Балам адамгершілікті, өнер-білімді болса екен, өз құрбыларынан оза шауып, Отаны мен халқының қалаулы азаматы болса екен, –
деп, жатса-тұрса жар құлақтары жастыққа тимейтін ата-аналар балалары ес біліп, өнер-білімге талпына бастаған кезде ауылдағы қадірлі, өнерлі қариялардың бірін үйлеріне шақырып: «Мына балаңызға батаңызды беріңіз, жолыңызды ұстап, арман-мұратыңызды жалғастырсын», – деп, балаларына бата сұрайды. Осы кезде батагөй қариялар:
Ұрпағың өнерлі болсын,
Өрісті болсын,
Іс-қимылы келісті болсын,
Ата-баба аруағы қолдап,
Еңбектері жемісті болсын!
Жары жібектей болсын,
Ары түлектей болсын,
Өнері өрлей берсін,
Жас басы төрлей берсін!
Аллаһуакбар! – деп аталық ықыласын білдіреді.
Әдептілік қағидалары:
► Адамның қасиеттері саналатын ізгілік, шешендік, мейірімділік, сыпайылық пен көпшілікке үйірсектік сияқты мінездерді бойыңа сіңіре біл. Байлығың мен керуенің болмаса да, не өзгеге бөліп беретін қазынаңның жоқтығына қарамай, адамдарға жылы лебіз айтып, жақсы ниеттеріңмен жарылқа, рухани кедейлікке ұрына көрме.
► «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегенді әрқашанда ұмытпа. Ізгілік әсемдігін меңгерген адам әрқашанда ар-ұяттың, әділдік пен жақсылықтың қамқоршысы болады. Өмірдегі азғын да арсыз, бұзық та жексұрын адамдарға қарағанда, жақсылық жаршысы бола білген адамдар халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, өзгенің құрметіне және сыйына ие болады.
► Өзіңнің қысқа ғұмырың мен тағдырыңа риза бол. Өйткені, сол өміріңдегі материалдық игілігің мен рухани тіршілігіңнің көздері, бұлақтары өзіңе қанағат пен қуаныш әкеліп, абыройыңның сүттен ақ, судан таза болуына жол ашады.
► Өмірге риза, онымен келісімде болу үшін табиғатқа адам болып келгеніңнің өзі-ақ жеткілікті. Адамның өз жанымен үйлесімді болуы – баға жетпес қазына екенін ұмытпа!
► Өміріңнің мазмұнын әдептілік қағидаларын меңгеруге бағыттай біл. Біреуден күдіктеніп, осыдан зиян келуі мүмкін-ау десең, оның көмегіне де, достасуына да сенбе. Жақсылық күтпе. Онымен байланыс жасап, әңгімелесуге тырыспа.
► Ақылсыздар мен надандардың достығына, олардың адалдығына сене көрме. Менмен әрі тәкаппар адамдармен сөйлеспе. Өмірлерінің мәнін өтірік пен екіжүзділікке бұрып, үміттерін сағымға қуғандарға сырыңды ашпа, үмітің мен арманыңды айтпа.
Сонымен бірге, өз ерекшелігіңді сақтай да, ардақтай да біл. Оған нұқсан келтіргісі келетіндерге қаймықпай қарсы тұра біл. Мұндай істе жұрт алдында кішіпейілді, жағымды болуға міндеттісің. Мұндай қасиет ақылды да көреген адамдарға тән, бұған әдеттенгендер әрқашан да ізгі, ақниетті деп есептеледі.