Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Игілікті істердің жаршысы - АРҚА АЖАРЫ

Игілікті істердің жаршысы

Мұғалім – қастерлі мамандық. Өйткені, ол еліміздің болашақ тізгінін ұстайтын жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, білім береді. Ұстаз алдында отырған шәкіртіне үйретуден, тәлім-тәрбие беруден ешқашан жалықпауы, қажымауы тиіс. Сонда ғана ісінің нәтижесін, жемісін көреді. Міне, осындай шәкірт тәрбиелеуде биік белестерден көрініп жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі, Біржан сал ауданы Бұланды ауылындағы орта мектептің директоры Бикеш Сағиқызы Смайлованың осы салада еңбек еткеніне 30 жыл. Бір атап өтерлігі, еңбек өтілінің 20 жылын ол аталмыш мектептің директоры қызметіне арнап, абырой биігінен көрініп келеді.

Бикеш Смайлова 1987 жылы Шошқалы орта мектебіне химия және биология пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Келесі жылы Петропавлдағы жоғары оқу орнына оқуға түсіп, өзі қызмет атқарып жүрген мамандығын игереді. 1997 жылдан бастап, Бұланды ауылындағы орта білім беретін білім ошағына мектеп директоры болып тағайындалады. 2015-2016 оқу жылдары Көкшетау қаласындағы Абай Мырзахметов атындағы университеттің педагогика және психология мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдаған.
– Еліміз егемендігін алып аяғын нық басып кетуі үшін еліміздің әр азаматы бар күш-жігерімен еңбектеніп тер төккені абзал. Мұны түсінген ұжымдағы әрбір мұғалім мен қатардағы еңбек адамына дейін ата-аналарды ынтымаққа шақыра отырып, бірлесе жұмыс істеуге бел шешу керек. Адам алға қойған мақсатқа ұмтыла білуі тиіс. Мақсатқа ұмтылып қана қоймай, сол мақсатқа жетудің жолдарын іздеу және бағындырғаны дұрыс. Біздің басты мақсатымыз – ұрпақтың болашағы жарқын болу үшін бар күшімізді жұмсауымыз қажет. Мен осы 20 жылда өзімнің әріптестерім және ұжымдастарыммен бірге көптеген жетістіктерге жеттім. Ол әріптестерімнің бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алатын адал да еңбекқор жандар екенінің белгісі емес пе. Мен бір өзім не істей алар едім. Ұжымда береке мен бірлік болмаса біз осы күнге жетер ме едік,–дейді білікті басшы. Байқағаныңыздай, Бикеш Сағиқызы өз сөзінде өзі туралы емес, тағы да өзі басқарып отырған ұжымды тілге тиек етеді. Осының барлығы ұлағатты ұстаздың кеңжүректі, мейірімді, өз ісіне адал қарайтын абзал жан екендігін аңғартады.
– 1997-1999 жылдар аралығында елдегі дағдарыстың салдарынан мектепте де күрмеулі мәселелер көп кездесетін. Дағдарыс аяққа тұсау болып, қысқа жіп күрмеуге келмей тұрса да біз ұжыммен бірігіп, білім деген теңізде ескегімізді есіп, дағдарысқа қарсы жүздік. Әрине, біз осы кедергілерден сүрінбей өту үшін, өскелең ұрпаққа үздіксіз білім берудің жолдарын іздестірдік. Сол жылдары үш қабатты мектепті жылытуға қаражат аз болып, отын мен жарықты үнемдеу мақсатында мектепті шағын орынға көшірдік. 10 жылдық мектеп екі ауысыммен білімдерін жалғастыра берді. Отын мәселесі де өте қиын болды. Мектеп мұғалімдері мен ата-аналарды көмекке шақырдық. Әр ата-ана мектепті жылытуы үшін отын әкеліп берген де күндер болды. Сол уақытта үш қабатты мектептің есігіне құлып салып бұзып кетпес үшін үнемі бақылап жүрдік. Шағын мектепте үш жылдай оқыдық, бірақ оқушылардың санының артуына байланыс-
ты ол орын таршылық етті. 1999 жылы оқушыларды үш қабатты ғимаратқа оқыту үшін қайта көшірдік. Мектептің әр қабатына пеш орнаттық.
Қазіргі таңда еліміз аяғына нық тұрып, егемендігін алып еңселі ел болдық. Қиындықтың бәрі артта қалды. Мектебімізге қажетті қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесінің қазандығы жөнделіп ретке келтірілді. «Аштықта жеген құйқаның дәмі тәтті» дейді атам қазақ. Өткен күндерді есіме алып отырған себебім, ол да бір тарих. Қазіргі балалар үшін бәрі де дайын, барлық жағдай жасалған. Бүгінгінің баласы заманауи технологиялармен жабдықталған, жылы, зәулім мектепте үш тілде білім алып жатыр. Осының барлығын көзбен көріп, көңілмен түйсінгенде кеудемді мақтаныш сезімі кернейді, – дейді мектеп директоры Бикеш Сағиқызы.
2001 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу басталған сәттен мектеп оқушылары үздік білім нәтижелерімен қуантып келеді. Сонымен қатар, 2005 жылы Ұлы Отан соғысының аяқталуының 50 жылдық мерейтойына байланысты мектепте мұражай ашылды. 2008-2009 жылдары мектепте орман шаруашылығы үйірмесі ашылды. Игі істің басында жүретін басшымыз, тағы да осы тың идеялардың басы-қасында жүріп, жетекшілік етті. Бұл күнде мектеп оқушылары аудандық, облыстық, республикалық білім сайыстарының жүлдегері атанып жүр. Мәселен, 2010-2011 оқу жылында 9 сынып оқушысы Еркін Диас «Ақ бота» интеллектуалды ойынына қатысып, биология, математика және орыс тілі пәндері бойынша жүлделі 1 орынды иеленіп, Түркістан қаласына демалыс орнына жолдама алды. Орман шаруашылығынан Ақмола облысы республика бойынша үздік деп танылып, 2013 жылы мамыр айында Ақтөбе облысына барып конкурсқа қатысып, табиғат мәселелерін экологиямен байланыс-
тыра отырып «Туған жердей жер болмас» атты номинация бойынша мектебіміздің 8 сынып оқушысы Алмаз Бакеев 1 орын иегері атанып, 300000 теңге көлеміндегі оқу грантын жеңіп алды.
Ал, 8 сынып оқушысы Кенжегүл Смайлова болса «Орманды зиянкестен қорғау» туралы ғылыми жұмысы үздік деп танылып, 1 орынды қанжығасына байлады. Сондай-ақ, «Қазақстан менің елім!» атты қабырға газетінің конкурсында өзіміздің туған жеріміз Бұландының көркі мен табиғатының сұлулығын суреттейтін, оның тазалығына аса назар аударуды және табиғатты қорғаудың болашақ ұрпаққа маңызын түсіндіре отырып, табиғатты аялаудың жолдарын көрсете білдік.
Мектебіміз соңғы бес жылда ҰБТ-дан аудан бойынша алдыңғы үштіктен көрініп келді. 2016-2017, 2017-2018 оқу жылдарында мектебіміз ҰБТ-дан 110 және 110,5 ұпай көрсеткішпен аудан бойынша бірінші орынға ие болып, төбеміз көкке жетті. 2013 оқу жылы мектебіміздің түлегі Айжан Адамбекова «Алтын белгі» иегері болса,
9 сынып оқушысы Алмаз Бакеев пен Диана Қанатқызы 9 сыныпты қызыл аттестатпен тәмамдады. Бұл мектеп мұғалімдерінің білімі мен біліктілігін тағы бір рет айқындай түскендей. Ағымдағы жылы ұжым қатары алты жас маманмен толықты.
Бикеш Сағиқызы ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі лайықты бағаланып, аудандық, облыстық деңгейде түрлі марапаттауларға ие болған. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын, жаманның жаманын айт құты қашсын», – дейді қазақ. Осындай жақсы жандар жанымызда жүргенде болашақ ұрпақ пен жас мамандардың жолы ашық екеніне сенімдімін!
Сәулеш ДОЛИЙ,
Бұланды орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар