Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Атты полиция сырқат балаларға көмек қолын созды - АРҚА АЖАРЫ

Атты полиция сырқат балаларға көмек қолын созды

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғанындай, адамзат тарихында үлкен рөл атқарған жылқы түлігі XXI ғасырда да халыққа қыруар пайдасын тигізіп, адамдарға қызмет етіп келеді.

Осы орайда, Көкшетау қаласында көше тыныштығын қамтамасыз ететін атты полицияның қызметін атап өтуге болады. Атты полиция көше тыныштығын сақтап қана қоймай, қылмыстың алдын алуда да өзінің үлесін қосып жүр. Сондай-ақ, саяжайдағы ұрлық та атты полиция келгелі біршама азайды. Осындай маңызды жұмыс атқарып жүрген атты полиция биылғы жылдан бастап церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға көмек қолын созып, тағы бір игі іске атсалысуда.
Балалардың церебралды сал ауруы құрсақта даму кезінде, туу кезінде және туған сәтте байқалатын бас миындағы дерт. Бұл аурумен ауырған баланың өмір бойы мүгедек болып қалу қаупі бар. Балалардың церебралды сал ауруы эмбрион тұқымға немесе жаңа туған нәрестеге зақым келуінен пайда болады. Қимыл-қозғалыс бұзылулары, парез, еріксіз қимылдар, атаксия, сөйлеу қабілеті мен психикалық бұзылулар – сал ауруының белгісі осындай. Бүгінде Ақмола облысы бойынша, мүмкіндігі шектеулі 276 адам бар болса, олардың көбі балалар.
Осы сал ауруын иппотерапиямен, яғни, атқа салт мініп жүру арқылы емдеудің тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденген және өзге елдерде де табысты қолданылып келеді. Ат үстінде отырған адамның тірек қимыл аппаратының жұмысы жақсарады, денедегі барлық бұлшық еттер қозғалысқа түсіп, ағзаға жағымды әсер етеді.
Көкшетау қалалық полиция басқармасының атты полиция взводы сал ауруымен ауырған балаларға арнап емдеу сабақтарын өткізуді қолға алып отыр. Атты взвод полицейінің айтуынша, «Черкез» және «Ричард» атты жылқылар балалардың сүйікті атына айналған. Жуас жылқылар балаларды жатсынбай, бірден өз қызметтеріне кірісіп кетеді. «Атқа отырған кезде балалар өз қорқыныштарын жеңіп, соған шаттанады, жағымды әсер алады. Біз де балалардың дертінен айығуға көмектесетінімізді ойлап қуанамыз» дейді полиция қызметкері.
Көкшетау қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жанат Ешімов: Полицейлер балалардың емделуіне көмек көрсетуге әрқашан дайын. Балаларға арналған иппотерапия тек бір күндік шара емес. Полиция басқармасы басшылығы «Мейірім» балаларды түзеу және дамыту орталығымен» және қаладағы №4 облыстық арнайы түзеу мектеп интернатымен меморандумға қол қойды. Енді балалар аптасына екі рет атқа мініп, серуендей алады, – дейді. Айта кету керек, ағымдағы жылдың 3 маусымынан бастап атты полиция қызметкерлері «Мейірім» балаларды түзеу және дамыту» орталығымен бірлесе иппотерапия бойынша 16 сабақ өткізген екен. Ата-аналар мен орталықтың қызметкерлері тәртіп сақшыларына балаларға көмектесіп, осындай мүмкіндік жасағандарына дән риза.
Атты полиция взводы жаңа оқу жылынан бастап №4 облыстық арнайы түзеу мектеп интернатының балаларымен де жаттығулар жүргізуді жоспарлап отыр.

Айтолқын АМАНГЕЛДІ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар