Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бабасы – Қанай би, ағасы – ер Мәлік - АРҚА АЖАРЫ

Бабасы – Қанай би, ағасы – ер Мәлік

Мәриям апай жұмысыма хабарласты. – Ағаң сені асыға тосып жатыр. Екеуіміз қағаздарын ақтарып, арасынан бірер жазғанын іріктеп, дайындап қойдық. Өзің келіп алып кетерсің, – деді.
Жұмысбасты болып, бірден бара алмағаныммен, араға бір күн салып, таныс үйдің табалдырығын аттадым. Келгеніме Жанатай аға, Мәриям апай екеуі де қуанып қалды. Жанатай аға мүгедектер арбасына таңылып қалған екен. Мәриям апай да біз білетін автокөлік апатынан кейін баяу, ақырын қозғалады.

Кеше ғана екеуінің бір-бірімен жарасып, қолтықтасып қатар жүретіні, өз ортасының гүлі болғаны есіме түсіп, көңілім босағандай болды. Облыстық радиода, Мәлік Ғабдуллин музейінде аттары қалай дүрілдеп тұрып еді. Мәриям апайдың әншілік, сазгерлік қыры, Жанатай ағамыздың тұңғыш тәуелсіз «Оқжетпес» газетіне шығып жататын тарихи-танымдық мақалалары өз кезінде төңірекке кең тараған. Апайдың диктор ретінде сол радиодан таң атпай саңқылдай шығатын әдемі ашық дауысы ше. Көкшеде көп үйлер жаңа күнге сол дауыспен бет алушы еді ғой.
Ағаның біраз көңілін аулап, «кетемін» дегенімше, жұмыстан келген келіндері шайды да қамдап үлгеріпті. Бәріміз дастарханға отырдық. Мәриям апай «аузымызға жылы-жұмсағын тосудан бір аянбайды» деп жаңағы екі ортада келіннің пісіре қойған жұқа нанына дейін мақтауын асырып жатыр. Бұл да отбасы сыйластығы-ау, деп қоямын іштей.
Иә, әлмисақтан осындай бақ дарып, құт қонған қазақтың қара шаңырағы ғой бұл үй. Осы босағада Қанай би мен оның ұлықты ұрпақтарынан дарыған киелі қасиет бары тағы анық. Жанатай аға, Мәриям апай екеуі де ежелден шығармашылық адамдары. Бірін-бірі қолдап, бірін-бірі толықтырып, бұрынғы Көкшетау облысы мен қазіргі Ақмола облысының ақпарат, мәдениет салаларының ілгері басуына қосқан үлестері аз еместігі белгілі.
Өмірде біртоға, қақ-соқпен ісі жоқ, зиялы да мәдениетті Жанатай Бекенұлының ең басты адамгершілік қасиеті әрине, Тәңірдің берген жасында өзінің немере ағасы, текті батыр, тегеурінді ғалым Мәлік Ғабдуллиннің атақ-даңқына бір қылау түсірмей, қайта осы есімді барынша аялап, ардақтап, көпке танытып өтуінде дер едік. Ағасын ерекше бағалап, жақсы көре білген бұл кісінің осы жолдағы еңбегі өз алдына ұшан-теңіз. Осындай ердің ерінің, ұлт асылының бауыры екені азамат, шығармашылық адамы ретінде де өзіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін бар жан-тәнімен түсіне жүріп, сол үшін ешкімнің алдында міндетсіремей, өз ақ адал борышы, парызын ғана білген Жанатай аға, егер Мәліктану деген ғылым бар дейтін болсақ, сол ғылымға көп маңдай терін төгіп, көз майын тауысып кетті. Сол жолы да сол үйде болғанда өзіммен ала кеткен ағаның «Мәлік аға» атты мақаласын «Арқа ажарының» 2018 жылғы 30 қаңтардағы санында жариялап, газетті апарып бердік.
–Ағаларың қуанып қалды, – деп хабарласты іле тағы да Мәриям апайымыз.
Ал, шын мәнісінде Мәлік Ғабдуллиннің Кеңес Одағының Батыры атағын алғанына 75 жыл толуына орай, газетімізге осындай бір толыққанды дүние керек болған біз риза едік ағамызға.
Менің қолымда міне, Жанатай ағаның Мәриям апайымыз екеуі негізін қалаған М.Ғабдуллин музейіне басшылық еткен тұста өз қолымен құрастырған «Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрігі» атты естеліктер жинағы. Былайша айтсақ, ағаға деген сүйіспеншіліктің, өтелген бауырлық парыздың бір айғағы. Кітаптың мазмұнына, авторларына тоқталып жату көп орын алатыны белгілі. Халқымыздың ірі тұлғаларынан бастап, Мәлік батыр тақырыбына қалам тартпаған ғалым, ақын-жазушылар сирек. Солармен бірге бұл жинақта Жанатай Бекеновтың өзінің екі, Мәриям Кенжеахметқызының бір мақаласы да біртуар жерлесіміздің болмыс-бітімін барынша аша түседі.
Иә, Жанатай ағамыздың осылай Мәлік рухын асқақтатуға келгенде ойы орамды, қаламы қарымды еді. Жастайынан көкірегіне түйген үлкендер әңгімесі, батыр ағаның әр қасиетіне үңілген өз көңіл пайымы, сондай-ақ, тарихи деректерден сыр аулауы текке кетпеген. Осылай Мәлік ағамыздың бір кездері өзі қиянат көрген Сёмин деген командиріне соғыс жылдары жасаған жақсылығы туралы «Мен халық жауы емеспін» деген пьеса да жазды. Алайда, анда барып, мында барып, сахнаға қойғыза алмай-ақ кетті. Қойылса, адамгершілік пен ақыл-парасаттың нағыз бір жарқын көрінісіне тәнті болар едік.
Жүрегі «Мәлік аға» деп соққан Жанатай Бекенұлына осылай бұл өмірде үлкен миссия – халқының қарапайым ұлы бола жүріп, батырлықты, елдікті, ерлікті асқақтату миссиясы бұйырды. Сол арқылы қаламы жүйрік журналист-жазушы, іргелі бір музейдің негізін қалаушы, көпшілік білетін тұлғаға айналды. Әдетте, Көкшедей көрікті өңірді көремін деушілер, келемін деушілер көп. Олардың бір шоғыры – сөз зергерлері ақын-жазушылар. Соларға сенімді серік болып, жол көрсетті, жөн көрсетті. Мәлікті туған інісіндей бауырына тартқан Сәбит Мұқановпен хат алысып тұрды. Ілия Жақанов Көкшені аралағанда, жанынан табылды. Нені жырласа да, төгілтіп жырлайтын қостанайлық ақын Серікбай Оспановтың 70 жылдығына жазып әкелген өлеңін оқысаңыз. Поэзияны құрметтесеңіз, бір рет оқығанға тұщынбай, екі-үш рет оқитыныңыз даусыз. Біз манадан бері жеткізсек деген аға бейнесі, жанының кеңдігі мен көңілінің ерендігі шуақ болып сол өлеңде құйылып түскен.
Ел есінде қалған мұндай белгілі азамат туралы тағы не айтуға болады? Әлбетте, Жанатай Бекенұлының радиожурналистиканың да, тасқа, яғни, газетке басылған қара сөздің, маржан сөздің де шебері болғанын, ал, күнделікті өмірде кішіпейілділік, тектілік қағидасынан аттап баспайтын Алланың құлы екенін дәлелдеп өткенін енді бір аз-мұз, қасиетті Қанай бидің тікелей ұрпағы екендігімен де байланыстыра сөйлесек.
Бұл атаға батырлық, сөз бен шешендік өнері Қанай бабамыздың өзінен мирас болып келеді. Арада осы зерделілікті жалғаған ұрпақтары қаншама. Ер Мәлік те осы Қанай би ұрпақтарының Отан қорғау, ерлік жолында жарқ еткен бір ғажап жасыны. Ендеше, Жанатай ағамыздың ойланып-толғана келе, осы бір шежірелі сабақтастық болашаққа жетуі үшін «Қанай би және оның ұрпақтары» атты сүбелі кітап жазуы да заңдылық еді.
Бұл күндері өкінішке орай, біз сағынатын Жанатай Бекенұлы арамызда жоқ. Алайда, артында өзінің алғысөзінде замандасы, белгілі жазушы Төлеген Қажыбай ағамыз жоғары бағасын берген, Абылайды хан көтерген Қанай би Құттымбетұлынан бастап Мәлік Ғабдуллин, Мыңбай Ысқақов, Баян Жанғалов, Өзбек Елемесов сияқты осы атадан шыққан небір жақсы-жайсаңдардың өмірі көркем тіл, нақты деректермен жан-жақты сараланған осы бір кітабы да қалды. Келер ұрпақ қажет етсе, өткеннің ізін табар бір асыл мұра.
Біз алғаш редакцияға жұмысқа келгенде, төрт құбыламыз түгел дерліктей, бұл күнде орындары ойсырап тұрған абзал ағаларымыздың бәрі арамызда еді. Кейін зейнет демалысына шығып та шықпай, қатарлары сирей берді. Бүгінде бәрін іздесең, он саусағың аздық етеді. Сол ардақтыларымыздың соңын ала Жанатай ағамыздың да бақилық болғанына бір жыл өте шығыпты. Ойласаң, жымиып қана күлген орнықты мінезі, артық-ауысы жоқ байыпты сөзі есіңе түсе береді. Үлкен жүректі азамат, белгілі қаламгер есімі ел жадынан өшпейтіні анық. Енді тек Тәңірім өмірлік жан серігі Мәриям апайымызға, үрім-бұтағына баянды ғұмыр берсін. Иманды болыңыз, аяулы аға!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар