Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елдің игілігі бірлікпен келеді - АРҚА АЖАРЫ

Елдің игілігі бірлікпен келеді

1992 жылдың 18 қазан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда Бірінші Бүкіләлемдік Рухани Келісім Конгресі өткен еді. Сол күні съездің қатысушылары 18 қазан күнін Рухани келісім күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады. Сөйтіп, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бері бұл мереке адамгершіліктің, толеранттылықтың және татулықтың символы ретінде, сондай-ақ жақыныңа қайырымдылық жасап, көмек көрсету күні болып жыл сайын аталып өтіледі.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлтаралық татулықты нығайтуға, ұлттың бірегейлігін, мәртебесін сақтауға ерекше көңіл бөлінген. Ұлттық жаңғыру дегеніміз – ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтап, ел ішінде бейбітшілік пен келісімді үйлестіре отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу.
Қазіргі күні әлемнің әр түкпірінде болып жатқан ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар рухани келісімнің қаншалықты маңызды екендігін айғақтайды. Осы орайда, Қазақстан өз тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап бейбітшілік пен ынтымақтастыққа, татулыққа жете көңіл бөліп келеді. Қазіргі күні елімізде жүзден астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Елімізде 3600 діни бірлестік тіркеліп жұмыс істейді, 18 конфессия бар. Қазақстан азаматтары заң жүзінде нәсілдік, ұлтаралық, діни көзқарастарына сай кемсітушіліктен қорғалады. Жүргізіліп отырған мемлекеттік оңтайлы саясаттың арқасында барлық ұлттар өз тілі мен мәдениетін сақтап, дамытуға, діни ұстанымдары бойынша діни рәсімдерді орындауларына мүмкіндіктері бар.

Елбасымыздың жүргізген ұлтаралық, дінаралық саясатын қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев одан әрі жалғастырып, еліміздің басты байлығы – татулығымыз бен бірлігімізді сақтау жолында мақсатты жұмыстар атқаруда.
2011 жылы 11 қазанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес, біздің еліміз зайырлы қоғам болып саналады. Яғни, дін мен мемлекет бөлек. Дегенмен де, мемлекет діни мәселелердің бәрін діни бірлестіктермен келісе отырып, өзара түсіністікпен, ымыраластықпен шешеді.
Еліміздегі діни келісім туралы айтқанда ең алдымен, халықтың негізгі бөлігі ұстанып отырған басты діндер: ислам мен православие діндерінің арасындағы қатынас көңілге оралады. Қазіргі күні ислам және православие адамдарды бірлік пен ынтымаққа ұйытатын дін болып отыр. Мемлекет басшысының Жарлығымен Құбан айт және Рождество мейрамдары аталып өтетін күнтізбенің бір күні мереке болып жарияланды.
2001 жылдан бері елімізде әр төрт жыл сайын өтетін әлемдік дәстүрлі діндер съезі дінаралық, мемлекетаралық бейбітшілік пен ынтымақты сақтап, дамытуға игі ықпалын тигізіп келеді. Халықаралық бұл форумды ұйымдастыруға Қазақстан тікелей бастамашы болған еді. 2018 жылдың қазан айында өткен соңғы VI съезіне әлемнің 46 мемлекетінен 80 делегат қатысқан болатын.
Қазіргі күні Ақмола облысында 12 конфессияға біріккен 191 заңды түрде тіркеліп жұмыс істеп жатқан діни бірлестік бар. Тарата айтар болсақ: 90 ислам бағытындағы, 45 православие, 11 католиктік, 43 протестанттық, 1 «Бахай» және 1 Халықаралық Кришна санасы қоғамы бірлестіктері жұмыс істейді. Облыс аумағында 151 құлшылық ету орны қызмет етеді. Оның 90-ы мұсылман мешіті, 28-і православие шіркеуі, 11 католик костелі және 22 протестанттық құлшылық ету үйі. Құзырлы органнан заңды түрде рұқсат алып, миссионерлік қызметпен айналысып жүрген Ресейден, Германиядан, Польша мен Филипиннен келген 76 миссионер бар.
Облысымыздың аумағында қызмет ететін діни бірлестіктердің бәрі заң шеңберінде жұмыс істейді және адамдарды бірлік пен татулыққа, имандылыққа шақырады. Мемлекеттік органдар өз кезегінде діни бірлестіктерді саяси тұрақтылық пен татулықты сақтау, әлеуметтік текетірестердің алдын алу, қоғам үшін қауіпті маскүнемдік пен нашақорлыққа, қылмысқа жол бермеу қызметтеріне пайдалануда. Айта кету керек, діни бірлестіктер бұл бағытта мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қолдан келгенше көмектерін беріп келеді.
Дін саласындағы құзырлы орган болып табылатын біздің бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының 2017-2020 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алады. Биылғы жылдың 13 маусымында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде діни бірлестіктердің басшыларына арналған Целиноград ауданының Ақмол ауылында орналасқан АЛЖИР мұражайына саяхатын ұйымдастырдық.
Биылғы жылы 27-ші рет аталып өтіп отырған рухани келісім күні қарсаңында облысымыздың барлық тұрғындарына, отбасыларына ашық аспан, бейбіт өмір және береке-бірлік тілеймін!

Болат Қасенов,
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы
дін істері жөніндегі бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар