«Достар» мәдениет сарайында Тәуелсіздік мерекесі мен Көкен Шәкеевтің 95 жылдығына арналған «Менің дауысым – бұқараның өз үні» атты
тақырыпта республикалық ақындар айтысы болып өтті. Бұл өнер аламаны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Жастар жылына орайластырылып, «Ақмола – адалдық алаңы» жобасы аясында ұйымдастырылған. Айтыстың шымылдығы белгілі айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабектің сөзі мен әніне жазылған айтыстың әнұранымен ашылды. От тілді, орақ ауызды ақындарды осынау жыр додасымен құттықтай келген Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов жиналған қауымға жылы лебізін білдіре келе, көршілес Қызылжар қаласындағы Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебінің жетекшісі Жарқын Жұпарханға Алғыс хат табыс етті.
Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ кемде-кем болар. Атадан балаға мирас болған осы бір ақсүйек өнерге деген халықтың ықыласы ежелден ерекше. Кешегі айтыста да мәдениет сарайына иін тіресе жиналған қауымды көріп, халықтың сөз өнеріне әбден шөліркеп қалғандығын аңғардық. Өңіріміздің шалғай ауылдарынан ат терлетіп келген ағайынның айтыс ақындарына деген ілтипаты айтарлықтай. Солардың бірі осы жыр додасын тамашалаймын деп арнайы Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласынан келген Ақшатай Сәдуақас.
–Мен 1964-1968 жылдар аралығында осы Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы ордалы оқу орнында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқу оқыдым. Сол студент кезімнен-ақ, айтыс өнеріне деген ықыласым зор еді. Жалпы, елу жылға жуық ұстаздық қызмет еттім. Бірақ, өңірімізде айтыс өтіп жатыр десе сол өнер аламанының куәсі болғанды жөн санаймын. Себебі, сөз өнерінде мол тағылым бар. Сағынышқа айналған сол бір жылдарда Көкен Шәкеев, Мұса Асайынов сияқты ақиық ақындар сөз додасына түсетін. Негізі Көкшедегі айтыс десе алдымен тілге оралатыны осы қос дүдүл. Бүгін жастардың өнерін тамашалаймын деп бұл додаға арнайы келдім. Кешегі Көкендердің үзілмеген үміті іспетті көрінеді олар маған, – дейді көрермен.
Әдетте, сөз бастау оңай емес. Алғашқы жұп болып ортаға шыққан аршалылық Құрмет Құралхан мен ақтөбелік Нартай Тілеуқұл. Қарсыласының әуселесін «ә» дегеннен-ақ баса білген Нартай айтыс өнерінде біршама ысылған ақын екендігін бірден аңғартты. Біздің өңірдегі талантты жастардың бірі Құрмет те осал емес еді. Жыл басында халықаралық деңгейде өткен додада топ жарған Құрметтен халық өресі биік өнер күткен. Дей тұрсақ та, керағар пікір, ойдың қайталануы, ұйқастың солғындығы байқалып тұрды. Осылайша бұл жолы Құрмет өз бабында емес екендігін аңғартып алды. Жалпы, кез-келген жыр додасы ақынды шыңдап, ширата түсері анық.
Алматылық ару Аяулым Жұмабекқызы мен қызылжарлық Жұмабек Рахым әдемі қыз бен жігіт айтысының көрінісін паш етті. Әсіресе, Аяулымның сахнада өзін-өзі ұстауы, тосылмастан табан астында суырып салып сөзбен безбендеуі, қарсыласының «қыңыр» сұрағына әдептен озбай әдемі қалжыңмен ой тастауы көрерменін өзіне тәнті ете түсті. Ал, Жұмабек ақынның домбыра шертуі, мақамы, дауысы жақсы болғанымен, бұл жолы сөзден тосылды. Өкініштісі, жас ақындардың арасында сөзге тоқтау, ден қоя білу мәселесі кемшін. Бұл сын тек қана осы жұпқа ғана қатысты емес. «Әр нәрсенің өз дәмі бар» демекші, тапқырлықпен берген жауапты қайта-қайта қаузаудың да өзі артық. Бұл айтыста Жұмабек те осыны ескермеген. Алматылық ақын қыз қарсыласының «тоқалым бол» деп ұсыныс білдірген сөзіне, табан астында:
«Жұмабек еркелеткен ару қызын,
Жұмабекке тоқалдыққа бере алмайды», –
деп жауап қайтара білуін тапқырлыққа баладық. Бұдан асырып не айтуға болады. Қазақ халқының ежелден қыз баласын алақанына салып аялағанын, көзінің қарашығына балағанын осы екі-ақ тармақ өлеңнен-ақ аңғаруға болады емес пе. Жалпы, бұл жұпта сөз таластырған екі ақын халыққа қыз бен жігіттің әдемі әзіліне құралған көрініс көрсете білді.
Үшінші жұпта Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің шәкірті Думан Самат пен Нұр-Сұлтан қаласынан топқа түскен Ардакерей Кәпұлы айтысты. Көкен Шәкеевтің 95 жылдығына арналған жыр додасында атақты абыз атындағы мектептің атынан, оның әр жағында Көкше дейтін қалың елдің намысын қорғап шыққан Думанға халықтың ықыласы һәм үміті зор еді. Думан да бұл үдеден шыға білді. Айтысқа алғашқы рет түскенімен, кәнігі кәсіпқой айтыскер ақындарша сахнада өзін еркін ұстауы, шымыр шумақтары, тереңінен ой қозғайтын толғамдары көпшілікті тәнті етті. Ардакерей Кәпұлы жөнінде сөз бөлек. «Тегі жақсы тегін болмас» деген бар. Атақты айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлының інісі Ардакерей де өнерден құралақан емес. Бұған дейін сан додада сөз бұйдасына түскен ақынның тегеурінді теңеулері жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты. Әсіресе, қоғамдық мәселелерге де назар аударып, көп балалы аналардың жағдайы туралы айтқан ой-толғамдарын халық жылы қабылдады. Тәжірибелі ақынмен айтыста өзінің шеберлігін паш ете білген жас дарын Думан әлі де талай биікті бағындырады деп сенеміз.
Төртінші жұпта қостанайлық Тоба Өтепбай мен Көкше өңіріне есімі жыға таныс Нұрислам Әбділ бақ сынасты. Нұрислам өз сөзінде қоғамды жайлаған жемқорлық мәселесін тілге тиек етсе, ақын Тоба оның сөзін іліп әкетіп, бұл тақырыпты тереңінен қозғай білді. Қостанайлық ақын асықпай-аптықпай, өз ойын әдемі мәнермен жеткізе біледі екен. Халық та оны ден қоя тыңдап, қошамет көрсетіп отырды. Нұрислам мен Тобаның айтысы аға мен інінің арасындағы сыйластыққа құралған көрініс десек артық болмас.
Соңғы жұпта сөз таластырған ерейментаулық Ерлан Дәулет пен қызылжарлық Жарқын Жұпархан. Бұл екі ақын да сөз өнерін жақсы меңгерген, өз ісінің кәсіби шеберлері десек жаңылмаспыз. Себебі, Ерлан мен Жарқын талай рет республикалық додаларда жүлделі орындардан көрініп жүрген тарланбоздар. Өлең сөзде бір-біріне дес бермеген олар халықтың дем берген қошеметіне арқалана түсті. Әсіресе, Ерланның тапқырлығы мен орынды әзілі, ұтымды ұйқастары жырсүйер қауымды тәнті етті. Алқалы топтың алдында өнер көрсету оңай емес. Жүздеген көрерменге не айтамын, қайдай мәселе қозғаймын деген көкейдегі келісті оймен шықпасаң, сөзден тосылып, табан астында сөз тауып айта алмау ақынға сын. Көпшіліктің көкейінде жүрген көкейтесті мәселелерді де тілге тиек ете білген ақындар бұл жолы тақырыпты да аша біліп, өз қарым-қабілеттерін жақсы көрсете алды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Халық ақыны Көкен Шәкеевтің шәкірті, айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек бастаған қазылар алқасының құрамында Арқаның ақын-сазгер Иран салы, белгілі айтыскер ақын, Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин, Ақмола облыстық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев, ақын Қуаныш Оспан жас ақындардың өнерін бағалады. Қазылар алқасының шешімімен ақтық сынға Нартай Тілеуқұл, Аяулым Жұмабек, Ерлан Дәулет, Думан Самат жолдама алды. Шаппа-шап айтыста суырыпсалма өнерін паш еткен ақындар халықтың қошаметіне бөленді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын», демекші, айтыс қорытындысы бойынша Бас жүлде Ерлан Дәулетұлына бұйырып, ол Көкшетау қаласы әкімінің арнайы дипломымен және бағалы сыйлығымен марапатталды. Жүлделі бірінші орынды ақтөбелік Нартай Тілеуқұл иеленсе, екінші орынмен алматылық Аяулым Жұмабек марапатталды. Үшінші орыннан көкшетаулық жас ақын Думан Самат көрінді. Айтысқа қатысқан барлық қатысушылар ұйымдастыру алқасының атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Көптен күткен бұл дода да артта қалды. Жас ұрпақтың бойында елжандылық пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырып, Отанға деген сүйіспеншілік сезім мен Қазақстанның тарихы және мәдениетіне деген қызығушылықты арттырып отырған білікті басшы, білімді ұйымдастырушы Айгүл Сәбитова бастаған Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бұл ұмтылысын ерекше атап өткен ләзім. Сонымен қатар, алдыңғы буын ағаларымен ақылдаса отырып, басшылықтың қолдауымен облыста республикалық айтыс ұйымдастырамын деп талаптанып, осы игі шараның басы-қасында жүрген Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің жетекшісі Мұхаммед Қоңқаевтың еңбегін де атап өтсек деп едік. Ең бастысы, Көкшедегі Көкеннің ізбасарлары әлі талай өнер биігін бағындырары хақ. Ылайым солай болғай!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.