Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Kasip-kz» жұмыспен қамту агенттігі қызметіне кірісті - АРҚА АЖАРЫ

«Kasip-kz» жұмыспен қамту агенттігі қызметіне кірісті

Өткен бейсенбі күні «Атамекен» ҰКП» Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасында өңірдегі алғашқы жекеменшіктік «Kasip-kz» жұмыспен қамту агенттігінің тұсаукесер рәсімі өткізілді. Оған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов қатысып, жаңа жобаның қызметіне табыс тіледі.

–Елімізде кеден қызметі, жер қатынастары және жұмыспен қамту мәселесі өзекті сипатқа ие. Осыған байланысты Ақмола облыстық әкімдігі өңірлік «Атамекен» палатасының бастамасын толық қолдайды. Облыстық әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасы, тұрғындарға қызмет көрсету орталықтары, кәсіпорындар мен білім беру жүйесі жаңа жобаның сенімді әріптестері болуы керек. Шара барысында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылатындығы ортақ істің арнасы кеңи түсетінін айғақтайды. Бұл іс көші-қон саясатына да қатысты болғандықтан, Қазақстан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, кәсіпкерлік қозғалысын жандандыруға, жалпы, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың ойдағыдай орындалуына септік жасайды, – деді Қанат Мұратұлы.
Сондай-ақ, Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әубәкіров, Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Владимир Литвиненко әріптестерін құттықтау барысында, өздерінде жұмыс істеп жатқан «Kasip-kz» жобасының жұмыс тәжірибесі жайлы әңгімеледі.
Қазіргі күні республикамыздың өзге өңірлерінде табысты жұмыс істеп жатқан жобаның мақсаты – тұрғындарды нәтижелі еңбекпен қамту, жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға қолайлы кәсіп іздестіріп, қажет болған жағдайда қайта даярлықтан өткізу, арнайы кеңестер беру және басқа сұраныстарын қамтамасыз етуге көмектесу. Облыстық кәсіпкерлер палатасының деректері бойынша өңірде 20 мыңнан астам тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген. Соған қарамастан, ағымдағы жылдың қараша айында жүргізілген мониторинг барысында облыстың 250 кәсіпорнында 2000 бос орын бары анықталған. Осының өзі бәсекелестік ортаны дамыту мақсатындағы жекеменшіктік «Kasip-kz» жұмыспен қамту агенттігінің де жауапкершілігін күшейте түседі.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы қазан айындағы Жолдауында қазақстандықтардың тұрмысын жақсартып, табысын молайтуға айрықша екпін түсірді,– деді Ақмола өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нахыпбеков.
– Сондықтан, «Kasip-kz» жобасының ерекшелігі әлеуметтік міндеттерге негізделгендігінде деп білеміз. Осы қызмет арқылы ынталы азаматтарға бос жұмыс орындарын кең ауқымды таңдау мүмкіндігі беріледі, ал, жұмыс берушілерге әртүрлі кәсіп өкілдерін іріктеп алуға жағдай жасалады. Еңбек миграциясы бизнестің тиімді дамуына әсер етеді, демек, салық түсімдері де молаяды. Бұған қоса, аталған жоба оған қатысушылардың еңбектен ләззат алу, зейнетін көру, кәсіби және лауазымдық өсу, ұжымдық қарым-қатынастарды сезіну сияқты адами құндылықтарға бөлену мүмкіндігін жасайды. Біз бастамамызды қолдап, ықпалды әлеуметтік жоба алаңын жасауға ынталы болған облыс әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз.
Облыстағы алғашқы жекеменшіктік «Kasip-kz» жұмыспен қамту агенттігінің директоры Алтай Ерназаров өңірішілік, өңіраралық және халықаралық бағытта жұмыс істейтін жаңа құрылымның кең ауқымды таныстырылымын өткізді.
Тұсаукесер аясында жоба әріптестері: Ақмола облысының әкімдігі, Шымкент қалалық, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы, жұмыспен қамту орталықтары және жергілікті жұмыс берушілер арасындағы ынтымақты меморандумдарға қол қойылды. Бұл іске «Көкшетау сүт зауыты», «КамАЗ-Инжиниринг» және «Тыныс» акционерлік қоғамдары, «КАИН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Қазақстанның АгроИнновациялық Компаниясы» қатысқандығын атап өткіміз келеді.
Бақберген АМАЛБЕКОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар