Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бекет ата мешітіне зиярат еттік - АРҚА АЖАРЫ

Бекет ата мешітіне зиярат еттік

Туған Қазақстанымызда қасиетті, киелі жерлер өте көп, шамамен 500-ге тарта. Айталық, «Общественно-политическая газета» 1916 жылы әр нөмірінде Қазақстанның облыстары бойынша қасиетті жерлердің картасын шығарды. Мен солармен мұқият оқып танысып, біраз киелі жерлерде болып, тағзым жасағанымды анықтадым. Әрине, өзіміздің Ақмола облысының, Көкшетау өңірінің киелі жерлерінің көбінде, сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстандағы Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан бап, Тараздағы Айша бибі, Қарахан, Қарағанды облысындағы Бұқар жырау, Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп, тағы басқа киелі жерлерде болып, рухани әсер алдық, өлкетану сауатымызды, білімімізді көтердік.

Дүниежүзінде әр халықтың өкілдері қасиетті жерлерге зиярат жасайды. Мысалы, күллі әлемге белгілі атақты Бразилия жазушысы Пауло Коэлью өзінің «Дневник мага» бестселлер кітабында Испанияның ескі көне зияраттық жолымен, таулардың арасымен Сантьягода Компостель деген қаласына дейін 400 шақырым жерді жаяу жүріп, рухани күш алып, шыңдалып, эзотериялық жаттығулар арқылы қиын жағдайларда сабыр сақтап, жолды жеңіл өткізгенін жазады.
Әрине, біздің мұсылмандар үшін ең үлкен міндет – Меккеге қажылық. Оған көп адамдар әртүрлі жағдаймен бара алмайды. Ал, енді өзіміздің қасиетті жерлерімізге барып, рухани жаңғыра түссек, ол да дұрыс па деп ойлаймын. Қазағымыз айтады ғой, «ердің соңы Есет, пірдің соңы Бекет» деп. Ақтөбе облысында осы Есет-тархан батырдың кесенесінде де болдым.
Қашан Бекет атаның басына барып тағзым етемін деп те іштей ойлап жүретінмін. Осы ойым Алла жазып, биылғы қыркүйек айында орындалды. Астанадан Ақтауға «Скат» әуе компаниясының ұшағымен 2,5 сағатта үш мың шақырым жерді артта қалдырып (бұл тек Орталық Қазақстаннан ғана), Маңғыстау облысының орталығына аман-есен қондық. Біздің Қазақстан жерінің көлемі ұлан-байтақ, табиғатының да сан алуан екенін ұшақта отырып ойлағанмын. Шынында да Қазақстанда дүниежүзінде қандай табиғат бар, соның бәрі бар. Оған айғақ – Алатау, Алтай, Қаратау шыңдарын мұз жайлаған алып биік таулары, Еуропаның Альпы тауындағыдай жайылымы, ну қалың ормандары мен құнарлы егін алқаптары бар, құм, шөл және шөлейт жерлері де бар.
Осындай біздің Қазақстанымыздың ұлан-байтақ жері, байлығы біздің ұрпаққа жайдан-жай келген жоқ, ол біздің бабаларымыздың, арқасында найзаның ұшымен, білектің күшімен, даналығымен, жақсы іс-қимылымен келді деп есептейміз. Сол көш бастаған, ел басқарған ұлы тұлғаларымыз Жәнібек, Керей, Абылай хан, көптеген батырларымыз, ақын-жырауларымыз, хазірет, пірлеріміздің ішінде Бекет атаның да орны ерекше. Әсіресе, Қазақстанның батыс өңіріне, Маңғыстау еліне.
Біз Бекет атаға зиярат етпекші болып, таң атпай, жеңіл машинамен Ақтаудан Бекет атаның мешіті бар Оғланды қорымына қарай жолға шықтық. Алдымызда 300 шақырымнан артық Маңғыстау өңірінің жолы жатыр. Табиғаты біздің Көкше өңірінен мүлдем өзгеше, көзіміз жол жүргенде ағаш, тау, жасыл аймаққа үйреніп қалған. Осы келе жатқанда әр жерден түйе жейтін шөптер мен кейбір жерде жыңғыл талдарды, тақыр тасты жерлерді көргенде бір түрлі боласың. Бірақ, әр жердің өзінің сұлулығы, өзіне тән сипаттылығы мен жарасымдылығы болады ғой. Сол табиғатына қарай жануарлары да сай болады. Жолшыбай үйір-үйір түйелер, кей жерде жылқылары табиғатына жарасып тұр.
Маңғыстау үстіртіндегі жолмен келе жатқанда бір жерінде дала сықылды бедерлері, кей жерінде қатпар-қатпар тау тастар мен жырақалар. Бәріне де мыңдаған жыл бұрын теңіздің орны болып, жел мен судың ықпалы әсер еткені көрініп тұр. Ақтаудан 50 шақырым Жаңаөзенге қарай шыққанда жол бойында Еуразия құрылымындағы ең терең, теңіз деңгейінен 132 метр төмен Қарақия құрғақ ойысы бар. Бір кезде Қытайда Турфан деген ойпаңда болып едім, дәл сондай әсер алады екенсің. Бекет атаға баратын болсақ, Шопан ата қорымынан да аттап кетуге болмайтыны көрініп тұр.
Бекет ата Атырау облысының Күлсары мекенінде 1750 жылы туып, 14 жасында Шопан ата мешітіне зиярат ете келіпті. Сонда Шопан ата мешітінде жас балаға аян беріпті. «Сен Хиуаға медресеге оқуға бар, онда Бақыржан қожа күтіп алады» деп. Сондықтан да, Бекет ата Шопан атаны өзінің ұстазы санаған екен. Шопан ата да жерасты мешітін салған. Шамамен деректер бойынша Х-ХІ ғасырда өмір сүрген. Біз де сол Шопан ата қорымында болып, мешітінде құран оқып, Аллаға құлшылық қылдық. Осы зиратқа 2018 жылға дейін Жаңаөзен, тағы басқа елді мекендерден қайтқан адамдарды жерлейді екен. Арасында Маңғыстау өңіріне белгілі Сүгір жыраудың да кесенесі бар. Айта кететін бір жай, Маңғыстау жерінде 362 әулие болыпты. Шынында да осы облыстың киелі жерлері картасында Бекет атадан бастап әулиелер саны әжептәуір. Тағы бір айта кететін жай, Маңғыстау түбегінен ұлы Жібек жолы өтіп, Орта Азиядан теңізге дейін келіп, әрмен қарай теңіз арқылы Еуропаға сауда-саттық қарым-қатынасқа жол ашылған.
Сонда жол бойында 15-20 шақырым сайын құдықтар болып отырған. Бір дәлелі, Шопан ата қорымының ортасында құдық бар екен, тереңдігі 20 метрдей, суы бірақ, тұзды. Құдықтың диаметрі 1 метрдей. Айналасы тас. Әлгі құдықтан су алып, бетімізді жуып, аузымызды шайдық. Ұрттап іштік.
Ендігі, бағытымыз – Бекет ата мешіті, Шопан атадан 80-90 шақырымдай жер. Жолшыбай бірнеше тоқтап, үстірттің табиғатын тамашаладық. Ақ тастардан (ракушечник) тау-төбелері жарқырап тұрады. Біздің жақта руда алғандағы (Қарағанды, Екібастұз, біздің Алтынтау-Көкшетау маңайында) отвалдар тәрізді. Үлкен төбелер әр жерде кездеседі. Ал бір жерге тоқтағанда, жүргізуші Бақтыгерей деген азамат «мына үстірттің астыңғы жағында күллі Қазақстанның жерінен келіп, авторалли өткізеді» деді. Айтқандайын, сол жерлер Африканың сафарийлері мен Американың каньондарындай екен. Түске қарай Шопан ата мекен-жайына да жетіп қалдық. Әр жерден келген зияратшыларға жағдайлар жасалған. Жуынып, дәрет алатын, дем алып, дәм дайындайтын орындар бар. Дастархан әр уақытта жайылып, шай дайын тұрады екен. Зияратшыларды таңертең сағат 6.00-ден 10-ға дейін, содан кейін жиналған адамдарды түскі сағат үштің кезінде Бекет атаның мешітіне жібереді екен. Біз Қазақстанның әр жерінен келген жүзден артық адам бір-бірімізбен әңгімелесіп, Бекет ата туралы мағлұматтар алдық. Бекет ата 14 жасында Хиуаға барып, медреседе 7 жыл оқып, Құранның аяттарынан бастап, география, физика, математика, астрономияны игеріп, жоғары діни білім алып шыққан, хазірет атанған.
Бекет атаның ұстазы Мұхаммад Бақыржан Қожа ұлы сейдтердің бірі атанған. Өте қасиетті әулие болған. Хиуа ханы төбесіне көтеріп, қадір тұтқан. Бақыржан қожаның тасаууф силсиласы, яғни, ұстаздық шежіресінде де Бекет хазірет бабамыздың түріктер мен өзбектер арасында аты мәшһүр болғандығы баяндалады.
Бекет ата оқып келгеннен кейін барлық өмірін мешіттер салып, онда балалар мен үлкендерге дәріс, халыққа тәлім-тәрбие беріп, мұсылмандықты дәріптеп, мұқтаж жандар мен мүгедектерге көмектесумен өткізеді. Өмірінде 4 мешіт салған. Бірінші мешіт туған жері Құлсарыда, «Ақ мешіт» деп аталады. Әлі күнге дейін жақсы сақталған. Екіншісі мельвих жартастарында Бейнеу жеріне салынған. Үшінші мешіті Үстіртте, «Тобылды» деп аталады. Төртіншісі жер астында, Оғланды жерінде ақ тастан үңгірлеп қашаумен жасаған, 4 бөлмесі бар. Өзі де осы жерде жерленген. Бекет ата 40 жасында сопы атанған.
Біз жиналған адамдарға молла құран оқып, садақаларымызды қабыл алғаннан кейін жоғарыдағы үстірттен баспалдақ жол арқылы шатқалдардың арасымен төмен қарай Бекет ата мешітін бетке алдық. Түскенше жарты сағаттай өтті. Серпантинмен жүргенде екі шақырымнан асатын шығар. Мешітке жақын тұста Бекет ата су ішкен бұлақ бар екен. Біз де судан дәм таттық. Сол маңда 3-4 арқарларды көрдік. Білгендердің айтуынша, 40-50 арқар осы маңда ылғи жүреді екен. Таудың ең төменгі деңгейіне түсіп, өзіңді теңіздің астында тұрғандай сезінесің. Әрі қарай баспалдақпен 10 шақты метр жоғары көтеріліп, мешіттің алдындағы кішкене алаңға жетесің. Мешітке 12 адамнан кірдік. Әлгі жерде шаршағаның бәрі артта қалып, рухың көтеріліп, жоғары сезімде боласың. Біз бөлмеге жағалай отыра қалып, шырақшы құран оқыды, атаға тағзым жасадық. Ақ тасты қашап, үңгір қылып жасаған бөлменің ортасында күн сәулесі түсіп тұрған тесік бар екен. Екінші бөлмесінде аса таяғын айналып құлшылық қылдық. Мешіт төрт бөлмелі. Жергілікті халық Бекет атаны «Меккеде Мұхамед, Түркістанда Қожахмет, Маңғыстауда пір Бекет» деп ұлықтайды екен. Бекет атаның қасиеттілігін, танымалдылығын бірнеше қырынан байқауға болады. Атамыз батыр болған, еліміздің ауызбірлігіне көп атсалысқан. Тарихтағы қазақтың батырларының арасында Бекет атаның да есімі бар.
Бекет ата Есет-тархан батырдың жиені, нағашысы. Бекет атаның 12 жасында үлкен бата беріпті. Бекет ата батырлығы, даналығымен қоса, кейбір қайшы мәселелерде түркімендермен де ортақ тіл табыса білген. Екіншіден, Бекет ата ағартушы, өзінен кейінгілерге тәлім беруші, оқымысты ретінде белгілі. Сәулетші ретінде бірнеше мешіттер салған.
Дарындылығының, көріпкелдігінің, тәуіпшілдігінің арқасында көп адамдарды ауруынан сауықтырған, мүгедектерге де көп көмектескен. Әлі де сол қасиеттілігі мен киелілігінің зияратшыларға, шын көмек сұрағандарға шапағаты тиіп жатыр. Сондықтан, Қазақстаннан, басқа мемлекеттерден де басына келіп, зиярат етушілер көп. Бекет атаға арналған бейнефильмде Ресейден бір орысты зеңбілмен Бекет атаның басына алып келіп, 3-4 сағат жатқаннан кейін әлгі кісі әйелінің көмегімен өзі тұрып кеткені туралы көрініс те бар. Бұл қасиет емей немене?
Ақтау қаласының орталық мешіті Бекет атаның есімімен аталған. Қасиетті Бекет атаға, басқа да ұлы бабаларымызға тағзым етіп, олардың өсиеттерін, өмір жолдарын, қолжазба шығармаларын көздің қарашығындай көріп, есте сақтап жүрсек, нұр үстіне нұр. Халқымызды, әсіресе, жастарды инабатты, патриотты, рухы жоғары етіп тәрбиелеуге осындай ұлыларымыздың ықпалы зор. Өткенімізді біліп, рухани жаңғыра алсақ қана Қазақстанымыз көркейіп, нығая береді.

Мағауия РАХЫМБЕРГЕНОВ,
еңбек ардагері, Зеренді ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек және әлеуметтік саласының үздігі.

Суреттерде: Маңғыстау жеріндегі Бекет ата салған төрт мешіттің бірі; Ақтау қаласында бертін салынған Бекет ата мешіті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар