Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мен үшін орындары ерекше - АРҚА АЖАРЫ

Мен үшін орындары ерекше

Жүректе жатталып қалған өлеңде «ұстазым, менің ұстазым, өзіңмен өткен қыс-жазым…» деп шырқалатындай, әр адамның көптеген ұстаздары бар, бірақ олардың бәрі жадыңда сақталмайды, тек қана саған ерекше еңбегі сіңгендерін ғана жылы лебізбен еске алып жүресің.

Біреуге ұстаз болу үшін мұғалім болу міндетті емес. Ең алғашқы тәрбиешің де, ұстазың да ата-анаң. Барлық ата-аналар сияқты менің әке-шешем де шама-шарқынша тәрбиеледі. Анам Хадиша Тұрарқызы қысқа ғұмырында, соғыстың ауыр жылдарында бізді аш қалдырмаудың қамын ойлады. Сол жолда таң ағарып атқаннан түннің бір уағына дейін қажымай талмай еңбек етті. Әкем Дәуеш (шын есімі Дәулетбек) ұжымшардың тракторында, одан кейін мал шаруашылығында абыройлы еңбек етіп, алдыңғылардың қатарында болып, біздің алаңсыз өсуімізге жағдай жасады. Мені еңбекке тәрбиелеуге тырысты. Кішкентай кезімде үй шаруасына көмектессем, есейе келе кеңшарда дала жұмыстарында болдым. Қол шалғымен шөп шаптым, студент кезімде жазда шаруашылықтың малын бақтым. Кейін ауылдың алғашқыларының бірі болып, сол кездің өлшемімен жаңа жақсы үй салдық.
Мектеп табалдырығын алғашқы аттағанда бірінші ұстазым, соғыс ардагері Қапаш Сыздықұлын тұтқында болған деп еститінбіз. Ең есте қалғаны бізді әдемі жазуға үйретті. Содан жазуым жақсы болып, кейін бірнеше аттестаттар мен дипломдарды толтырдым. Қысқаша айтқанда осы кісіден алған төрт жылғы біліміміз сапалы болып, іргетасымыз жақсы қаланды.
Орта мектепте оқығанда сынып жетекшіміз, орыс және неміс тілінің мұғалімі Маргарита Александровна Сабодашты әр уақытта еске алып жүремін. Біз баламыз ғой, бос жүргенімізді ұнатамыз. Ол кісі сабақтан тыс уақытта интернаттан бізді жетектеп әкетіп, қосымша білім беруге тырысатын.
Математикадан алғашқыда нашар бағалар қойған ұстазым Дүйсен Қожахметовтың берген білімінің арқасында мектеп бітірердегі емтиханда ең жоғары бағаны жалғыз мен алдым. Осы пәнге деген сүйіспеншілігімді арттырып, физика-математика факультетін бітірдім. Осы күнге дейін математика пәнін жақсы көремін. Физика пәнінен Мәруа Ідрісова, географиядан Темірболатов мырзаны өз пәндерінің маманы еді,– деп атағым келеді. Жоғары оқу орнына түскенде бірінші жылы психологиядан он тоғыз жыл айдауда болып, жаңа босап келген Сәлкен Балаубаев дәріс берді. Бұл кісі алғашқы қазақша психологияның авторы. Сабақ өткізгенде аузымызды ашып лекциясын тыңдап отырғанда сабақтың бітіп қалғанын байқамай қалатынбыз. Өз пәндерінде адал, қатаң ұстаздар катарына аналитикалық геометриядан берген Шауғымбековты, физика методикасынан Рах мырзаны атар едім. Қызметке кіріскенде алғашқы ақылшым мектеп директорлары Әзік Ермағамбетов пен Петр Абрамович Кудашов болды. Партия жұмысын бастағанда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сұлтан Сейтембетов, идеология хатшысы А.В. Смолин мен әріптесім В.И. Марченколардың көмегін көп көрдім.
Орыстың мақалы «ғасыр өмір сүрсең, сонша оқы» деген қағида бойынша жанымда жақсы адамдар көп болды. Олардың ішінді өзіме ең жақын, қарт ұстаз, әкеміз Құлбек ақсақал әр уақытта ақылын айтып отыратын. Әрине өзіммен елу бес жыл бірге ғұмыр кешіп келе жатқан жан жарым Хамила Құлбекқызы да қызметтегі кемістігімді байқаса ақыл-кеңесін беріп отырады.
Жоғарыда атағандарымның бәрі менің жақсы азамат, адал қызметкер болуыма көп септіктерін тигізді. Солардың ақыл-кеңестерінің, тәрбиесінің, берген білімдерінің арқасында абыройлы елу жеті жыл қызмет атқардым, отбасын құрып, балалы-шағалы болып ел қатарлы өмір сүріп келемін.
Барлығына да ризамын, олар менің ұмытылмас ұстаздарым болып қала береді.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
ардагер ұстаз.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар