«Көкшетау-Астана» тас жолының Макинск қаласы маңынан өтер тұсыңда оң қапталыңда да, сол қапталыңда да қысы-жазы табиғаттың тамаша тартуы – жеміс-жидек сататындар бар. Жол түскенде көріп жүретінбіз. Осы жолы әдейілеп ат басын іріктік. Сөрелері сыңсып тұр екен. Не жоқ дейсіз. Алуан түрлі жидек тосабы.
Таңқурай, қарақат, шие, жидек, бүлдірген… Саңырауқұлақтың түр-түрі. Саналуан бал. Алтайдікі, өзіміздікі. Иттің, борсықтың, суырдың, қасқырдың майлары. Тіпті, моншаға қажетті қайың жапырағына дейін бар. Шелек-шелек картоп, сәбіз, қырыққабат.
Жомарт табиғаттың жақсылығын көріп жүргендермен аз-кем тілдестік. Айтуларына қарағанда, негізінен өздері дайындайды екен.
–Жаздың күні жеміс-жидек піскен кезде ұйқы-күлкіден айрыламыз,–дейді Оксана Осипова,–маса-сонаға жем болып, күн сайын жиырма-жиырма бес шақырым жол жүріп, орман ішін кеземіз. Мәселен, екі шелек жидек теріп әкелдің дейік, күнімен жұмыс істегендіктен екі қолың салдырап қалады. Әлгі жидекті қабығынан, шөп-шаламынан тазалаудың өзі бір қиямет. Сосын оны уақытында қайнатып алу керек. Қаншама қант қажет, оңай еңбек емес.
Сөрелердің жанында тұрған сатушылардың айтуына қарағанда, дәрумені мол, сұранысқа ие аң-құстың майын ресейліктер әкеліп көтерме бағамен өткізеді екен. Ал, жеміс-жидек пен саңырауқұлақтың дені береке тұнған Бұландының қалың ормандарының ішінде жатқан иен тегін несібе.
–Негізінде өз жұмысым бар,–дейді Анна Петрова,–бос уақытымда осымен айналысамын. Несі бар адал еңбек, салығын төлейміз. Күніне төрт-бес мың теңге тапсам да олжа емес пе? Қазір онша өтпей тұр. Жаздың күні Бурабайға туристер ағылған кезде алушылар көп болады. Биыл жолаушы көп болды. Шамасы туристердің қарамы бұрынғыға қарағанда молайған тәрізді.
Шағын базар болса да, тіршіліктің барометрі тәрізді. Сарыала күздің сыбағасын молынан қарпып тұрған, адал еңбекті нәсіп еткен сатушылар табиғаттың ау-жайын ғана емес, тәмам елдің назарын аударып отырған туризмнің тынысын да тамыршыдай сезініп отыр.
Бір айта кетерлігі, сатушылардың барлығы өзге ұлт өкілдері. Ал, алушылар кілең қазақтар.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.