Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Назгүл мұғалімнің мерейі - АРҚА АЖАРЫ

Назгүл мұғалімнің мерейі

Анығын айтсақ, бұл марапат жалғыз Назгүл Жәкенованың мерейі ғана емес, біртұтас Ақмола өңірінің абыройы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында заманауи Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін «100 жаңа есім» жобасы ұсынылған.

Бұл жоба жайында Елбасы «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деп атап өткен болатын. «100 жаңа есім» жобасы өзінің батыры мен ақынын көрсеткісі келетін қалың жұртшылық тарапынан кең қолдау тапты. Бұл жобада елімізге танымал адамдармен қатар, игі іс тындырған өзге де жайсаң тұлғалар бақ сынасты.
Өткен жылы ұйымдастырылған республикалық жобада Ақмола өңірінің намысын абыройлы қорғап, көп ішінен топ жарған жеңімпаздардың арасында – Целиноград ауданы Қосшы ауылында тұратын өз ісінің білгірі, ұлағатты ұстаз Назгүл Жәкенова бар. Ол – 2004 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетін үздік бітірген. Алғашқы жылдары өзі білім алған ордалы оқу орнындағы кафедрада жұмыс істеп, диссертация қорғады. Ол – экономика және қаржы саласы бойынша көптеген оқу-әдістемелік құралдарының авторы.
2011-2012 жылдар аралығында «Мектепке дейінгі балалар психологиясы мен педагогикасы» курсынан өтіп, 2012 жылдан бастап «Әмина-2011» балабақшасына жұмысқа орналасты. «Балаларды сүйетін адамдар ғана педагог болу тиіс» деп есептейді өзі. Себебі, балабақша – бұл балаға деген сенім серті, олардың болашағына деген зор жауапкершілік. Осылайша, әрбір баланың көңілін көзінен ұға білетін, аяулы ұстаз өзінің педагогикалық еңбек өтілін мектепке дейінгі мекемемен сабақтастыруды жөн санады. Соңғы сегіз жылда Назгүл Жәкенова Целиноград ауданының балабақшасында педагог болып жұмыс істеді. Осында еңбек ете жүріп, сырттай логопед мамандығы бойынша білімін жетілдірді. 2018 жылы Орал мемлекеттік университетін «Логопедология» мамандығы бойынша тәмамдап, бос уақытында оның көмегіне мұқтаж балаларға көмек көрсете бастады. Жасырары жоқ, соңғы кезде сөйлеу тілінде кемістігі бар балалардың саны артып барады. Тіл кемістігінің пайда болуының себептерін, оны болдырмаудың жолдарын, сонымен қатар, түзетіп-жоюдың тәсілдерін меңгерген логопед мамандар ауадай қажет. Әсіресе, Назгүл сияқты өз ісінің білгірлері тапшы.
Аяулы ұстаз ауданның және облыстың қайырымдылық іс-шараларына да белсенді қатысады. Аудандағы «Отбасы және балалар мәселелері бойынша аналарға кеңес беру» ұйымын қолға алған, аналарға психологиялық қолдау көрсете отырып, балабақшалардың мүдделерін қорғай біледі. Сонымен қатар, Назгүл Жәкенова қазақстандық мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының мүшесі болып табылады, жетім балаларды қолдау бойынша үлкен қайырымдылық жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта Қосшы ауылындағы «Ер-Наз» балабақшасында директордың орынбасары болып жұмыс істейді. Ол – ұйымның имиджін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді. Өзінің кәсіби деңгейін үнемі жоғарылата отырып, озық тәжірибелерді зерделейді және қолданады, аудандық әдістемелік бірлестіктер мен семинарлардың жұмысына белсене қатысады. Назгүл – сауатты педагог, жауапты басшы. Өзінің бар күш-жігерін бөбекжай-бақшаның көркеюіне арнайды. Педагогикалық еңбек жолында елеулі еңбек сіңіргені үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, Ақмола облысы білім беру басқармасының, аудан әкімінің, білім бөлімінің грамоталарымен марапатталды.
Назгүл Жәкенова әлі талай білім биігін бағындырары сөзсіз. Ең бастысы, білікті, ұлағатты ұстаздың тәлімін алған шәкірттері өзі сияқты өңір намысын аспандатар абыройлы ұл-қыз болып тәрбиеленіп шығатынына сеніміміз зор. Ылайым солай болғай!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар