Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәуелсіздік теңгесі - АРҚА АЖАРЫ

Тәуелсіздік теңгесі

1993 жылғы 15 қараша күні Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Жоғарғы Кеңестің берген өкілеттігіне сәйкес, елімізде ұлттық теңгені енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Әр жылдың 15 қарашасы Ұлттық валюта – Теңге күні болып тарихқа енді. Төл ақшамыз өмірге келді. Тәуелсіз еліміздің валютасы – теңгенің айналымға қосылып қолданыла бастағанына, міне, 25 жыл толғалы тұр.

Қазақстан Республикасының қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі Ұлттық валюта – теңге күні қарсаңында Ұлттық банкі Ақмола облыстық филиалының бұрынғы директоры, еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісінің иегері Асылхан Оспановпен жолығып, әңгімелескен едік. Бүгін сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Құрметті Асылхан Зейноллаұлы, әрбір мемлекеттің ұлттық валютасы сол мемлекеттің бет-бейнесін көрсетіп, мәртебесін танытатын ең басты нышан екендігі белгілі. Соған орай, ең алдымен, Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің шығу тарихына кеңінен тоқталсаңыз.
–1993 жылғы 15 қараша күні Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Жоғарғы Кеңестің берген өкілеттігіне сәйкес, елімізде ұлттық теңгені енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Әр жылдың 15 қарашасы Ұлттық валюта – Теңге күні болып тарихқа енді. Төл ақшамыз өмірге келді. Тәуелсіз еліміздің валютасы – теңгенің айналымға қосылып қолданыла бастағанына, міне, 25 жыл толғалы тұр. Бұл кезең, әрине, ел өмірінің, оның саясаты мен экономикасының орнығуындағы тарихи кезең болса, сол тарихи жауапты істі атқаруда теңгенің мән-маңызы орасан болғандығы ақиқат. Өйткені, бұған дейін Қазақстанның қаржы-несие, бюджет, салық, әлеуметтік, ішкі-сыртқы саясаты Ресейге тәуелді еді. Ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілер сәттің аса күрделі, аса қарбалас болғандығы да күні бүгінгідей есімде. Ресей бойынша айналыстан алып тасталған ескі ақшалар тасқыны елімізді басып кетті. Бұл экономиканың қалыпты дамуына кері әсерін тигізе бастады. Үкімет пен Ұлттық банктің алдында барынша маңызды проблемаларды шешу міндеті тұрды. Шын мәнінде инфляция барынша қарқын алған, өндіріс құлдыраған қиыншылықтар кезеңінде ұлттық валютаның тұрақтылығы мен айырбасталымын қамтамасыз ету қажет болды. Теңге айырбастау басталған бірінші күннен-ақ заңды төлем құралына айналып кетті. Қазіргі таңда, бұл қиыншылықтардың барлығы артта қалды, ұлттық валютамыз күннен-күнге өз елімізде ғана емес, тысқары жерлерде де сенімді беделге ие.
– Сіздің өміріңіздегі ең бір есте қаларлық тұс – өзіңіз осы Ақмола, Көкше өңірінде бас болып ұлттық валюта – теңгеміздің айналымға енгізілуі. Сол 1993 жылдың қарашасын, осы жұмыс қалай ұйымдастырылғанын бір еске ала отырсақ.
– Теңгені енгізбей отырып 1993 жылғы айналымда жүрген қолма-қол ақша аса көп болғанымен, ол жетпей жататын. Өйткені, инфляцияның деңгейі 784,1 пайызға барып қалған болатын. Сол кездегі әлеуметтік ушығушылықты болдырмау және халық шаруашылығының қолма-қол ақшаға деген сұранысын қанағаттандыру үшін қыркүйектің соңында инкассатормен бірге Алматыдан самолетпен ақша тасуға кірістік. Ақшаны екі ЯК-40 ұшағымен Көкшетауға алып келдік. Сол ақша екі апта ішінде аудандарға және совхоздарға таратылды. Кейбір жерлерде наразылықтар да туындады. Өйткені, бұл кезеңде қолма-қол ақшаның жетіспеушілігінен еңбекақы, зейнетақы, түрлі жәрдемақылар өз уақытында төленбей жатты да, халық ереуілдеп көшелерге де шыға бастаған еді. Ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілген 1993 жылдың қараша айының 14-і мен 20-сы аралығында Ұлттық Банктің Көкшетау облыстық басқармасы бойынша 72 миллион 280 мың теңге сомасындағы ұлттық валюта айналымға шығарылды. Бұл – 1961-1962 жылдар үлгісіндегі банкноттардың 36 миллиард 140 миллион сомы айырбасталды деген сөз еді.
– Осы теңге ауыстырудың алдында Ресей елімізге өздеріндегі айналымнан шыққан ескі рубльді қап-қабымен жіберді деген сөз бар. Сол сабан ақша біздің Ақмола өңірінде де қалай жойылып еді?
– Ресей бойынша айналымнан алып тасталған ескі ақшалар тасқыны елімізді басып кеткенін жоғарыда айттым. Бұл экономиканың қалыпты дамуына кері әсерін тигізе бастады. Міне, осындай бір аласапыран сәтте Көкшетауға да ұлттық валютаны тасып, жеткізе бастадық. Бұл шара аса құпия жағдайда жүзеге асырылды. Келіп түсуіне қарай валюта алынды.
Айналымға ұлттық валюта – теңге енгізілуіне байланысты барлық сомдық шоттар, салымдар мен міндеттемелер, сондай-ақ, республика аумағында айналымда жүрген КСРО Мемлекеттік банкі мен Ресей банкінің 1961-1992 жылдардың үлгісіндегі қазынашылық және банк билеттері қайта есептеліп, теңгеге алмастырылуға тиісті болды. Жеке және заңды тұлғалардың соммен жинаған қаржысы, банктегі шоттары мен салымдары, сондай-ақ, олардың банктегі несиелік берешегі белгіленген бағам бойынша теңгемен қайта есептелді. Кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің балансындағы сомдық активтер мен пассивтер де теңгемен қайта есептелді. 1993 жылғы 15 қарашадағы сағат 08.00-ден бастап аударым арқылы жасалатын есеп айырысулар бойынша барлық операциялар тек қана теңгемен жүргізілді. Осы айтқандарым сұрағыңыздың нақты жауабы ғой деп ойлаймын.
– Сіз банк саласында ұзақ жыл қызмет атқарған, осы саланың білікті маманы әрі басшысысыз. Өз жетекшілігіңізбен облыста өткен жылдары төл теңгемізді тұрақтандыру, оның құндылығын арттыру тұрғысында қандай жұмыстар атқарылды?
– Тұрақты ұлттық валютаның болуы нарықтық қатынастардың дамуы мен елдің экономикалық тәуелсіздігінің негізгі критерийлерінің бірі болып табылады. Теңге елдің қаржы секторының жалпы жай-күйін көрсетеді. Теңгенің тәуелсіз мемлекеттің валютасы ретінде орнығуы дау тудырмайтын факт.
Кез келген валюта үшін ең басты маңыздылық – оның қорғалуы. Жалпы алғанда, бұл сөзім сатып алу қабілеттілігінен және тұрақтылығынан бастап, қолдан жасаудан қорғалуына дейінгі мағынада айтылып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан теңгесі мақтаныш етуге тұрарлық. Теңге әлемдегі неғұрлым қорғалған валюталардың бірі болып отыр. Оны жасауда ең озық технологиялар пайдаланылған. Осы тұрғыда Елбасымыздың енгізген реформалары және облыстық деңгейде берілген тапсырмалар заңды түрде атқарылып және жүзеге асырылып отырды және асырылып келеді.
– Сөз соңында бүгінгі қаржы саласы қызметкерлеріне бір ауыз тілегіңізді айта отырсаңыз.
– Ұлттық валютамыз – теңгеге ширек ғасыр толып отыр. Осы жылдар аралығында қаржы саласында және банктік жүйені дамыту ісінде атқарылған қыруар жұмыстардың нәтижесі де ойдағыдай екендігіне күмән жоқ. Бұл орайда, тәуелсіз еліміздің қоғамдық өмірінде қалыптасқан тұрақтылық экономиканың, соның ішінде банк жүйесінің ілгері басуына оң әсерін тигізгенін айтқанымыз жөн. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаржы және банк салаларының іс-әрекетін дамытуға тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап ұдайы көңіл бөліп отыруы елімізде әлемдік деңгейге сай келетін банктік жүйенің қалыптасуына септігін тигізді. Ендеше, халықтың банктерге деген қазіргі нығайған сенімін онан әрі орнықтыра түсу қажет. Әлемнің дамыған елдерімен берік қарым-қатынас орната отырып, қазақ елі солармен өзінің теңгесі арқылы да теңеліп келеді. Теңгеміздің қаржы рыногындағы тегеуріні де қуантады. Біздің теңгеміз – Тәуелсіздік теңгесі. Ендеше, тәуелсіздігіміз де, теңгеміз де баянды болғай! Қаржыгер мен банк қызметкерлерінің Қазақ елі тарихына өз ізін қалдыруына тілектеспін!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Салтанат ДОСЕТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар