Қаз-қалпында

Мектептен үйіне жету үшін Саяжан күнде қайыңды орманның арасымен өтеді. Бұрын айналасында болып жатқан құбылыстарға аса қызықпайтын ол сурет салу үйірмесіне барғалы бері өзіне әдемі көрінген нәрселерді бояу тілімен қағаз бетіне түсіруді әдетке айналдыра бастаған еді.

Қыздары тілі кеміс болып туылғаннан кейін ата-анасы оны тым болмаса айтқысы келген ойын, армандарын бояу тілімен жеткізсін деп, оны сурет үйірмесіне берген болатын. Соның арқасында Саяжанның мінез-құлқы біршама ашылып, замандастарынан бұрынғыдай тұйықталмайтын болды. Айналасына, табиғатқа деген қызығушылығы арта түсті.
Бүгін де мектептен келе жатып, қайыңды орманның сап-сары жапырақтармен көмкеріліп тұрғанын көріп, көзі оттай жанып, көңілі жадырап сала берді. Күздің келбетіне қарап тұрып, кітаптан күз туралы оқыған өлеңдері жадына орала кетті.
«Сап-жары жапырақтар… Саудырап құлап жатыр атырапқа». Ақын атам Мұқағали Мақатаев күздің кереметін қалай тамаша суреттеген. Данышпан ақын Абай Құнанбаевтың «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып дымқыл тұман жерді басқан» деген өлең жолдарында да күз қаз-қалпында бейнеленіпті ғой». Сары түске боялған сайын далаға, күзгі орманға қараған сайын ақиық ақындардың өлең жолдары жадына қайта-қайта орала берді. Орман ішіндегі тыныштықты бұзып, солардың тым болмаса бір шумағын дауыстап айтқысы келеді. Бірақ, қайдам. Тілі кеміс болғасын айта алмайды.
Мұндай сұлулықтан көз алғысы келмеген Саяжан сары ала жапырақтары жерге саудырап түсіп жатқан қайың ағаштарына ұзақ қарап тұрды. Сөйлей алмағандықтан, жүрегі қырық жамау қыз табиғат аясында жанына сая тапқандай болды.
–Алтын күз. Сен осындай екенсің ғой. Бүгін екеуіміз үнсіз тілдестік. Сары ала жапырақтар, сендерді жел ұшырып әкеткенде менің жанымдағы мұңды бірге ала кетіңдерші, – деп іштей жалбарынған оның көздерінен еріксіз жас тамшылап, ағаштың баурайына жантая кетті. Жерде шашылып жатқан сары ала жапырақтарды қолымен сыдырып алып, төбесіне шашып жіберді. Жапырақтар жерге түскен сайын Саяжан мәз. Өзін жұмсақ кілемнің үстінде отырғандай, сол кілеммен сиқырлы ертегі әлеміне саяхат жасап жүргендей сезінді. Сұлулыққа тамсанған қалпы айналасын көзімен тағы шолып шықты.
Күз келіпті тамаша,
Айналаға қараса,
Сарғайған көп жапырақ,
Сан жетпейді санаса, –
деген әне бір ән жүрегінен төгіліп жатты. Біраздасын сөмкесінен қағаз бен түрлі-түсті қарындаштарын шығарып, күзгі орманның суретін сала бастады.
Сол тізе бүккен күйі қайыңды орманда қас қарайғанша тапжылмастан отырды. Үйіне келе жатса, анасы анадайдан жүгіріп алдынан шығып, алаңдаған күйі «Қайда болдың? Мектептен неге кеш келдің?» деп, қызын сұрақтың астына алды. Дегбірі қашқан анасын басқаша жұбата алмасын, оны уайымға салғаны үшін дауыстап кешірім сұрай алмасын түсінген Саяжан анасын қатты қысып құшақтады да, сөмкесінен орманда отырып салған суретін алып шықты.
«Ботам-ау, мынаны сен салдың ба?», – деді анасы қызына мейірлене қарап. Саяжан «иә» дегендей ақырын ғана басын изеді. Анасының бойын билеген үрей сол мезетте тарқап сала берді. Қызын құшағына құшырлана басып, қайта-қайта маңдайынан сүйді.
Үйге кірген бойда анасы суретті әдемі жақтауға салып, қызының бөлмесіне іліп қойды. Әлгіге қараған сайын Саяжанның жадау тартқан көңілі жадырап сала береді. Тілі кеміс болса да, сұлулыққа іңкәр жүрегінен жыр ұшқындайды…
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар