Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еншісінде – тоғыз белес - АРҚА АЖАРЫ

Еншісінде – тоғыз белес

зеренділік қарт ұстаз Пішенбай Мұқанов мерейлі 90 жасқа толып отыр

Өмірдің ақ пен қарасын ажырата алатын, ащысы мен тұщысын қатар татқан дана ұстаз өз шәкірттеріне үлгі-өнеге болып қала бермек. Қарт ұстаздың балалық шағы ел нәубетке ұшыраған жылдармен тұспа-тұс келді. Қарап тұрсақ, бұл дүниеде қазақ көрмеген қасірет аз сияқты. Отырар ойраны, екі ғасырға созылған жоңғар шапқыншылығы, Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, орыс бодандығы – халқымыздың бүгінгі ақжолтай азат күндерге келер жолдағы бастан кешкен азабы, тартқан тақсырет-тауқыметінің қара жерден де ауыр екендігін айғақтайды.

Пішенбай ақсақал да елді қасіретке ұшыратқан аштықты көрді. – Осы жылы малмен жан бағып отырған ауылдарда ұжымдық шаруашылық құру үшін үгіт-насихат жұмыстары басталды. Әкем осы ұжымдастыру науқанына білек сыбана кірісіпті. Ол кезде Көмекей ауылының жайлауы Атбасар өңірінің Сепе ауылында болатын. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасып қалған жекеменшік мал шаруашылығын колхозға беруге ауылдың байлары қарсы шықты. Бірақ, олар солақай саясаттың құрбандары болды. Сөйтіп, ауыл адамдары әуелі артель құрды. Боранбай, Шақа және Бұқар ауылдары бірігіп, алғашында «Жаңаталап», «Қайнар» кейін «Қызылқайнар» колхозы атанды,–дейді ақсақал ауылының өткен тарихын еске алып. Пішекең ауылдағы бастауыш мектепте Айдархан Бәйтін, Жағыпар, Қапақ деген мұғалімдердің алдынан дәріс алды. Оқуда озат болып, 1941 жылы Зерендінің пионер лагерінде дем алу құрметіне ие болды. Сондай-ақ, ол Қабылқай Мәмбетәлин басқарған Қарашілік орта мектебінде оқыған жылдарын ерекше, ыстық ілтипатпен еске алады. Сол кезде Олжай ауылы он жылдық мектебі бар бай колхоздың бірі болды. Осы ауылда Пішенбай Мұқанов Уәли, Манатай Рамазанов деген жиен ағаларының үйінде тұрып оқыды. Сары ағасы мен Әйімгүл апасының аңыз-әңгімелерін, ертегі мен қисса өлеңдерін тыңдап өсті. Мектепте Тәткен Боқановпен, Есімбек Сейдахметовпен және Көкі Әбутәліповпен бірге оқыды. Бұлар бесінші сыныпты тәмамдаған жылы дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы басталды. 1941 жылдың маусымы Пішекеңнің бүгінгі күнге дейін есінде.
–Ауылға аудан прокуроры Кәрімов келіп, елімізді соғыс өрті шарпып жатқанда бұл не қылған жайбарақаттық деп айғайлады. Прокурор 19 бен 35 жас аралығындағы азаматтар тез арада майданға аттану керектігін айтып, өздерімен бірге азық-түлік тағамдары мен киім-кешек ала шығуларын талап етті. Бұйрықты орындауға екі сағаттай уақыт берді. Қызылқайнар ауылынан 70 азамат майданға аттанды. Сол күнгі ауылдағы әйелдердің қайғылы зары әлі күнге дейін менің құлағымда. Қази есімді әжейдің Қойшы, Қозыбақ, Қаржан деген ұлдарымен қимай қоштасуын жеткізу қиын. Ағам Әлімбай, Нұртаза, Зікірия, Баттал, Дайырбекпен бірге соғысқа аттанды. Нұртаза ағам соғыстан аман-есен оралып, 90 жасында өмірден өтті. Бір өкініштісі, молда болған бұл ағамды Ұлы Отан соғысына қатысушы деп есептемей, жеңілдіктерді пайдалана алмады. Көп жылғы адал еңбектері де еленбеді. Нұртаза ағамнан тек қана қызықты әңгімелер, шежірелер, майданнан елге жазған өлең хаттары қалды,–дейді қария. Әкесі Мағжанмен бірге Әлімбай, Нұрымсейіт, Елеу, Жұмабек ағалары еңбек армиясына алынып, көп қиыншылық көреді. Баттал ағасы соғыстан аман-есен оралып, Айдабол селолық кеңесінің төрағасы болды. Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп жүрген Әлімбай ағасы Батыс майданында от кешті. Неміс басқыншыларының қоршауында қалып, тұтқынға түседі. Концлагерьде аш-жалаңаш болып, талай қорлықты басынан өткерді. Кейін сталиндік тергеуден өтіп, Донбасс шахтасында жұмыс істейді. Әлімбай ағай елге оралған соң мұғалім болды. Зейнеткерлікке шыққанда аудан имамы болып, елді имандылық жолына баулыды. Сапарғали атасы соғысқа дейін колхоз басқарды. «Байдың баласы» деген желеумен 5 жылға сотталды. Өскенбай ағасы соғыстың алғашқы жылдары ауыр жараланып, елге оралды. Сауыққан соң колхозда ауыр жұмыс атқарды. Алты бала тәрбиелеп өсірді. Пішекең ағаларының жақсы қасиеттерін өзіне үлгі-өнеге етті. Көп қиыншылық көріп, ерте есейді. Ауылда қалған қариялар, әйелдер мен балалармен бірге Пішенбай колхоздың жұмысына ерте араласты. Жұмыстан қолы босай қалса, Мұқан атасының қасынан шықпайтын. Атасы оған Қобыланды, Алпамыс, Ертарғын батырлар жайында ертегі айтып, қисса оқитын. Өмен деген әжесі балаларға қазақтың шежіресін өлеңмен айтатын. Пішекең колхоздың қара жұмысын атқара жүріп, уақытында орта және жоғары білім ала алмай, кейін оқыды.
Білімге құштар Пішенбай Мағжанұлы 1951 жылы Қарашілік орта мектебін бітіреді. 1955 жылы Абай атындағы педагогикалық институтын тәмамдап, батыр-академик Мәлік Ғабдуллиннің қолынан диплом алады. Еңбек жолын белгілі жазушы-драматург Сәкен Жүнісовпен бірге Қызылту ауданындағы Кішкенекөл мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болудан бастайды. Мұнда да комсомол, партия ұйымдарының белсендісі болып, «Чернигов», «Толбухин» кеңшарларында оқушылар бригадасын басқарды. 1962-1972 жылдары Комсомол селосында мектеп директоры және парторгтің орынбасары міндетін атқарды. Қоғамдық жұмыстың белсендісі болып, бірнеше мәрте Уәлиханов ауданының партия конференциясына қатысты. 1972-1975 жылдары Краснофлот селосындағы мектеп-интернаттың, 1980 жылға дейін Еңбекшілдер ауданы Карловка сегіз жылдық мектебінің директоры қызметін атқарды. «Искра» кеңшарының қоғамдық жұмысына белсене араласты. 1981-1985 жылдары Уәлиханов ауданының Южный селосы мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болды. 1990 жылға дейін Зеренді ауданы Игілік орта мектебінің директоры қызметін абыроймен атқарып, келесі жылы зейнет демалысына шықты. 1994 жылы Айдабол селосына қоныс аударып, елді имандылық жолына тәрбиелеу жұмысына атсалысып келеді. Тағдыр қосқан жұбайы Күлзада Жанәділқызы ұзақ жылдар бойы мұғалім, кейін кітапханашы болып еңбек етті. Екеуі Болат, Ғалияш, Зәмзәгүл, Айнаш, Тоқтар есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, жоғары білім әперді. Қазір олардың бәрі өз отбастарын құрып, ел игілігі үшін еңбек етуде.
Алпыс екі жыл бірге өмір сүріп келе жатқан ата-аналарына он үш немере, он шөбере сүйгізіп отыр. Ел құрметіне бөленген Пішенбай Мұқановтың кеудесінде үш «Халықтар достығы», «Тың және тыңайған жерді игеру» медалі, ВЛКСМ-нің құрмет төсбелгісі жарқырайды. Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары да жетерлік.
Тоқсанның төріне абыроймен шыққан зерделі әрі қазыналы қарияны мерейтоймен құттықтап, зор денсаулық, отбасының амандығын тілейміз біз де.
Қайрат ҚАЗИАҚПАРОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар