұспаннан қандай сақтансаң, ұсақ жаудан сондай сақтан.
***
Арыстан көрнеу келеді. Қарақұрт пен шаян жасырынып шақса да, уыты аса зиянды.
***
Осы өмірден басқа өмір жоқ болатын болса, жаралыспен жағаласып, адамдармен арпалысып өмір сүргенше, жасамаған артық емес пе?

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар