Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аграрлық-экономикалық институтына – 40 жыл - АРҚА АЖАРЫ

Аграрлық-экономикалық институтына – 40 жыл

Заман талабына бейімделген іргелі оқу орны

1979 жылы Қазақстан Компартиясы Көкшетау облыстық комитетінің бірінші хатшысы О.С.Қуанышевтың өтініші бойынша және Целиноград ауыл шаруашылығы институтының ректоры, профессор М.А.Гендельманның күш салуымен Целиноград ауыл шаруашылығы институтының филиалы ашылды.

Онда «Агрономия» және «Зооинженерия» мамандықтары бойынша кадрлар даярлана бастады. Филиалдың бірінші директоры болып ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент И.Г.Темірешев тағайындалды, оның орынбасарлары А.И.Гуди және С.З.Елубаев болды.

1980 жылы «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығына күндізгі оқу бөлімінің студенттері бірінші рет қабылданды. 1985 жылдың қыркүйегінен филиалды Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, МАЭР Академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Б.Ғ.Жүнісов басқарды.
Тарихшылар өткен ғасырдың 80-ші жылдарын қоғам өмірінің барлық жақтарын қозғаған «дағдарыстық құбылыстар мен қайшылықтардың пісіп-жетілу жылдары» деп атайды. Алайда, Целиноград ауыл шаруашылығы институты Көкшетау филиалы қызметін талдау оның өз дамуында айтарлықтай алға басқанын көрсетеді. Б.Ғ.Жүнісовтің ұйымдастырушылық қасиеттерінің, терең кәсіби білімінің, кең ой-өрісінің және адамдармен жұмыс істей білуінің арқасында филиалдың материалдық-техникалық базасы нығайып, профессор-оқытушылар құрамының сапалық және сандық деңгейі жоғарылады, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер мен өзге қызметкерлерді біріктіретін күрделі ұйымдастыру мәселелері білікті шешілді.
Кейін қысқа уақыт ішінде филиал С.Сәдуақасов атындағы Көкшетау ауыл шаруашылығы институты болып қайта құрылып, Б.Ғ.Жүнісов институт ректоры болып тағайындалды. Ол басқарған жылдары жоғары оқу орнын дамыту бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, оқу-әдістемелік база айтарлықтай кеңейтілді және нығайтылды, білім мен ғылымның интеграциясы күшейді, жақын және алыс шет елдегі ЖОО-лармен ынтымақтастық туралы шарттар жасалды, 1992 жылы экономикалық факультет, аспирантура ашылды, дәл сол жылы оқу-тәжірибе шаруашылығы құрылды. Оқытушылар Канада, Ресей Федерациясы, Түркия, ГФР және тағы басқа шет елдерге біліктілікті арттыру бойынша ғылыми тағылымдамаға шықты, студенттер елдің Алтай трактор зауыты, Горький автомобиль зауыты, Павлодар трактор зауыты сияқты жетекші машина жасау кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтті. Жатақханаларда алғаш рет студенттік өзін-өзі басқару жүйесі енгізілді, студенттердің қоғамдық жұмысы, бос уақыты мен спорттық өмірі жандандырыла түсті
Білім беру сапасын жақсарту мақсатында жас оқытушылар бұрынғы КСРО-ның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінің мақсатты аспирантуралары мен докторантураларына жіберілді. Атап айтқанда, Е.Ф.Тошанов Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтына, К.У.Мұхамедрақымов Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне, Ж.Е.Тоқышев Мәскеудегі ауыл шаруашылығы машиналарын жасау ғылыми-зерттеу институтына, М.У. Жабаева және В.Х.Портной Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының А.Н.Бах атындағы биохимия институтына, С.К.Мизамбекова Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы экономикасы ғылыми-зерттеу институтына, К.Ж.Есқожин Мәскеудегі «ВИСХОМ» ғылыми-өндірістік бірлестігіне, К.Б.Садықов Түркия Республикасына докторантураға, Ә.М.Аюлов және Т.Т.Жүнісов Целиноград қаласындағы С.Сейфуллин атындағы ауыл шаруашылығы институтына жолдама алды. Ал, А.Ж.Ысқақов өзіміздің С.Сәдуақасов атындағы ауыл шаруашылығы институтында білімін жетілдірді.
Материалдық-техникалық базаны жабдықтау және оқу-зертханалық жабдықтармен, компьютерлік техникамен және қазіргі заманғы технологиялармен қамтамасыз ету, ғылыми-педагогикалық кадрлардың деңгейі бойынша жас институт облыстың ең үздік жоғары оқу орнына айналды. Алайда, кейін Қазақстан Респуб-
ликасы Үкіметінің 1996 жылғы 7 мамырдағы қаулысымен өз алдына дербес жоғары оқу орындары – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік педагогикалық институты мен С.Сәдуақасов атындағы Көкшетау ауыл шаруашылығы институты таратылып, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрамына кірді. Осы уақыттан бастап С.Сәдуақасов атындағы аграрлық-экономикалық институт осы университеттің құрамында жемісті жұмыс істеп келеді.
Биыл институтымыздың алғаш жұмыс істей бастағанына 40 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Целиноград ауыл шаруашылығы институтының Көкшетау филиалын, одан кейін С.Сәдуақасов атындағы аграрлық-экономикалық институтын ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, доцент И.Г.Темірешев, экономика ғылымдарының докторы, профессор Б.Ғ.Жүнісов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор С.З.Елубаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.Н.Әленов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент С.К.Мемешов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент И.Б.Фахрудинова, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Е.Ф.Тошанов, техника ғылымдарының докторы, профессор Ж.О.Нұрмағамбетов, экономика ғылымдарының докторы, профессор А.Ж.Ысқақов басқарды.
Институттың дамуына, оның ғылыми-педагогикалық әлеуетін қалыптастыруға профессор-оқытушылар құрамы елеулі үлес қосты. Әр жылдары мұнда жоғары білікті педагогтар жұмыс істеді. Бұл жай ғана білімді де білікті адамдар емес, ең алдымен дарынды да шығармашылық тұлғалар болды. Биылғыдай мерейтойда әрқайсысының аттарын атап шықсақ, артықтығы болмас. Ендеше, С.З.Елубаев, К.У.Мұхамедрахымов, Г.И.Мұхамедрахымова, Л.А.Камбулина, А.Х.Жылқыбаев, К.Р.Нұрмағамбетов, М.Н.Нөсербаев, А.П.Егоров, Б.Ш.Қуанышева, З.Т.Есенеева, С.М.Досанова, Ж.Т.Баймұқанов, Г.Гуди, И. Л.Козлова, Ж.Н.Еңсегенов, В.Х.Портной, А.В.Брязгунов, Я.Я.Вильгельм, А.А.Валько, Ш.Т.Тайжанов, А.А.Лузько, Н.А.Соснин, Д.Т.Тегісов, В.И.Ермакова, Г.С.Лазоренко, Г.Т.Сыздықова, З.Д.Саттыбаева, А.А.Поддубный, Д.М.Поддубная, В.П.Нилов, А.Ж. Сағынбаев, Г.С.Есжанов, Б.Н.Кәріпов, С.Я.Майзель, М.Р.Думанский, Г.Г.Думанская, Н.Ф.Амен, А.Б.Күшпаева, С.М.Мұхамедин, Б.З.Дюсекев, Р.С.Буктугутова, Б.Н.Рахымжанов, С.Б.Жалмақанов, Ж.Е.Тоқышев, И.М.Шонов, Е.Ф.Тошанов, тағы басқалары институттың кешегі мен бүгінгі табысына зор үлес қосқан және қосып жүрген қадірлі әріптестеріміздің қатарына жатады.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдары институтта білім алушыларға патриоттық тәрбие беру жөнінде үлкен жұмыс жүргізілуде, жазғы каникул кездері мен орақ науқандарында құрылыс және механикаландырылған отрядтар құрылды. Институт комсомол ұйымының хатшысы М.Қ.Жұмабековтың бастамасымен студенттік жастар орталығы ұйымдастырылды. Сол кезде құрылған вокалдық-аспаптық ансамбль, «Тамаша» тобы жастар арасында танымал болды. Қазіргі уақытта институтта білім мен ғылымның интеграциясы мәселелеріне зор көңіл бөлінеді. Институттың белді ғалымдары У.М.Сағалбеков, Т.К.Есенеев, Ә.Т.Құсайынов және тағы басқалары аграрлық ғылымның, ауыл шаруашылығы саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулердің дамуы-
на қомақты үлес қосуда. Олардың басты күш-жігері топырақтың құнарлылығын, ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын және мал өнімділігін арттыруға байланысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.
Институттың Қазақстанның еңбек нарығындағы үлесі мол екендігін түлектеріміздің ұлттық экономиканың түрлі салаларында, атап айтқанда, ірі компанияларда, кәсіпорындар мен фирмаларда, қызмет көрсету саласында, банктер мен тағы басқа орындарда жұмыс істейтіндіктері барынша айғақтай түседі. Бірқатар түлектер мемлекеттік құрылымдарды, жоғары оқу орындарын, ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен фирмаларын басқарады. Өткен уақыт ішінде Т.Т.Жүнісов, Ә.М.Аюлов, А.Ж.Ысқақов ғылым докторлары атанды. Сонымен бірге, 20-дан астам ғылым кандидаты, 10 мыңнан астам білікті маман, ұлттық экономиканың аграрлық секторы үшін бакалаврлар мен ғылым магистрлері дайындалды. Бұлардың бәрі де бүгінгі таңда біздің мақтанышымыз.
Осы түлектеріміздің ішінен суырылып шыққан С.А.Звольский, М.Б.Теміржанов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Р.Ж.Құрманов Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі, экономика ғылымдарының кандидаты, Қ.М.Ыдырысов Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып табылады.
Бүгінгі таңда институт студенттері мен магистранттары «Жасыл ел» республикалық қозғалысына, «Звезда» студенттік механикаландырылған жасақтарына, «Студенттер Альянсы», «Студенттік мәслихат», «Ауыл жастары одағы» жастар ұйымдарының жұмысына белсене қатысып келеді. Жыл са-йын «Болашақ», «LOGO» бағдарламаларына, спорттық және мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрінуде.
Осылайша аграрлық-экономикалық институт өзінің үздік дәстүрлерін сақтай отырып, қарқынды дамуды өзінің басты мақсаты санайды. Қазір оқу орнында 4 кафедра бар. Олар өсімдік шаруашылығы және топырақтану, механизация және мал шаруашылығы, экономика және есеп, қаржы және менеджмент кафедралары. Ғылым бакалаврларын даярлау агрономия, агрохимия және топырақтану, аграрлық техника және технологиялар, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, орман ресурс-тары және орман шаруашылығы, экономика, менеджмент, есеп және аудит, қаржы сияқты 9 мамандық бойынша, ал, жоғары оқу орнынан кейінгі магистратурада білім алу 6 мамандық бойынша жүзеге асырылады.
Институтта 60-тан астам жоғары білікті оқытушылар жұмыс істейді, оның ішінде 5 ғылым докторы, 15 ғылым кандидаты, 6 РhD докторы және 27 магистр бар. Ғылым докторлары К.К.Құсайынов, Ә.Т.Хұсайынов, ғылым кандидаттары Ж.Н.Әленов, Г.Т.Сыздықова, С.К.Мемешовтың еңбектері өндіріс және білім саласына енгізілді. Оқу үдерісінің жоғары деңгейде жүргізілуі үшін институтта тиісті материалдық-техникалық база құрылды. Сабақтар типтік корпуста өткізіледі. «1С:Бухгалтерия», «Салық ісі», «Шағын банк», «Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу технологиясы», «Агрономия», «Селекция және тұқым шаруашылығы» кабинеттері, 4 компьютерлік сынып, интерактивті кабинеттер, мультимедиялық проекторлары бар 4 дәріс залы, кітапхана, оқу залы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, акт залы және асхана жұмыс істейді.
«Экономика және есеп» кафедрасының жанынан бухгалтерлер мен экономистерді оқыту үшін «Софтмастер» серіктестігінің базасында өз филиалымызды құрғанбыз. Осындай филиал «Агрономия» мен «Аграрлық техника және технология» мамандығының студенттері үшін «Евразия групп Казахстан» серіктестігі мен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің базаларында да бар. «Қаржы» мамандығының студенттері үшін «Жусан Банк» АҚ базасында және бір филиалымыз жұмыс істейді.
Білім беру бағдарламаларының сұранысқа ие болуы және сапасының расталуы шетелдік студенттер санына да байланысты болып келеді. Қазіргі уақытта институтымызда Моңғолия, Қытай, Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінен 8 студенттің оқитыны бұл жағынан да көрсеткішіміздің жаман еместігін айғақтай түскендей. Білім деңгейін көрсететін келесі бір көрсеткіш студенттер мен магистранттардың пәндік олимпиадаларға, халықаралық және республикалық конкурстарға қатысуы болса керек. Осы орайда, өзімізде оқитын жастардың жыл сайын Қазақ Ұлттық аграрлық университетіндегі еліміздің жоғары оқу орындары арасында өткізілетін республикалық пәндік олимпиадаға, сол сияқты, республикалық «Үздік студенттік жұмыс» конкурсына, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өтетін халықаралық пәндік олимпиадаға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүргендерін абырой санаймыз.
Аккредиттеу және тәуелсіз рейтинг агенттігі өткізген ұлттық рейтингінің қорытындысы бойынша бакалавриат және магистратураның 4 мамандығы алдыңғы орынға ие болғанымыз да біз үшін мерей. 2019 жылғы Қазақстан Респуб-ликасы жоғары оқу орындарының ТОП-20 бас рейтингісінде біздің университет 12-інші орыннан көрінді. Университеттің сапа менеджменті жүйесі ISO 9001: 2015 халықаралық стандартына сәйкес сертификатталған. Бұл табыстарда біздің профессорлық-оқытушылық құрамның да айтарлықтай үлесі бары анық. Өзінің қырық жылдық мерейтойын жоғарыдағыдай жетістіктермен қарсы алып отырған аграрлық-экономикалық институты алдағы уақытта да осы алған бағытынан таймай, еліміздің жоғары білім беру жүйесінде жаңа биіктерден көріне беретіндігіне сенім мол.
Аграрлық-экономикалық институтының профессор-оқытушылар құрамының мол ғылыми-педагогикалық тәжірибесі жинақталған және бұл болашақта білім беру сапасын арттыруға игі ықпалын тигізетін болады.

Абай ЫСҚАҚОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті С. Сәдуақасов атындағы Аграрлық-экономикалық институтының директоры, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар